«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒАСЫР ЖАСАҒАН ӘЖЕ

“Егіс науқаны қызған шақ. Бейқан дейтін қатал бригадир болатын. Түннің бір уағында әлгі бригадир трактордың суы бітіп қалды деп оятып алып кетті. Қырдағы тракторларды сумен қамтамасыз ету маған жүктелген. Күні-түні өгізбен су тасимын. Баламды бесікке бөледім де, кете бардым. Төңірек құлаққа ұрған танадай жым-жырт. Айналаны қою қараңғылық басқан. Бөшкеге суды толтырып, егіс басына жеткіздім-ау, әйтеуір. Үйге келсем, бесікке бөлеулі балам жылап-жылап әбден әлі құрыған екен”, – деп өткен күндерден сыр шерткен Жанкен Қапарованың көзінен бір тамшы жас ыршып түсті. Себебі осы оқиғадан кейін көп кешікпей сәбиі ауырып қайтыс болған екен. Бұл – бір ғасыр жасаған кейуананың көрген бейнеті мен тартқан азабының бір парасы ғана.

Ол 1921 жылы Есіл ауданын­дағы Мектеп ауылында дүниеге келіп, жастайынан жетімдіктің кер­мек дәмін татып өсті. Айтуынша, анасы ерте қайтыс болған. Ал әке­сі жаламен айдалып кеткен. Әкесі алыс сапарға аттанар алдында ауылдағы ерлі-зайыпты Қапар мен Сиыршыға сегіз жастағы қы­зын аманат еткен екен. Сол кет­кеннен әкесі қайтып оралмады. Ал Шәмшия, Шәпия есімді әпке­ле­рі тұрмыс құрып кеткеннен кейін олармен байланысын үзіп алған. Қапар мен Сиыршы қар­шадай қызды ешқашан өгейсіткен жоқ. Өзінің балаларынан кем қыл­май өсірді. Барынша қамқор бол­ды. Сол үйдің балалары Қамар, Қаб­драхманмен тетелес өскен Жанкен соғысқа дейін ұжымшар­да жұмыс істейді. Кейін Қабдрах­ман­мен көңіл жарастырып, тұр­мыс құрды. Екеуі тың игеру науқа­нына қатысып, өмір жолында кез­дескен қиындықтарды бірге қол ұстасып өткерді.

– Біздің балалық шағымыз қиындықпен есте қалды. Қазіргі­дей тоқшылық, молшылық заман қайда? Ішерге ас, киерге киім бол­мады. Өгіз жегіп, соқамен жер жыр­тып, егін ектік. Қол диірмен­мен бидайды үгіп, сонымен күн көрдік. Бірде аш, бірде тоқ, әйтеуір еңбектен қол үзген жоқпыз. Со­ғыс­тан кейін жолдасым екеуміз ұжымшарда жұмыс істедік. Ол – тракторшы, мен тіркеуші болдым. Ауылда трактор да тапшы кез ғой. Кейін ол қой бақты, мен сақманшы болдым. Қыз-келіншектер қозда­ған қойға ен салып, төлін ауыз­дан­дыратынбыз, – дейді тыл еңбекке­рі Жанкен Қапарова. Тоғыз құрсақ көтерген кейуана бүгінде бейнеті­нің зейнетін көріп, балаларының ортасында қуанышқа кенелуде. Бес баласы дін аман. Үш сәбиі ер­те шетінеп кеткен. Оның бірін жо­ғарыда айттық. Елу жасында сүт кенжесін өмірге әкелген ана балалары ержетіп, өз алдына отбасын құрса да, әлі күнге дейін ұл-қыз­дарына алаңдап отырады.

Зейнетке шыққанша еңбектен қол үзбеген қария ұзақ жасаудың сыры қимыл-қозғалыста екенін ай­тады. Бертінге дейін ауылда тұ­рып, сиыр сауып, бие байлап, мал бақты. Әлі тың, еңсесі тік, қайраты бойында.

Жанкен Сыздыққызы жақында 100-ге толды. Тұтас бір дәуірдің шежіресіндей кейуананың өмір жолы тағылымды. Қазыналы қа­рия – әулеттің алтын қазығы, түп-тамыры. Көненің көзіндей, тарих­тың өзіндей кейуананы балалары да алақандарына салып аялауда. Қолын жылы суға малып отырған ұлы Бүркіт пен келіні Бағдатқа әжей де дән риза.

– Әулетіміздің қариясы, да­рия­сы болып отырған анамыздан әр­қашан үлгі аламыз. Келіндерімен құрбысындай сырласады. Пайым-парасаты мол, көпті көрген ардақ­ты жанды мақтан тұтамыз. Дауыс көтеріп сөйлемейді, ешкімге ұрыс­пайды. Барлығын ақылмен айта­ды. Анамыздың есте сақтау қабі­леті ерекше, – дейді келіні Бағдат Тель­манқызы.

Төрт-ақ сыныптық білімі болса да, оқу мен жазуға зерек. Елеулі ең­бектің өтеуі ретінде әр жылда­ры алған медальдары кеудесінде жарқыраған әзиз жан Ұлы Отан соғысы қатысушысына теңесті­ріл­се де, әлі күнге дейін баспанаға қол жеткізе алмай отыр. Қайраты мұқалмаған, жігері жасымаған әжей Отанның тыныштығы, ұрпа­ғы­ның амандығы – басты байлы­ғы екенін айтады.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp