«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗБА ҚОРЫМЫЗ БАЙ

Үкіметтің соңғы отырыста­рының бірін­де Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтың елімізде пайдалы қазба қорлары сарқылуда деген мәлімдемесі жұртшылықты елең еткізгені рас. Мәселен, Қызылорда облысында мұнай өндіру көлемі 1 миллион тон­наға кеміп кеткен. Ақ­төбе, Маңғыстау өңірлерінде де “қара алтын” өндірісінің мөлшері төмен. Шығыс Қазақстанда да жағдай күрделі. Мұнда Шемонайха, Зырян елді мекендеріндегі ірі қорғасын мырыш кен орындарының қоры түгелдей таусылып, жабылып қалған. 2025-2040 жылдарға қарай Орловское, Малеевское, Тишинское, Риддер-Сокольное секілді кен орындарында пайдалы қазба қорлары толықтай сарқылады деген болжам бар. Осындайда мұнай мен газ шикізатына тәуелді Қазақстанның болашағы қандай, жерасты қазба байлықтары қанша жылға жетеді деген сауал әркімді мазалары сөзсіз.

Алайда, геолог мамандар алаңдауға еш негіз жоқ, жұмыс істеп тұрған кен орындарының сарқылуы қазба байлықтардың таусылғанын білдірмейді деп отыр. Қазақстан жерінің төрттен бір бөлігі ғана зерттелген. Табиғи ресурстар әлі жүздеген жылдарға жетеді. Пайдалы қазбаны тауып, өндіруге кемі 10-15 жыл керек. Сондықтан уақытты созбай қорларды толықтыру, геологиялық зерттеу жұмыстарын жеделдетіп бастау керек.
2021-2025 жылдарға арналған геологиялық зерттеу мемлекеттік бағдарламасының біздің облыс­қа да тікелей қатысы бар. Жер қойнауы кенге бай өңірде геологиялық зерттеу жұмыстарының, жаңа кен орындарының қазіргі ахуалы газет оқырмандарын бейжай қалдырмасы анық. Өйткені, бұл салаға инвестиция тарту арқылы жаңа кәсіпорындар ашудың, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етудің мәні ерекше.
Мәліметтерге сүйенсек, облыс аумағында анықталған және әртүрлі дәрежеде зерттелген 300-ден астам пайдалы қазбалар кеніші есепке алынған. Олардың 34-і – металдық, 2-еуі метал­дық емес, 217-cі – құрылыстық және технологиялық шикізаттық, 33-і жерасты сулары болып табылады. Минералдық ресурстар ішінде қалайы, уран, цирконий, титан, вольфрам, тантал, тағы басқа металдар аз емес. Олардың еліміздегі үлесі қалайы бойынша – 65, цирконий – 36,6, уран – 19, титан – 5, вольфрам 1,1 пайызды құрайды. Бұлардың ішінде минералдық шикізат базасын кеңейтудің әлеуеті зор. Жұмсақ металдың үштен екі бөлігі Сырымбет қалайы кенішінде шоғырланған. Оны игеруге жұмсалатын қаржы – 10,6 миллиард теңге. Іске қосылғанда жылдық қуаты 6 мың тоннаға дейін артады.
Сондай-ақ, атом энергиясын өндіретін шикізат ретінде пайдаланылатын радиактивтік элемент – уранның 18-ге жуық кеніші барланған. Оның көбі өңірдің оңтүстік-батысында орналасқан. Тайынша ауданында титан-цирконийдің үлкен қоры анықталған. Обухов кенішінде титанның 5-12,5 пайызы жинақталған. Облыста бірнеше алтын кені бар. Есіл ауданының Бұлақ ауылы маңында алтын өндіру мен барлау жұмыстарын “Әулие Голд Майнинг” компаниясы атқарады. Уәлиханов ауданында фосфорит-глауконитті құмдарды өнеркәсіптік негізде өңдеу мақсатында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу белгіленген. Вольфрам алынатын шеелит кендері, мыс шығаратын орындар Айыртау ауданында кездеседі. Болжамды мұнай қоры – 65 миллион тонна, газ 24 миллиард текше метр деп бағаланып отыр. Геологтар шым­тезектің 15 орнын тапқан. Жалпы қоры – 400 мың тонна. Ол – отын ретінде таптырмайтын шикізат. Сілеті кенішінің қоры 512 миллион тоннаға жедеғабыл. Сонымен бірге химиялық және бальнеологиялық маңызы зор әртүрлі шипалы сулардың қоры да аз емес.
Пайдалы қазбаларды табу, өң­деу және пайдалану өңір экономикасы үшін өте маңызды саналады.

 

Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp