«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒАСЫР ЖАСАҒАН АНА

Адам баласының ұзақ өміріндегі бел-белестердің бәрі де елеулі саналса керек. Алайда, 101 жастың орны мүлдем ерекше екені сөзсіз. Бір ғасырлық ғұмыр кешіп, әулеттің бәйтерегі, иесі мен киесі болу екінің бірінің маңдайына бұйырмаған жас емес пе?! Ал бұл белесті бағындырғандардан көп жасаудың сырын сұрасаңыз “Жүз жас деген не тәйiрi, төрт рет келген жиырма бес қой”, – деген әдемi әзiлмен жауап қайтарады.

Ғасыр құрдасы атанған қызылжарлық Нәзипа Оспанова ертең 101 жасқа толады. Өткен ғасырдың он алтыншы жылы дүниеге келген ардақты әженің бүгінде сегіз баласынан тараған 16 немере-жиен, 30 шөбересінің ортасында жайлы ғұмыр кешіп отырған жайы бар.

– Еңбекке ерте араластым. Тылда жұмыс істедім. Ашаршылықты, қуғын-сүргінді, соғысты да бастан өткердік. Сол заманның қиындығын бүгінгі жастардың басына бермесін. Қазақстанның Тәуелсіз ел болуын, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт уақытты көру маңдайыма жазылған екен. Аллаға шүкір деймін. Басымызға қонған осы бақты бүгінгі ұрпақ бағаласа екен, – деген тілегін жеткізген ана жастық шағынан біраз сыр шертті.

Балалық шағында ашаршылықтың сұмдығын көрген Нәзипа Хамзақызы 9 бауырынан тек інісі Қаратай екеуі ғана аман қалғанын айтады. Әйтсе де, амандығын күні-түні тілеген жалғыз інісін соғыс жалмайды. Осылайша, тағдырдың тауқыметін жастайынан көріп өскен бойжеткен өзінен 28 жас үлкен Құсайын Оспанұлының етегінен ұстайды. Жұбайының бірінші әйелінен туған үш баласын бауырына басып, өзінен тараған бесеуді аналық мейіріміне бөлеп өсірген.

– Ес білгелі анамның жұмыссыз үйде отырғанын көрмеппін. Әкем екеуі үлкен ағаларымызды үйлендіріп, бөлек отау қылып шығарды. Ал 1970 жылы әкем қайтыс болғанда ең кіші сіңлім Жұлдыз төрт жаста ғана еді. Бәрімізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қатарымыздан қалдырмай өсірді. Әлі есімде, анам бір жылдары кеңшарда нан пісірді. Сонда бәлен бөлке нанды қолмен илейтін. Біз соларды таситынбыз. Күзетші де болды. Осының барлығы балалары үшін еді, – дейді ортаншы қызы Мәрзия.

Күні бойы ауыр жұмыс істеп, кешке үйге діңкесі құрып қайтса да, көзқуанышы, қолқанаты болған балаларына жөні түзу тәрбие беруге де уақыт тапқан. Бүгінгі жас аналар үшін үлгі боларлықтай. 95 жасқа дейін қолынан ине-жібін тастамаған Нәзипа әженің тіккен құрақ көрпелері бүгін әр баласының төрінде жайылып жатыр.

– Қазіргі жастар бақытты. Үйде тұрған ұннан нан пісіруге ерініп, дүкеннен дайынын сатып әкеледі. Біз бір қап масақ теріп, одан бір шелектей дән аламыз да, оны үккіштен өткізетінбіз. Соның барлығы әлі күнге дейін көз алдымда. Сол себепті, еліміз тыныш, халқымыз аман болып, ұрпағымыз еш бейнет көрмесе екен, – деген Нәзипа әже көрген-түйгенін айтып жатқанда, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де оқитын жиені келесі бөлмеде еш алаңсыз сабағын оқып отырды. Бейнет көрмей бойжетіп, алаңсыз білім алып жүрген ұрпағының бүгінгі өміріне көңілі толып отырған ғасыр жасаған ана алды жетпіске келген балаларының да ұзақ өмір сүргенін қалайды. Ананың тілегі қабыл болады, дейді ғой. Лайым солай болғай!

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp