«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Іс бастағандарға үлкен қолдау

Бүгінгі таңда облысымызда шағын және орта кәсіпкерлік өкілдеріне мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бұл, әсіресе, коронавирус індетінің өңір экономикасына кері әсерін тигізіп, бірқатар кәсіпорындардың жұмысы тұралап қалған қазіргі кезеңде аса маңызды. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ы облыстық филиалының мамандары ұйымдастырған баспасөз туры барысында қолдау шаралары қандай нәтиже бергенін көрді.

Қордың облыстық филиалының директоры Мереке Сыздықовтың айтуынша, жергілікті кәсіпкерлерге жаңа шарттармен қаржылық қолдаудың тың тетіктері ұсынылуда. Кредиттік қолдау мөлшері ұлғайып, 6 пайызбен несие ресімдеуге мүмкіндік берілген.

– Соңғы он жылдың ішінде “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында облысымызда 97 млрд. теңгенің 800-ден астам жобасы жүзеге асырылған болатын. Көптеген жергілікті кәсіпкерлер аталмыш бағдарламаның игілігін көрді. Солтүстікқазақстандықтар арасында ерекше сұранысқа ие бұл бағдарлама тағы бес жылға созылды. Республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлінді. Жыл басынан бері бағдарлама аясында біздің қор 87 жобаға субсидия және 115 жобаға кепілдік берді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті жақсарта түсуді жоспарлап отырмыз, – деді Мереке Сыздықов.

Үстіміздегі жылы арзан кредиттерге қол жеткізген компаниялардың қатарында “Strong Service”, “ЮДИ-дент”, “Агро Профи” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және “Живая вода” жеке кәсіпкерлігі бар. Мемлекеттік қолдаудың арқасында бұл кәсіпорындар өндірісін кеңейтіп, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік алды. Журналистер кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аясында бизнес-жоспарын жүзеге асырып, өз ісін табысты жүргізіп отырған аталмыш серіктестіктердің жұмысымен танысты.

Алдымен, тілшілер Петропавл қаласындағы “Strong Service” ЖШС-інде болды. 2008 жылы құрылған кәсіпорын металл бұйымдарын шығарумен айналысады. Серіктестіктің цехтарында спорттық тренажерлар, балаларға арналған ойын және шағын футбол алаңдары, темір қоршаулар және тағы басқа өнімдер жасалады. Директордың орынбасары Елена Бондаренконың айтуынша, мемлекеттік қолдаудың арқасында шығарылатын өнімдердің саны мен сапасын арттыруға мүмкіндік туған.

– Жыл өткен сайын біз шығарылатын өнім түрін кеңейту мәселесіне басымдық береміз. Бұған тек мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жеткізуге болады. Былтыр мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Шымкент қаласында құрылыс жұмыстарын жүргіздік. Нарықтың кеңеюіне және жұмысшыларымыздың біліктілігін арттыру қажеттілігіне байланысты “Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасына жүгінуімізге тура келді. Сөйтіп, екінші деңгейлі банктердің бірінен 32 млн. теңгенің несиесін рәсімдедік. Бұл қаражатқа арнайы көлік пен станоктар сатып алынды. Бір атап өтерлігі, үстемеақыны ішінара субсидиялау түріндегі қолдауға ие болдық. Қазір несиеміздің жылдық пайызының тең жартысын “Даму” қоры субсидиялайды. Бұл біз үшін өте тиімді, – дейді Елена Бондаренко.

Мүгедектерге арналған арбалар мен санитарлық креслолар да шығаратын аталмыш кәсіпорында 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың орташа айлық жалақысы 100 мың теңгені құрайды. Кәсібін өрге дөңгелеткен серіктестік биыл облыс бойынша 300 млн. теңгенің келісімшартын жасаған.

Ал “ЮДИ-дент” стоматологиялық компаниясы “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасының көмегіне жүгінген. Қала тұрғындарына жақсы танымал серіктестік 29,3 млн. теңгені материалдық-техникалық базасын жаңартуға жұмсаған.

– Петропавл қаласында стоматологиялық кабинеттер мен мұндай қызмет көрсететін компаниялар жетерлік. Яғни, бәсекелестік орта қалыптасқан. Өз қызметіміздің сапасын арттырып, тұтынушыларға көрсетілетін қызмет түрлерінің аясын кеңейту мақсатында үстіміздегі жылдың маусым айында қордың көмегіне жүгіндік. Сөйтіп, жеңілдетілген несие алдық. Бұл қаражатқа цифрлық зертхана орнатылды. Көрсетілетін қызмет сапасы артқанымен, тұтынушыларымыз үшін қызметтің бағасы өспейді, – дейді серіктестік жетекшісі Юлия Редькина.

Мемлекеттік қолдау қызмет көрсету түрлерін ұсынатын кәсіпкерлерге де жасалады. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ат басын бұрған келесі нысан – Алтынай Сатинаның жеке кәсіпкерлігі. Нәзік жан “Кәсіпкерлік негіздері” жобасы бойынша қысқамерзімді оқудан өткен соң “Живая вода” жеке кәсіпкерлігін құрып, жыл басында қоғамдық монша ашқан.

– Мен бірнеше жылдан бері қоғамдық монша ашуды армандаған болатын. Бизнес жоспарым да дайын. Алайда, қаржы тапшылығы кәсібімді бастауға мүмкіндік бермеді. Сондықтан ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету мүмкіндігі туралы білген соң, “Даму” қорының мамандарынан кеңес алдым. Жобамды жетілдіргеннен кейін Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” бағдарламасы аясында 15,6 млн. теңгенің несиесіне қол жеткіздім. Бес жылға алынған қаржыға ескі нысанға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды, – дейді жас кәсіпкер.

Темір жол вокзалының жанында ашылған заманауи монша бір мезетте 50 адамды қабылдай алады. Премиум кластағы кешен жуыну, бу бөлмелері, купель, сондай-ақ, массаж және демалуға арналған қосымша бөлмелерден тұрады. Кәсіпкер әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындар мен зейнеткерлерге жеңілдіктер жасалатынын айтты.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp