«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗЫНАҒА ҚОЛ СҰҚҚАНДАР ҚҰРЫҚТАЛДЫ

Жалған кәсіпкерлер, алкогольді және контрафактілік өнімдерді заңсыз айналымға шығаратындар, құмар ойын бизнесі арқылы пайда табатындар, мемлекет қаржысын жымқырғысы келетіндер әлі де айылын жияр емес. Облыстың қаржы полициясы қызметкерлерінің 9 ай ішінде атқарған жұмысының қорытындысы осыны көрсетіп отыр. 

Жалған кәсіпкерлік фактілері бойынша былтырғы жылы 8 қылмыстық іс тіркелсе, биылғы жылдың 9 айының ішінде 23 қылмыстық іс қозғалды. Мәселен, арам ойын іске асырмақ болған ұйымдасқан топ банктен “Север Норд” ЖШС-нің есеп айыру шотынан 9,8 миллион теңгенің қаржысын алып жатқан кезде Қаржы полициясы департаментінің қызметкерлері қылмыстың үстінен түсіп, ағайынды екі жігіт темір торға тоғытылды.

Сондай-ақ үстіміздегі жылы алкоголь өнімдерін шығарумен айналысып келген 2 зауыттың заңсыз қызметі тоқтатылды. “Петропавл арақ-шарап зауыты” ЖШС-де жалған есеп-бақылау маркаларын пайдалану фактісі орын алса, Қостанай облысында шығарылатын “Алтын Өмір” ЖШС-нің 21,5 мың бөтелке алкоголь өнімін Петропавлдағы “Триумф” ЖШС заңсыз сатып келген. Соңғы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Мемлекеттік инновациялық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда 15 заңсыздық орын алса, оның 4-еуі “Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы” мемлекеттік бағдарламасын орындау барысында орын алған. Мәселен, “Солтүстік” ӘКК“ ҰҚ”АҚ-ның мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында бөлген 36 миллион теңгенің қаражатын “Құрғақ көбік-бетон қоспа зауыты” ЖШС-нің директоры Ә.Шәкейдің сатып алынған жабдықтың нақты құнын көтермелеу арқылы жымқырғаны белгілі болды. Сондай-ақ “Солтүстік” ӘКК“ ҰҚ”АҚ басқарма төрағасы А.Чен және “Астық Тобыл” ЖШС-нің директоры К.Құсайынов “Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру және пайдалану” мемлекеттік инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыру аясында сиыр етін сатып алу кезінде 82,1 миллион теңгенің қаржысын қолды қылған.

Үстіміздегі жылдың 9 айында қаржы полициясының қызметкерлері контрафактілік өнімдердің заңсыз айналымына қатысты 5 қылмыстық істі, жалған ақша шығарушылық фактілері бойынша – 28, заңсыз құмар ойын бизнесі бойынша – 12 қылмыстық істі және 15 салық қылмысын тіркеді.

ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің СҚО бойынша департаментінің баспасөз қызметі.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp