Халқымызда “Кәрінің бәрі игі” деген нақыл сөз бар. Ақ жаулығы желбіреген, жүрегі елжіреген Көкіл Жақыпованың көргені көп, көкейге түйгені де мол. Оның әжім торлаған жүзі өткен өмірі жайлы сыр шертетіндей.
Ғасыр жасаған кейуана Уәлиханов ауданындағы Қайрат ауылында тұрады. Омбы облысының Шарбақкөл ауданында дүниеге келген Көкіл Сүлейменқызының жастық шағы қиын кезеңдермен тұспа-тұс келді. Төрт сыныптық білім алуға ғана мүмкіндігі болған ол жастайынан тағдырдың тауқыметін көп тартты. “Халық жауының” қызы ретінде оның көрген азабын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әкесі Сүлеймен қуғын-сүргінге ұшырап, Омбыда қайтыс болды. Туған інісі Ғылман егемендіктің елең-алаң шағында көз жұмған. Тоқсан жастағы бауыры Көкеш бүгінде Омбы қаласында тұрады.
Жүректерге жазылмас жара салған отты жылдарда кеңшарда сауыншы болды, қой бақты. Соғыстан кейін ел есін жинап, етек-жеңін жапқан тұста ол Абұллайс Жақыповпен көңіл қосады. Ерінің етегінен ұстап, тың көтеру дүрмегімен Жасқайрат ауылына (Уәлиханов ауданы) қоныс аударған кезеңді ол ешқашан есінен шығарған емес. Белағаш бригадасында аспаз болып жұмыс істеп, жұбайы екеуі ұл-қызын ержеткізді.
Мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге жайған әзиз ана бүгінде ұлы Қайыртай мен келіні Забираның қолында тұрады. Бір әулеттің қариясы мен дариясы болған әжейді балалары алақандарына салып, ардақтап отыр. Отбасының ырысы мен ынтымағын келтіріп, ұйытқысына айналған Көкіл Жақыпованың бойын кәрілік билесе де, әлі тың, өзі жүріп-тұрады.
– Кәмпескені, аштықты, қуғын-сүргінді, соғысты, тың игеру науқанын көрдік. Құдайға шүкір, қартайғанда тәуелсіз елде өмір сүру бақыты бұйырды. Жастайымнан еңбекке араластым. Ол кезде қазіргі жастардай жұмысты таңдау еркі берілмеді. Сиыр сауудан қолымыз босаса, шөп үйетін едік. Әйтеуір, қол қусырып отырмадық. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін еңбек еткен заман болды ғой. Алланың маңдайыма жазғаны шығар, бүгінгі күніме шүкір деймін. Бастысы, маған елімнің тыныштығы, ұрпағымның амандығы маңызды, – деді кейуана. Саналы ғұмырын адал еңбекпен өрген әзиз ана немере-шөберелеріне де еңбек адамның екінші анасы екенін айтудан жалыққан емес.
Тектіліктің тұғыры бойынан табылған, жаны асыл анаға қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Қарттар айлығы аясында еліміздің ертеңі үшін аянбай тер төккен кейуананы аудандық ардагерлер ұйымы арнайы барып құттықтамақ.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.