Облыс орталығында іскер әйелдердің кездесуі өтті. Жиында қыз-келіншектердің қоғамдағы белсенділігі туралы сөз қозғалды.
«Қазақстанның әйелдер күштері альянсы» облыстық филиалының ұжымы ауқымды жұмыс атқаруда. Өткен жылы өңірде «Әйелдердің саяси көшбасшылығы» атты мектеп құрылған. Игі бастама аясында бір жылдың ішінде 60-қа жуық нәзік жан білім алды. Аталған ұйым қыз-келіншектердің жұмысқа орналасуына да септігін тигізіп отыр.
– Қыз-келіншектерге арналған мектепте оқығысы келетіндердің дені – кәсіпкер әйелдер. Біз түрлі саладағы нәзік жандардың басын бір арнаға тоғыстыруды мақсат етіп отырмыз. Білікті мамандар қыз-келіншектерге өзін-өзі ұстауынан бастап, сөйлеу әдебіне дейін үйретеді, – дейді филиал төрайымы Зәуре Қартова.
Еліміздің саяси, экономикалық және қоғамдық өміріне белсене араласып жүргендердің қатарында қыз-келіншектер аз емес. Әйелдер маңызды салаларда еңбек етуде, түрлі кәсіптің тұтқасын ұстағандар көп.
Жиында Сенат депутаты Әсем Рахметова елімізде көшбасшы қыз-келіншектерді шыңдауға арналған «Tomiris» атты жобаның іске қосылғанын айтты. Оның сөзінше, бағдарлама аясында оқыту курсынан өткен жандардың өмірі түбегейлі өзгереді. «Tomiris» бағдарламасын Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «AMANAT» партиясы жанындағы Саяси менеджмент академиясы жүзеге асыруда.
Рабиға ЕРАЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».