«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІРІЛЕНДІРУ — ІЛГЕРІЛЕУ КЕПІЛІ

Қаздың еті – жеңіл әрі дәмді тағам, майы – емге дәру, мамығы – жастық. Оның еті нарыққа шығарылғанда да басқа үй құстарымен салыстырғанда, қымбатқа сатылады. Алайда, қаз өсіріп, табыс табуға ниеттенетіндердің қатары қалың болғанымен, бұл іс екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұған біз облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өңірімізде қазды өндірістік бағытта өсіруді қолға алған “Красный Яр” ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне ұйымдастырған баспасөз туры барысында көз жеткіздік.

Шаруашылық барысымен таныстырған кооперативтің директоры Юлия Шалаеваның айтуынша, Қызылжар ауданының бір бүйірінде орналасқан ауылдың топырағы құнарлы, суы мол. Айналасындағы ірілі-ұсақты көлдермен, Есіл өзені – балық аулап, құс өсіруге таптырмас қолайлы мекен. Сөйтіп, кәсіпкерлікті дамытуға осындай мүмкіндіктері бар ауылда облыс орталығының тұрғыны Юлия Шалаева былтыр кооператив құруға бел буған екен.

– Менің отбасым соңғы үш жылдан бері құс өсірумен айналысып келеді. Жаңадан құрылып жатқан кооперативте, негізінен, ет бағытындағы жеті мың “Линда” қазы өсірілуде. Биыл “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 млн. теңгенің несиесіне қолымыз жетіп, Башқұрстаннан 4500 қаз балапанын әкелдік. Қазір олардың салмағы 6-7 килограмм шамасында. Желтоқсан айына қарай 8-9 килограмм болғанда етке өткізіледі. Ауылдың үш-төрт тұрғыны жұмыспен қамтылып отыр. Бұйыртса, қаңтар айында инкубатор цехын, құс сою пункттерін ашу жоспарымызда бар, – дейді Юлия Александровна.

Кәсіпкердің айтуынша, алдағы уақытта ауыл мен қала тұрғындарын экологиялық таза құс етімен қамтамасыз ету, үй жағдайында құс өсіруге қызығушылық танытқан азаматтарға қаз балапандарын сатуды ұйымдастыру арқылы жұмыспен қамту көзделуде. Жылдың соңына дейін балапан шығаратын жұмыртқаларды сырттан сатып алмай, кооператив арқылы дайындау мақсатында құстардың аналығын бөлек бағу қарастырылып, қысқа дайындық жасалуда.

Талапқа сәйкес кооператив болып құрылу үшін оның құрамында кем дегенде 20 құрылтайшы болуы керек. Қазір бұл кооператив құрамында мүшелікке кіргендердің саны аз.

– Алдағы уақытта кооперативке келіп қосылатындар болады деп ойлаймын. Себебі, кооператив болып құрылу – бірігудің ең тиімді тәсілі. Сол арқылы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін өсіріп қана қоймай, оның сапасын да көтеруге болады. Ауыл тұрғындары үшін құс өсірудің ауыртпалығы жоқ. Біз оларға үш мезгіл жемін үзбей беріп отырамыз. Одан өзге тағы да басқа қоспа шөптері бар. Олардың күтімі арнайы қадағалауымызда, – дейді кәсіпкер.

Баспасөз турына қатысқан Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Ілияс Досқожаевтың сөзіне қарағанда, жылдың соңына дейін облысымызда 20 ауыл шаруашылығы кооперативін, 5 сою, 13 сүт қабылдау қосынын, 1597 басқа арналған бордақылау алаңын құру жоспарланған.

– Тұрғындар кооператив құрудың қыр-сырын, тиімділігін енді түсініп келеді. Осы мақсатта біз жер-жерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Кооперативтерге мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы өнімінің түсіміне, өнімділігіне қарай белгілі бір көлемде демеуқаржы қарастырылған. Яғни, мемлекет шығыстың бір бөлігін өзі өтеп, шаруашылықтың әрі қарай дамуына жағдай жасайды. Мұндай қолдаудан кейін шаруа ынталанып жұмыс істейтіні сөзсіз, – дейді Ілияс Алмасханұлы.

Айта кету керек, облыс әкімі Құмар Ақсақалов кооперативтер құру арқылы өңірімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін толығымен өңдеудің барлық мүмкіндіктерін қарастыруымыз керектігін айтқан болатын. Өңір басшысы өз сөзінде біздің облыста бірінші кезектегі міндет – азық-түлікпен өзімізді-өзіміз қамтамасыз етіп, импортты азайту қажет екенін қадап айтқан. Осы мақсатта бүгінгі күні өз өнімдерін өндіруге құлшыныс білдіріп отырған 129 ауыл шаруашылығы кооперативінің 33-і сүтті бағытта біріккен. Бүгінде олар инфрақұрылымдарын дамытып, 471 миллион теңгеге қара мал сатып алу арқылы бәсекелестік ортаны қалыптастыруда.

“Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамының облыстық филиалы мамандарының мәліметінше, үстіміздегі жылы тамырына қан жүгірген 21 кооператив акционерлік қоғам арқылы қаржыландырылған. Оның 19-ы – сүтті, 1-еуі – етті, ал 1-еуі құс өсіру бағытында жұмысын жүргізуде. Жыл басынан бері 12 кооператив 58,6 миллион теңгеге қаржыландырылып, өндіріске қажетті 12 танкермен және 5 сүт тасушы автокөлікпен жабдықталды. Қазіргі уақытта үш өтініш қаралу үстінде. Бұдан бөлек, 187 солтүстікқазақстандық “Ырыс” және “Береке” бағыты бойынша 471,2 млн. теңгенің несиесіне қол жеткізген.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp