«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ҒАЙНИ – ҒАШЫҚТАР ЖЫРЫ»

Серілердің “серісі” атанған әнші, ақын, сазгер Мұхамед-Қанапия (Сегіз сері) Шақшақов – ұлттық музыка өнерінің ән жанрына ерекше леп әкелген тұлға. Оның әндері арада қаншама жыл өтсе де өз бояуын жоғалтпай, талғампаз тыңдарманның сүйіп тыңдайтын туындысына айналып отыр. Сазгер шығармаларының тақырыптық, мазмұндық ауқымы кең. Әсіресе, ғашықтықтан туындаған “Ғайни” әнінің орны бөлек.

Сегіз сері бойы ұзын, ірі денелі, жасынан зерек болып өседі. Он бес-он алтыдағы бозбала өз за­ман­дас­­та­рының алды болып, қы­лышта­сып, садақ атысып жаттыға­ды екен. Батыс Сібір генерал-гу­­бер­­наторының орынбасары Гор­ча­­ков Сегіз серінің осы әрекетін үнемі көріп жүреді екен. Күндердіңкүнінде Ертіс орманының ішінде жиырма шақты орысты біреулер өл­тіріп кетеді. “Сөз жоқ, қазақтар өлтірді”, – деп ойлайды Горчаков. “Қай қазақ? Әрине, Сегіз сері. Одан басқа соғысуды үйреніп жүр­ген кім бар? Соны ұстау керек”, – деп ой түйеді.
Бұл жаладан аман қалу мақса­тын­да Сегіз атына мініп, бес қа­руын асынып, Қызылжарға қаша­ды. Горчаковтың “Сегізді ұстаң­дар” деген бұйрығы бұл төңірекке де жетеді. Жағдайдың қатты шие­леніскенін сезген сері қасына сенім­­ді досын ертіп алып, көрші гу­бернияға, түп нағашысы Байбақ­ты­ларға тартып отырады. Сегіз бұл жерде де көп аялдамай, ақы­ры бір жарым ай жүріп, Еділдің Кеп­тер деген саласында отырған ауыл­ға жетеді. Осы сәтте оқшау тігілген он сегіз қанат ақ боз үй бірден көзіне тү­седі. Досы Ниязбен ат басын осы жерге бұруды жөн санайды. Бұл Ғайнидің әкесі, әйгілі батыр Қалдыбай Қосаяқұлының ауылы болып шығады.
Тарихқа үңілсек, Қалдыбай Иса­тай батырдың серігі болған. “Ка­захско-русские отношения в ХVІІІ-ХІХ веках” деген “Ғылым” баспасы шығарған тарихи материалдар жи­нағында оның аты бірде Махам­бет­пен бір қатарда, екіншісін­­­­де әс­кери ра­портта аталады. Сон­дай-ақ, тарих ғылымдарының докто­ры, про­фессор Зұлқарнайын Алдамжар­дың “Тарих: таным мен тағылым” атты кітабында Қалдыбай ба­тыр ту­ралы және Сегіз серінің өмірі ха­қында жан-жақты талдау жаса­лады.
“Алдымнан бір қыз шықты құл­пырып-ай, сұрап ем, Ғайни екен қыз­дың аты” дейді Сегіз сері. Қо­нақтарды сұңғақ бойлы сұлу Ғайни әке-шешесінің жоғын білдірмей, қазақтың бар салт-дәстүрімен қар­сы алады. Осы кездесуден соң Ғай­ни мен Сегіз бір-біріне ғашық болады. Екеуінің қосылмақ ниетін қыздың ата-анасы Қалдыбай мен Ажар да құп көреді. Осы арада ғашықтықтың жалынынан “Ғайни” атты ғажап ән дүниеге келеді. Се­гіз­дің он жеті жасында шығарған бұл әні екі ғасырға жуық шырқалып келеді. Өлеңі азды-көпті өзгеріске түссе-дағы, әуені еш өзгермеген секілді. Кеше ғана туған тың дү­ниедей. Не артық, не кем бір дыбысы жоқ, тек үйлесімнен тұратын іңкәр сезімнің төгілісі жанды тер­бемей қоймайды.
“Ғайни” – бір әннің ғана ғұмыры емес, ұлттың өзегінен, қазақтың мі­незінен, халықтың сезімінен жаралған туынды. Шөкімдей үніне дейін қа­­зақы. Сондықтан өміршең. Қан­ша­­ма атамыз бен әжеміз, ағамыз бен жеңгеміз, батырымыз бен бағ­ла­­­нымыз айтып жеткізген ғұ­мырлы ән.
Қалдыбай мен Ажарды өз әке-шешесінен кем көрмеген Сегіз сері “Көтібар асы” деген өлеңінде:
“Асаудан шығып тоқтадым,
Қалдыбай ата дегдарға,
Қуана бізді қарсы алды,
Ысықтан шыққан Сардар да.
Ажар ене сабырлы,
Бәйбіше еді қадірлі,
Бетімнен сүйді құшақтап”, – деді де: “Дертім жазылды”, деп, олар жайлы жылы лебізін білдірген. Ал “Бұғыбайға айтқаны” деген өлеңін­де: “Ғайни тірі қалғанда, Болар едің қайнаға”, – деп Қалдыбайды жақын тартқан екен. Бұған қара­ған­да, Сегіз бен Ғайни екеуінің ерлі-зайыпты болуына еш кедергі болмаған. Қалдыбай серінің қасы­на екі жүз жігітті бөліп беріп, бар жағдайын жасаған. Ақбұлақ­тың басына үй салдырып, мал-жанына қарайтын адам сайлаған. Бәрі жақ­сы болғанымен, Еділдің етек-жеңін түгел жаулап алғысы келген орыстар қос ғашықтың ауылына тыным бермейді. Атақонысынан кеткісі кел­меген Қалдыбайдың ауылына шапқанда, Ғайни осы шекпенді­лердің қолынан қаза табады. Ғай­ни­жамал сөйтіп атақонысын қор­ғап, дүниеден өтеді. Бір ұрыста оны өлтірген офицерді Сегіз сері най­заға түйреп ажал құштырады. Қалды­бай сонда көзіне жас алып, Сегіз­ге разы болған деседі.
Ғайни қыз бен “Ғайни” әнінің тарихы, міне, осындай.

Ғайни қыз, дидарыңа

болдым ғашық,

Ойнақтап жүрегімді

толқын басып.

Сағынып барғанымда

тіл қатпадың,

Күйігі құмарымның кетті асып.

 

Қайырмасы:

 

Ғайни-ау, сәулем,

Жүргенім менің бүйтіп

сенің әурең.

 

Есімнен еш кетпейді Ғайни атың,

Өртеген жүрегімді перизатым.

Бұлақтай көгал қуған таудан құлап,

Бересің кімге арнап бал ләззәтін.

 

Қайырмасы.

 

 

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
күйші.   

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp