“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ның облыстық филиалының өкілдері өңіріміздің бір топ кәсіпкер әйелдерімен кездесті. Бақытжан Сәмиева басқаратын Іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері кәсіпкерлікті қолдау орталығының мамандары ұсынған ақпаратпен танысты.
Елімізде шағын және орта кәсіпкерліктің жақсы дамып келе жатқандығы, оларды қолға алғандардың басым бөлігі нәзік жандар, ел экономикасы мен әлеуметін көтеруге әйелдердің қосып отырған үлесі мол екендігі белгілі. Біздің өңірде де іскер әйелдер қатары жылдан-жылға көбейіп келеді.
Биыл кәсіпкерлікті дамытуға республикамыздың ұлттық қорынан 100 миллиард теңге қаржы бағытталып отыр. “Даму” қорының менеджерлері жиналған қауымға осы қаржыдан өздеріне тиесілі үлесті алып қалуға шақырды. Ол үшін, яғни, мемлекеттік бағдарлама бойынша екінші деңгейдегі банктер арқылы төменгі пайызбен несие алуға, бизнестің инфрақұрылымын жасауға қолдау табуға, бастамалық жобаға қайтарымсыз қаржы және несие алуға қажетті кепілдікті қалай алуға болатындығы мен тағы басқа мәселелер бойынша кәсіпкерлікті қолдау қорының мамандары кеңейтілген ақпарат берді. Әрине, ондағы жиналған қауымның көбі бизнестің тұтқасын ұстағандар болса да, олар мемлекеттік көмектердің кейбір тұстарын тағы бір пысықтап, оларды өз іскерліктерін жеңілдетуге пайдалануға болатындығына көз жеткізді. Сондықтан “Білгенім – бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз” дегендей, бұл күнгі басқосу іскер әйелдер үшін тиімді болғаны сөзсіз.
“Қызылжар-Ақпарат”.