Облыстық білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің негізгі міндеті – өңірдегі білім беру ұйымдарының қызметін реттеу, білім сапасын бағалау және қамтамасыз ету. Департамент басшысы Гүлнар Таласбаевамен өңірдегі білім сапасы, кадр тапшылығы, мектептердің жабылуы және педагог мәртебесі жөнінде әңгімелестік.
– Гүлнар Темірболатқызы, білім сапасы қалай бағаланады, негізгі критерийлер қандай?
– Білім беру сапасы ғимараттың жағдайына қарап немесе оқулықтардың бар-жоғымен бағаланбайды. Ең алдымен, білім алушылардың оқу жетістіктері, білім беру бағдарламаларын меңгеру деңгейі ескеріледі. Сонымен қатар мектептің немесе балабақшаның білім беру қызметі, оқыту-тәрбие жұмысы, оқу жоспарлары мен әдістемелері, басқару органдарының тиімділігі сияқты аспектілер қарастырылады.
– Өзіңіз айтқандай, білім сапасын бағалау жан-жақты жүргізілетін болса, соңғы жылдары жүргізілген тексерістердің нәтижесімен таныстырып өтсеңіз.
– 2024 жылы біз 211 білім беру ұйымына мемлекеттік аттестаттау жүргіздік. Олар – 201 мектеп, 9 балабақша және 1 колледж. Нәтижесінде 9 балабақшаның 8-і (88 пайызы) оң қорытынды алды. Ал 201 мектептің тек 40-ы ғана (19,9 пайызы) аттестаттаудан сәтті өтті. Қалған 161 мектеп (80,1 пайыз) «аттестатталмады» деген қорытынды алды. Бұл – алаңдатарлық жағдай.
Мысалы, Уәлиханов ауданында аттестаттауға қатысқан 16 мектептің бірде-бірі өте алмады. Бұл білім сапасын түбегейлі жақсартуды талап етеді. Биылғы 1 жартыжылдықта 38 білім мекемесіне мемлекеттік аттестаттау жүргізілді. 11 мектеп аттестаттаудан сәтті өтті.
– Өңір мектептеріндегі білім сапасының төмендеуіне не түрткі болып отыр?
– Бұл жайында айтқанда бірнеше маңызды мәселені атап өтуге болады. Олар – мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығы, ауылдық жерлерде шағын жинақталған мектептердің көптігі, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында шеберханалардың заманауи құрал-жабдықпен жеткілікті қамтылмауы, студенттерге арналған жатақхананың аздығы. Сонымен қатар педагогтар тапшы. Өңірдегі 30 мектептің директоры – зейнет жасындағы адамдар.
– Жалпы өңірде кез келген салада кадр тапшылығы өзекті екені белгілі. Соның ішінде білім саласы да бар. Мектептерге қанша мұғалім жетіспейді?
– Бүгінгі таңда облысымыздың білім беру жүйесінде 16 мыңнан астам педагог жұмыс істейді. Оның ішінде жалпы білім беретін мектептерде 12 мыңға жуық мұғалім еңбек етіп жатыр. Алдымыздағы жаңа оқу жылында тағы 955 педагог қажет. Бұл – алдын ала жасалған талдау нәтижесі. Петропавлда – 280, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда – 120, Айыртау ауданында 96 мұғалім жетіспейді.
Математика пәні мұғалімдеріне сұраныс көп. Қазір 96 математик қажет. Сондай-ақ 75 мектепке дейінгі тәрбиеші, 67 орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, 58 педагог-психолог, 50 қазақ тілі мен әдебиеті, бастауыш сынып, физика пәнінен маман керек. Бұл өңірде педагог кадрлармен қамтамасыз етуде айтарлықтай мәселе бар екенін көрсетеді. Өткен оқу жылында облыс мектептерінде 603 зейнет жасындағы мұғалім жұмыс істеген. Яғни кадрлық құрамды жаңарту да өзекті мәселеге айналған.
Дегенмен оң үрдіс бар. Осы жылы университетті педагогикалық бағытта 493 студент, Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжді 432 студент тамамдады. Барлық түлектер шағын жинақталған мектептерден басқа білім беру ұйымдарына ашық конкурстық негізде жұмысқа орналасады. Бұл талап педагогтардың кәсіби деңгейін арттыруға және білім сапасын жақсартуға бағытталған.
Тағы бір маңызды мәселе – педагогикалық қызметті алғаш немесе қайта бастаған азаматтар міндетті түрде педагогтардың біліктілігін бағалау рәсімінен өтуі керек. Бұл – олардың кәсіби дайындығын нақтылап, оқушы алдындағы жауапкершілікті арттыруға бағытталған әділ әрі объективті талап.
– Педагог мәртебесін арттыруда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Соңғы жылдары педагогтардың еңбекақысы екі есеге жуық өсті. Балабақша мен колледж педагогтарына да қосымша үстемақылар белгіленді. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы тағайындалды. Біздің облыстан үш педагог осы марапатқа ие болды.
Мұғалімдерді марапаттау үдерісі автоматтандырылған, бұл ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етеді.
– Жеке және мемлекеттік мектептерге қойылатын талаптарда айырмашылық бар ма?
– Қойылатын талап бәріне ортақ, айырмашылық жоқ. Мемлекеттік аттестаттау меншік түріне қарамастан, барлығына бірдей талаппен бес жылда бір рет жүргізіледі. Бұл – Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодекс пен «Білім туралы» Заң талаптарына сай. Біліктілік талаптары, санитарлық-эпидемиологиялық, өрт қауіпсіздігі, педагогикалық жүктемелер барлығына бірдей тән.
– Бір жылдары өңірде қазақ мектептеріндегі орын тапшылығын шешу мақсатында орыс тілді мектептердің жанынан қазақ сыныптары ашылған еді. Өңірде қанша қазақ баласы өз ана тілінде білім алып жүр?
– Облыста 444 мектеп болса, соның 104-і қазақ тілінде, 108-і – аралас мектеп. Жыл сайын аралас мектептер саны артып келеді, яғни орыс тілінде оқытатын мектептер біртіндеп қазақ тіліне көшуде. Жаңа оқу жылында осындай мектептер саны үшеуге артты.
Өткен оқу жылында 1-сыныпқа қабылданған 6878 оқушының 1901-і, яғни 27,6 пайызы ғана қазақ тілінде оқуға ниет білдірді. Облыс мектептерінде ұлты қазақ 32 мыңнан астам бала білім алып жатса, оның 14 226-сы орыс тілінде сауатын ашуда. Тек 18 310 бала өз ана тілінде білім алып жүр.
– Жаңа оқу жылына дайындық қалай жүргізіліп жатыр?
– Біз жаңа оқу жылына дайындық аясында білім беру ұйымдарының инфрақұрылымына, жылыту маусымына, қауіпсіздік жүйелеріне, оқулықтармен қамтамасыз етілуіне және кадрлық мәселелерге ерекше назар аударып отырмыз. Биыл облыста 11 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңа білім ошағы салынып жатыр. Бұл білім ордалары қазіргі заманға сай, кең, қауіпсіз. Бір мектеп «Орман» шағынауданында іске қосылды. Тағы біреуі «Береке»- де салынып жатыр. Бұл мектептерде STEM-зертханалар, спорт залдар, коворкинг аймақтар, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған кабинеттер бар. Жобаның әрбір кезеңі департаменттің бақылауында.
Білім – кез келген ел дамуының негізі. Сондықтан әр баланың сапалы білім алуы – аса маңызды міндет. Сол үшін жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Бірақ бұл – тек бір мекеменің емес, тұтас қоғамның, ата-ананың, мұғалімнің ортақ міндеті.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».