«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қазақтың ханы – Абылай

Үш жүздің басын қосқан Абылай ханның 310 жыл­дық мерейтойына арналған “Қазақ ордасының ұлы ханы – Абылай” атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. “Абылай хан резиденциясы” музей-кешені ұйымдастырған шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов өңірде руханият саласын қолдауға бағытталған шаралармен таныстырды.

– Облысты дамытудың бас жоспарына сәйкес, алдағы бес жылда қомақты инвестиция құйылады. Республикалық бюджеттің өзінен 500 млрд. теңге қарастырылып отыр. Бұл жыл сайын облыстың экономикасын жақсартуға, әлеумет­тік мәселелерді шешуге 100 млрд. теңге бағытталады деген сөз. Оның ішінде мәдениет саласы да шет қалмайды. “Абылай хан резиденциясы” музей-кешеніне республикалық мәртебе беру мәселесі шешілуде. Бұл тарихи орынның экспозицияларын жаңартуға, жәдігерлер қорын молайтуға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов.

Конференцияға еліміздің түкпір-түкпірінен ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қашықтан қатысып, батыр бабамыздың өмірі мен қызметіне байланысты деректермен бөлісіп, тарихи тұлғаны кеңінен насихаттауға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің қызметкерлері Ресейдің көптеген қалаларындағы тарихи құжаттарды зерделеп, жаңа деректер жинастыруда.

– Абылай ханның өмірін зерттеп, тұлғалық қасиеттерін бүгінгі ұрпаққа паш ету керек. Қазақ елін елу жыл басқарды. Адамгершілігі, жеке қасиеттері жайлы біраз деректер бар. Ендігі кезекте, осындай мәліметті де жинастырған дұрыс, – деді М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының академигі Зарқын Тайшыбай.

Конференцияға қатысушылар облыс орталығын­дағы көшелердің біріне әлі күнге дейін Абылай ханның есімі берілмегеніне өкініш білдіріп, олқылықтың орнын толтыру әлі де кеш емес екенін айтты. Конференцияны ұйымдастырушылар бұл ұсынысты облыс басшылығы мен ономастикалық комиссияға жеткізуге уәде берді.

Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp