Қазақ халқының тарихында есімі өшпестей жазылып қалған ірі тұлғалардың бірі – Жұмабек Ахметұлы Тәшенев. Арада қанша уақыт өтсе де, елі мен жері үшін отқа түсуден тайынбаған арда ұлдың хас батырға тән жанкешті ерлік істері мен зор адамгершілік қасиеттері еш ұмытылмақ емес. Біздің мектепке есімінің берілгендігі ұжым үшін үлкен мақтаныш. 2015 жылы кемеңгер тұлғаға арналып ескерткіш қойылды. Биыл 105 жылдық мерейтойы қарсаңында көптеген игі шаралар атқарылуда.
Жұмабек Тәшеневтің өмірбаянына көз жүгіртетін болсақ, қоғам және мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін көтеріліп, ұлт мүддесі жолында басын қатерге талай тіккен тұлға екенін көреміз. Ол 1915 жылы 20 наурызда Ақмола облысы Аршалы ауданы Танагүл ауылында дүниеге келген. Жергілікті шаруашылық жастар мектебінде, Ақмола құрылыс техникумында оқыған. 1934‑1939 жылдар аралығында аудандық атқару комитеттерінде жауапты хатшы, Солтүстік Қазақстан облысы жер бөлімі бастығының орынбасары, мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1947‑1948 жылдары облатком төрағасының орынбасары, кейін төрағасы болған. Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына тағайындалған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағалығына сайланған. 45 жасында Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасы лауазымына көтерілген. Алайда құйтұрқы саясаттың құрбанына айналып, Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне төмендетіліп, зейнетке шыққанға дейін сол жұмысты мінсіз атқарған. Жанқиярлық еңбегі “Ленин”, “Еңбек Қызыл Ту” және “Құрмет Белгісі” ордендерімен атап өтілген. Соқтықпалы, соқпақсыз өмір жолын бастан кешірген аяулы азамат 1986 жылы 71 жасында дүниеден өтті.
Оның үлкен ерліктерінің бірі Қазақстанның солтүстік аймағындағы байлығы шалқыған, егінжайы толқыған бес облысты көрші Ресейге қосудан аман алып қалуы дер едік. Қазақтың ұланғайыр жерін талан-таражға түсуден қорғап қалған Ж.Ташеневті халық арасында “кісендеулі жолбарыс” деп атап кеткен. Ол туған жерге ғана емес, сонымен бірге ана тілімізге, қазақ баспасөзіне де үлкен жанашырлық қолдау көрсеткен. Тың игеру жылдары теріскей аймақта облыстық газеттер жабылып, қазақ журналистері жұмыссыз қалған тұста республикалық қазақтілді басылымдардың да басына үлкен қауіп төнген. Белгілі сатирик жазушы Садықбек Адамбеков “Қайта соққан боран – замандастарым жайлы” атты туындысында баяндағандай, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1958 жылғы 28 шілдедегі бюросында “Қазақ әдебиеті” газеті беттерінде жарияланған мақалаларда “ұлтшылдық көзқарас ағымының” өрістеуіне байланысты жабу туралы мәселе қаралады. Осы мәжілісте “Социалистік Қазақстан” газетінің сол кездегі редакторы Қасым Шәріпов өзі басқарып отырған басылымды “Казахстанская правда” газетіне қосса, газет редакторының орынбасары болуға арланбас едім, деп жағымпаздана сөйлейді. Жұрт не айтарын білмей қалады. Сонда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Ж.Тәшенев оны оқты көзімен ата қарап “газетті ашқан да сен емес, жабатын да сен емес” деп бетін қайтарып тастайды. “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы Сырбай Мәуленов мінберге қарай көңілсіз көтеріліп бара жатқанда “тайсақтамай ойыңды батыл айт! деп, жігер бере сөйлейді. Оның табандылығының, батылдығының арқасында қазақ газеттері солақай саясат сойылынан аман қалған. Қазақ тілінің мүшкіл жағдайына алаңдап, мемлекеттік деңгейде қолданылуына күш-жігерін аямаған.
Жұмекең қазақтың шығармашылық дарынды тұлғаларына әр кез қамқор қолын созып отырған. Мәселен, 1958 жылы қазақ өнері мен әдебиетінің Мәскеуде өте жоғары деңгейде өткен онкүндігінен кейін бес бірдей қазақ өнерпазына (Қ.Қуанышбаев, Р.Жаманова, Е.Серкебаев, Ш.Айманов, М.Төлебаев) ең жоғары атақ – КСРО халық әртісі атағын алып беруге тікелей жәрдемдескен. 1936 жылғы декадада мұндай құрметті марапатқа Күләш Байсейітованың ғана ие болғанын ескерсек, бұл әрекеті шынында да мақтан етуге тұрарлық. 1960 жылы Алматы қаласындағы қазіргі Қонаев пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында салынған 120 пәтерлік үйді түгелімен өнер және әдебиет қайраткерлеріне бергізген. Бүгінге дейін ол жерді жұртшылық “Қазақ ауылы” немесе “Тәшеневтің үйі” деп атайды. Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” романының Лениндік сыйлыққа ілігуіне тікелей ықпал еткен де Жұмабек Ахметұлы. Қазақтың ішінен шыққан кемеңгер тұлғаларға бір қысқа көшенің өзін беруге қимай тұрған Мәскеуді Алматының ең үлкен магистральды көшесіне Абайдың есімін беруге және сол көшенің ең төріне ақынның алып ескерткішін қоюға көндіруінің өзі неге тұрады?
Компартияның түкірігі жерге түспей тұрған дәуірде жергілікті тұрғындардың талап-мүдделері ескеріле бермейтін. Басшы кадрларды тек орталық тағайындайтын. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Леонид Брежнев КОКП-ның ХХ съезінде КОКП Орталық Комитетінің хатшысы болып тағайындалған соң Алматыға келіп, ҚазКОК-нің бюросын өткізіп, бірінші және екінші хатшылыққа И.Яковлев пен Н.Журиннің кандидатураларын ұсынады. Бұған бюро мүшелері келісімдерін білдіргендей, үндемей тұнжырап отырады. Осы кезде Ж.Тәшенев сөз алып, былай дейді: “Аудандарда, облыстарда, орталық аппаратта, министрліктерде республикалық партия ұйымының екінші хатшысы қызметін атқара алатын лайықты кадрлар өсіп-жетілді. Міне, ортамызда ҚазКОК хатшысы Фазыл Кәрібжанов отыр. Оның басқалардан несі кем? Неге ол екінші хатшы болып істей алмайды деп ойлайсыздар? Жергілікті кадрларға осылайша менсінбей қарау таңғалдырады. Мен мұны қазақ кадрларына сенім көрсетпеушілік, оларды ашықтан-ашық кемсітушілік деп қабылдаймын. Партиялық биліктің бірінші және екінші хатшы қызметтеріне ұлттық кадрлар өкілдерін жібермеу белгілі дәстүрге айнала бастады”. Бұл сөздер Брежневті талдырып түсіргендей болады. Бюродан кейін берілген түскі аста Брежнев қасында отырған Тәшеневке қарап: “Мен сіздің мұныңызды ешқашан ұмытпаймын”, – деген көрінеді. Шынында да, Брежнев кек сақтап, қызметінің өсуіне кедергі келтіргені мәлім. Алайда, өткір сындар жоғары жаққа әсер етпей қалған жоқ. Бір жылға жетпей Ф.Кәрібжанов екінші хатшы болады. Араға тағы екі жыл салып Д.Қонаев ҚазКОК-тің бірінші хатшылығына тағайындалады.
Ж.Тәшенев Қазақстанда отызыншы-елуінші жылдары еш негізсіз саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды ақтау жөнінде құрылған комиссияның төрағасы ретінде де қыруар жұмыстар атқарды. Ал Бауыржан Момышұлын үш рет, Рақымжан Қошқарбаевты бір рет Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынғанын айтпай кетуге болмайды. Баукеңнің алғашқы кітаптарының жарыққа шығуына себепкер болған. Тың өлкесін Ресей Федерациясына қосу туралы Хрущев Тәшеневтен пікірін сұрағанда ол ашық қарсылығын былай білдірген: “Мен өзім Ақмолада туып-өстім, менің ата-анамның, ата-бабамның жаны осы жерде жай тапқан. Енді осы жерді бізден алып, Ресейге бергелі отырсыздар. Мұндаймен ешбір қазақ келіспейді. Мен осындай мәселені көтергеннің өзіне жан-тәніммен қарсымын!”. Ал оңтүстіктегі үш ауданның жерін Өзбекстанға беру туралы пікірін сұрағанда “мұндай мәселені шешу түгіл көтерудің өзі түбірімен қате” деп тайсалмай жауап берген.
Қазақтың қайтпас қайсар ұлы ақтық демі біткенше халқымыздың тәуелсіздігін армандап, өз жеріне өзі ие болуын аңсап өткен. Сол үшін ұлтына қызмет етіп, ата-баба жері үшін күрескен. Үлкен қайраткер, ұлы күрескер бола білді. “Тау алыстаған сайын биіктей түседі” демекші, арысымыздың нар тұлғасы қаншама жылдар өтсе де, ұмытылмай керісінше асқақтай бермек.
Данияр ШАКЕНОВ, Ж. Тәшенев атындағы №20 мектептің директоры.