A. ҚАЗАҚБАЕВ,
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы.
Мұзды мұхиттан Қара теңіздің жағалауларына дейін, Кавказдан Волгаға дейін созылған орасан зор майданда совет халқы гитлершіл Германияға қарсы жойқын соғыстың бел ортасында.
Соғыстың алғашқы кезінде Германия жағында тұтқиылдан шабуыл жасау артықшылығы болғанына қарамастан, Қызыл Армия гитлершілдердің қысымына қайсарлықпен төтеп берді. Жауынгерлеріміз немістерге қарсы Ұлы Отан соғысына бұрын-соңды болып көрмеген ұйымшылдықпен, бірлікпен кірісті. Қазақстан өзінің барлық күшін, экономикалық ресурстарын неміс-фашист басқыншыларына қарсы күреске жұмылдырып отыр.
Қазақстанның дивизиялары да неміс-фашист басқыншыларына қарсы асқан табандылықпен шайқасуда. Панфилов атындағы 8-ші гвардия дивизиясынан шыққан 28 батыр тобында болған Қазақстанның ержүрек ұлдары Москваны қорғай отырып, мәңгі өшпес даңққа бөленді.
Қазақстанның ресурстары мен мүмкіншіліктері есепсіз мол. Бұларды майдан қажетіне, жауды жеңу күнін жақындата түсуге тегіс жұмылдыру – республиканың еңбекшілерінің қасиетті борышы.
(“Ленин туы” газеті,
12 қараша, 1942 жыл).