«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙРАТКЕР АҚЫН

…Ілуде біреуі болмаса кез келген ақынның қайраткер болуы екіталай. Табиғаттың, Жаратқан иенің текпен, қанмен берген қасиеті шығар – Кәкімбек ағамызда осы қарым-қабілеттің екеуі де бар еді.

Ақын Кәкімбек Салықовтың жазған өлең-жырлары, шығарған елуге жуық жыр жинақтары мен жасаған он шақты аударма кітаптары өз алдына бір төбе. Ол мемлекет пен партия қайраткері ретінде Жезқазған қалалық, облыстық партия комитеттерінің бірінші және екінші хатшысы, КОКП Орталық Комитетінің инспекторы, Қарақалпақ обкомының бірінші хатшысы, КСРО Жоғарғы Кеңесі Экология комитетінің төрағасы секілді лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды.

Әйтсе де «Өлең – сөздің патшасы…» деп ұлы Абай айтпақшы, поэзияның құдіреті болар, жұрт оны қайраткерлігінен гөрі ақын ретінде жақсы білді. Жанына жақын тартты… Жиынтой мен көңілді отырыс-басқосуларда әлдебір әнші қоңыр домбыраны қолына алып:

Жезкиік, біздің жаққа қалай келдің?

Жолымды тіке кесіп жанай бердің.

Адамның көздеріндей екі көзің,

Япырмай, дәтім шыдап қалай көрдім?!

– деп сызылта ән салғанда сахараның сәні болған дала тағысына деген аяушылық сезімі оянбайтын қазақ кемде-кем. Әнді орындаушы не отырғандардың ілкімді бірі: «Кәкімбек Салықовтың өлеңіне жазылған Жақсыгелді Сейіловтың «Жезкиік» әні ғой» дегенде көңілді мұң басқан сезімнен селт етіп, ақынды да, сазгерді де өзіңе іш тартқандай боласың.

Әу баста Кәкімбек ағаның көкейінен жыр болып төгіліп, артынан әнге айналып кеткен өлеңдері аз емес. «Аққу жеткен», «Кездесу мен қоштасу», «Жәйрем жыры», «Сағыныш» дей ме – толып жатыр.

Сағыныш демекші, ол кісінің Мәскеуде жүріп жазған:

Шөліркеген далама

Жаңбырлы бұлт болар ма ем?!

Піскен кезде мол егін

Диқан болып орар ма ем.?

Қайтқан құстар барады

Еділдетіп, Оралмен.

Елге жетіп қалар ма ем,

Ере кетіп солармен?..

– деген өлең жолдары туған елге, туған жерге шынайы сағыныштың табын білдіретін. Бұл өлеңі де сазгер-әнші Шәміл Әбілтаевтың әрлеуімен әдемі әуенін тауып, көпшіліктің шабыттана шырқайтын әніне айналып кетті. Шетте жүрген талайлардың жан дүниесін тербетіп, сезімдерін оятты.

Кәкімбек ағаның есіміне осылай сырттай қанық болсам да кездесіп, сөйлесіп көрмеген кісім еді. Жақынырақ танысуым кешегі 90-шы жылдардың аяғында болды. 1999 жылдың қаңтарында ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдық мерейтойы келе жатты да біз соған орай «Зерде» журналының бір нөмірін арнап шығаруды жоспарладық. Ол кезде Кәкімбек Салықов Қаныш Сәтбаев атындағы халықаралық қорды басқаратын. Білетіндер Қанышқа қатысты көптеген деректер мен материалдар сол қордан табылады десті. Сондайлардың жөн сілтеуімен Кәкімбек ағамызға барып жолықтық.

Көпті көрген, қайраткер тұлға, ақынжанды кісі емес пе? Ол кісімен бірден тіл табысып, емен-жарқын сөйлесіп кеттік. «Қанекеңе арнап нөмір шығарсаңдар, қолдан келер көмегімізді аямаймыз», – деді. Айтқанындай-ақ, берген уәдесінің үдесінен шығып, қолдарында бар материалды алдымызға жайып салды.

Сөйтіп, республикалық ғылыми-танымдық «Зерде» журналының 1999 жылғы №1 саны түгелдей академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ғасырлық мерейтойына арнап шығарылды. Онда жарияланған материалдар ғалымның шыр етіп дүниеге келген қара шаңырағынан бастап, қазақ ғылымының қара шаңырағы атанған Ұлттық ғылым академиясын басқарғанға, яғни бала Қаныштан дана Қанышқа дейінгі өмірін қамтыды.

Журналдың әлі бояуы кебе қоймаған сол санын Қанекеңнің қызы Шәмшиябану апамызға апарып көрсеткенімізде ол кісі: «Қарақтарым-ау, мынау біздің әкемізге арналған кішігірім энциклопедия болыпты ғой!» – деп шын қуанып, көзіне жас алды. Қайта-қайта қолына алып, сипап қарай берді. Мынадай шаруа атқарғанымызға Кәкімбек ағамыз да алғысын айтып, ризалығын білдірді.

Аз-кем уақыттың ішінде арамызда қалыптасқан жарасымды сыйластықты пайдаланып: – Көкейімізде Сіздің кезінде атқарған лауазымды қызметтеріңізге қатысты сұрақтарымыз бар еді. Мүмкін болса сол тақырып жөнінде әңгімелессек деп едік? – дедім сәл қысылғандай болып.

– Сұрақтарың тым қиын және күрделі болмаса жауап беріп көрейін, – деді ағамыз сөздің аяғын әзілге бұрып.

Мен кейіпкерімнің көңілін жібітіп, тынысын ашу үшін әдейі әңгімені әріден бастадым…

– Осы Сіз, аға, қалай әрі ақын әрі кен инженері болып жүрсіз?

– Бала жасымыздан ән-жырға, өлең-қиссаларға құмар болып өстік. Тоғыз, он жасымда ауызекі өлең құрастырып жүрдім. Дұрыстап жаза бастағаным 16-17 жастар шамасында. Мектептің ақырғы сыныптарында жүргенде өлеңдерім қабырға газетінен орын алып, ал 1949 жылы «Қазақстан пионерінде» бір өлеңім жарық көрді. Тоғызыншы, оныншы сыныптардағы әдебиет сабағынан болатын шығарманы өлеңмен жаздым.

Осылай кете бергенде орта мектептен кейін тура Алматыға тартып, бір жоғары оқу орнының әдебиет мамандығына түсіп оқыр ма едім, кім білсін. Әкеміздің ағасы, халық ақыны Молдахмет Тырбиев 1942 жылдан айтысқа түсіп жүрген кездерінде Жамбылмен кездескенін қандай жыр етсе, Қаныш Сәтбаевтың үйінде болып, бір топ ақындар ғалымға таңғалғанын айтқанда, жас бала біздердің басымызды сан алуан арман-қиял билеп алатын. Молдекең менің агроном да, мұғалім де болғанымды қаламады. Ал ақын болатын оқуға барамын десем: «Ой, оқымай-ақ ақын болып жүрміз ғой, болыс та болғанмын, онда да өлеңді тоқтатпадым, ақын боламын деп бес жылды далаға кетірме», – дейтін. Ақыры: «Мәскеудегі Түсті металдар институтына түсіп, өзіңіз айтқан Қаныш Сәтбаевтың жолын қуамын», – дегенімде, қатты қуанды. Оқуды бітіргенде алған күміс медаліме жүз теңге байғазы беріп: «Осыны Мәскеуге барар жолыңа жұмса», – деді.

Оның үстіне соғыстан кейінгі 50-60-шы жылдары елдің билік тізгінін ұстаған партия мен үкімет Қазақстанда өндіруші өнеркәсіпке, тау-кен саласына, оған мамандар даярлау ісіне ерекше көңіл бөлді. Бір жағынан осындай саясаттың ықпалы да болған болуы керек. Сөйтіп, Мәскеудегі Түсті металдар және алтын институтына оқуға түсіп, оны 1955 жылы ойдағыдай аяқтап, кен инженері болып шықтым. Бірақ, қайда жүрсем де, ақындықтан қол үзбедім. Аудармамен де айналысатынмын. Екінші курстан кейін өндірістік тәжірибе бойынша Оралдағы бірқатар кен орындарында болып, қорытынды-есеп жазып әкелгенімде профессор И. П. Каплунның: «Инженер емес, Чехов болайын деп тұр екенсің», – деп әзілдегені бар. Қалың орман мен көркем таулары біздің Көкшетауға ұқсас жердегі бір шахтаны сипаттап жазғанымды оқып, профессор: «Жарайды, Чехов та жаман кісі емес, бес қояйын, бірақ, келесі жолы техника тілімен жазғайсың», – деген.

– Әрі қарай өмір жолыңыз қалай өрілді? Институт бітіріп, кен инженері болғанның бәрі үлкен жетістіктерге жете берген жоқ қой…

– Оқу бітіріп келгеннен кейін еңбек жолымды Жезқазғандағы №51 шахтада кен мастері болып бастадым. Әрі қарай учаске бастығы, №44 шахтада бас инженердің орынбасары, «Покро – 15» шахтасында бас инженер, шахта бастығы қызметтерін атқардым.

Біз алғашқы жылдары көбінесе сотталып, ГУЛАГ-тың түрмесінде жүргендермен жұмыс істедік. Олардың көбі сталиндік саяси қуғынның қасіретін шегіп жүргендер еді. Қаншалықты ызалы, ашынған адамдар болғанымен, олар дұрыс басшыға мойынсынып, жұмысқа нұқсан келтірмейтін. Ондағы басты шарт – еңбектерін адал есептеп, ақысын дұрыс төлеу еді. Мейлінше адал, әділ болуға тырысқандықтан ба, ол жердегі жұмысым әрдайым жемісті болды.

Ең алғаш рет ауысымды басқаруға кіріскенімде Василий Степанюк деген зор денелі, еңгезердей украин жігіті: «Осындай шапшағын бой, жап-жас күйіңмен бізді қалай басқармақсың?» – деп, кекете сөйледі. Оған мен Тарас Шевченконың: «Як умру так поховайте, на Украине милой» деп басталатын өлеңін өз тілінде мүдірместен заулатып оқып бердім. Елін, жұртын сағынса керек, ол сол арада мені құшағына қатты қысып, жұртқа мақтай жөнелді. Бір жылдан соң әлгі сотталғандардың бәрі ақталып, түрмеден босатылды. Степанюк бір күні: «Бастық, үйлену тойыма шақырсам келер ме едіңіз, коммунистсіз ғой, қорықпайсыз ба?» – деп сұрады. Мен оған: «Қорқатын несі бар, тойға бару қылмыс емес, сен қорықпасаң, менде қорқу жоқ», – дедім. Жұбайым Мәриямді ертіп бардым да. Ол кезде сотталғандардың кейбірі босанып шыққасын бұрынғы кектесіп, өшігіп жүрген бастықтарға күн көрсетпейтін. Құдайға шүкір, ондай пәледен өзім аулақ болдым, қай шахтаға барсам да бұрынғы өз участогымда бірге істеген жігіттер тауып алатын. Кеншілік деген – адалдық. Адал басшы болсаң, қандай да қиыншылықтан болсын кеншілер аман алып шығады, шахтаға да, басшыға да абырой-атақ әперуге тырысады. Инженерлермен де, жұмысшылармен де жақсы қарым-қатынаста болдым. Ауырып қалған забойщиктердің үйіне көңілін сұрап, кіріп шықсаң ешқашан сені есінен шығармайды, жұмысты жан-тәнімен беріле істейді.

Алты жыл шахта басқарған кезім жемісті де жеңісті қуаныштарға жеткізді. Біздің шахта ең ірі шахта болғандықтан, астымдағы көлігім де, тұратын үйім де ыңғайлы болды. Соның арқасы шығар, сырттан келетін қонақтарды бастықтар біздің шахтаға әкелетін және пайдалы жиындарынан қалдырмайтын.

Қаныш ағамыз 1961 жылы Жезқазғанға Ғылым академиясының көшпелі мәжілісін өткізуге келгенде сөзінің басында мені де атап өтті, ол кісімен дәмдес те болдым. Ғұлама ғалымның кең мінезді кемеңгерлігінен ғибрат алдым.

Қанекеңді көргеннен кейін адамның ең үлкен байлығы – мінез екенін түсіндім. Қанекеңнің баяндамаларын да, айтыс-тартыстарын да естісем, «Бүркітбайды» шырқап салған қаз дауысты қоңыр әнінен де кереметтей әсер алдым. Сол әсер әлі де есімнен кетпейді. Мен Қанекеңнен артық билейтін жігітті әлі күнге дейін кездестірген емеспін. Оған ол кісінің еңселі бойы, ерекше жаратылған тамаша келбеті мен өзгеден өзгеше мәдениеттілігі де ықпал еткен шығар. Қаныш ағамыз оқымысты ғұламалығымен де, табиғаттың көз тоярлық тұлғасымен де айрықша жаратылған адам еді.

Қанекеңді көргенде бала күнгі арманым орындалды. Бір жиында домбыра іздегенде менің домбырамды алдырдық. Домбырам ұнады, ән салғызбақшы болды, мен ұялып, келіспедім. Сонда ол кісі: «Сұлу саз адам баласының қамкөңілін қалпына келтіреді, ал ән салу өжеттікке үйретеді, ұялып отырсың ғой «батырым», мен-ақ айтайын», – деп, бірнеше ән шырқады.

– Өндірістен партиялық жұмысқа қалай ауысып жүрсіз? Бұған біреулердің ықпалы болды ма?

– Шахта басқарып жүргенімде, 1963 жылы Жезқазған кен-металлургиялық комбинатының парткомының хатшылығына ұсынбақшы болды. Ол кезде Н. С. Хрущевтың шығарған нұсқауы бойынша бұл орында екі жылдан артық ұстамайтын. Мен әртүрлі оймен бұл ұсыныстан бас тарттым. Сол-ақ екен, қалалық партия басшылары мені сынап, шеней бастады. Жұмысымнан кемшілік таппағасын, партиялық тәртіпке бағынбады деген мәселені көлденең тарта берді. Сөйтіп, 1965 жылы қайта шақырғанда амалсыз келісім бердім. Сол екі арада Хрущев кетіп, оның орнына Л. И. Брежнев келді. Бұл жұмысты мен төрт жылдан астам уақыт атқарып, қалалық партия комитетінің бірінші хатшылығына жоғарылатылдым. 1973 жылы Жезқазған облысы құрылғанда облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайландым. Парткомның хатшылығына ұсынылғанда тұңғыш рет Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың қабылдауында болдым.

Димекең өзі оқыған институтты бітіргеніме елең етіп, біраз әңгімелесті. Баяғы өзіне сабақ берген қарт профессорларды есіне түсірді. Бәрін де ұмытпапты. Димекең маған қарапайымдылығымен, керемет есте сақтау қабілетімен үлкен әсер қалдырды.

Кезінде Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып қызмет атқарған Сұлтан Қапарұлы Досмағанбетов те қазақ жігіттеріне қол ұшын беруден қорықпайтын. Бүгінгі Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та Сұлтекеңді ұстаз тұтып, қатты сыйлайды. Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінде жезқазғандық ағаларымыз Темеш Садуақасұлы Садуақасов, Оразай Батырбекұлы Батырбеков те ел ішіндегі жігіттерге қамқорлық көрсетті. Солардың бірі мен шығармын. Орталық комитеттің хатшысы болған Алексей Семенович Колебаев Жезқазғанға келгенде біздің шахтаны көріп танысып еді, ол кісі де маған көп көмектесті, көтермеледі. Менің әжем әкемнің Степан дейтін досын мақтағанда «қаймағы бұзылмаған кісі, әттең, орыс болып туғаны болмаса, қазақтан еш кемдігі жоқ» дейтін. Алексей Семеновичті көргенде қарт әжемнің сөздері есіме түсетін. Ол мен көрген адал азаматтың бірі еді. Сөйтіп, сондай асыл азаматтардың қолдауымен партиялық қызметке қызу кірісіп кеттім.

– Өзге ұлтты билікке жолата бермейтін Мәскеу Сізді қалайша Жезқазған облыстық партия комитетінің екінші хатшылығынан Орталық комитеттің аппаратына алып кетті?

– Бұған әртүрлі жағдайлар себеп болған болса керек. Біріншіден, Жезқазған облысын құрған кезде жан аямай жұмыс істедім. Қаланың бұрынғы басшысы болғандықтан, көп ауыртпалық маған түсті. Дегенмен, бүкіл мекемені он күннің ішінде дұрыстап орналастырып бердім.

Екіншіден, бір жылға жетпей көшіп келген қызметкерлер пәтер алып, толық жайғасты. Қаламыздың облыс орталығы болғанына қуанып, айтқанымды екі етпеген өндіріс пен басқа да мекемелердің басшыларына, әсіресе, Қ. И. Сәтбаев атындағы Жезқазған кенметаллургия комбинатының бұрынғы директоры В. В. Губаға ризашылығым мол.

Ол кісі ер мінезді, намысшыл, кемеңгер басшы болатын, сұрағанымды екі етпейтін. Жаңадан ашылған басқа облыстарға тұрғын үйлер салуға бүкіл ел болып көмектессе, біз ешкімнің көмегін қажет етпедік, қайта, Арқалыққа барып, қолғабыс еттік. Содан көп ұзамай, Балқаш қаласында түсті металлургия саласы бойынша партия комитеті хатшыларының семинары болды. Оған облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшылары қатысып, үлкен жиынға айналды. Осы жолы ел намысын қорғап, көптеген жұмыстар істедік. Керекті бағдарламалар мен құжаттарды дайындау үшін алдын ала Мәскеуге барып, бір жұмадай дайындалдық. Орталық Комитеттің түсті металлургия бөлімін басқаратын Иван Павлович Ястребов дейтін егделеу кісі болатын. Менің көмегіме дән риза болып қалыпты. Қазақстаннан кісі керек, өндіріс маманы дегенде сол кісі А. С. Колебаевпен ақылдасып, ұсынған шығар деп ойлаймын. Бұған қоса, Алматыдағы екінші басшымыз В. К. Месяцтың да ықпалы жоқ емес.

Екіншіден, Жезқазған облысы құрылардың алдында бізді Алматыдан кейін Мәскеу қабылдады. Онда Л. И. Брежневтің қабылдауын тосып, екі-үш күн қарайлап қалдық. Әйткенмен, Бас хатшы бізді сенбі күні қабылдады. «Үлкен бастық болудың жолына түскен жігіттер көрінесіздер. Сенбі болса да қадірлі жерлестерім көп тосып қалмасын деп, осындай демалыс күнінде саяжайдан келіп отырмын», – деді. Бас хатшы өз жұмыс үстелінде отырып, көп әңгіме айтты. Ол кезде Брежнев темекі тартатын, қолындағы алтын жалатқан папирос салғышын «капитализмнің кереметі» деп мысалға келтіріп: «Былай бассаң темекі шығады, былай бассаң от береді, ал сырт жағына қарасаң сағаты бар», – деп жас балаша тамсанып отырды. Сәлден соң бастық біз отырған ұзын үстелге келді. Онда жатқан папкада біздің жеке басымызды сипаттайтын ісқағаздары бар еді. Бас хатшы әңгімесін жалғап, темекісін будақтатып отырып, алдындағы қағаздарды шатастырып алыпты. Сөйтіп, ол кісінің қолына, алдымен, менің ісқағаздарым ілігіпті. Кідірместен оқи бастады: «О, дұрыс, кен мастерінен бастап, Жезқазған сияқты түсті металлургияның Магниткасында қаланы басқарған кадрды бірінші хатшылыққа ұсынғандарың жақсы екен, біздің Димаш ақылды кісі-ау, өте дұрыс», – деп мені тұрғызып көрді. Қалың қара шашымның маңдайымнан тараған бір бума ағы болатын. «Жас та болсаң шашың ағара бастапты, ол ақылдан ағарып отыр», – деді. Бәріміз аузымызға су толтырғандай үнсіз қалдық. Бізді ертіп кірген Орталық комитеттің хатшысы Иван Васильевич Капитонов пен Қазақстан Орталық комитетінің сол кездегі екінші хатшысы Валентин Карпович Месяц болатын. Капитонов еппен ғана тұрып: «Ғафу етіңіз, Леонид Ильич, мен қағаздарды шатастырып қойыппын, бірінші хатшылыққа мына кісіні ұсынып отырмыз», – деп К. С. Лосевті көрсетті. «Сен, Капитонов, үнемі шатастырып жүресің, бірақ мен шатаспаймын, бұл кісіні де көрейік», – деп Лосевтің қағазын оқи бастады. «О, колхоз, совхоздарға қаладан апарып, «отыз мыңдық» деп Хрущевтің тудырған жасанды кадры ғой. Совхоздың директоры, халық бақылаушысы, тағы …» – деп Лосевқа қарап: «Қалай келісім бердің?! Бұл саған астық дайындайтын Солтүстік Қазақстан емес, басқа жер, түсті металл ғой», – деп ұнатпаған сыңай танытты.

Константин Семенович Лосев ақылды, зиялы азамат болса да көзге қораштау көрінетін. «Жоқ, бұл дұрыс емес, әлгі жігітті ұсынған дұрыс», – деп Брежнев қайта қиқайды. Сол кезде өжет те өткірлеу В. К. Месяц тұрып: «Леонид Ильич, кешірім етіңіз, К. С. Лосев жолдас бірнеше жыл екінші хатшы болған мол тәжірибесі бар кісі, ал Салықов жолдас әзірше екінші хатшы болып көмектесер деп едік. Біз Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің бюросында қарадық, Димаш Ахметович Сізге көп-көп сәлем айтты, қолдауыңызды сұрайды», – деді.

Л. И. Брежнев бір ыңыранып: «О, сен Саяси бюро мүшесінің шешімі бар деп мені қорқытпақшысың ғой, өйтіп, күшке салма, менде де келесі съезге дейін біраз күш барын ұмытпа», – деді. Сонда В. К. Месяц: «Леонид Ильич, Салықов бір­-екі жыл көмектессін, содан кейін бұл кісіні де жоғарылатамыз, республика үлкен ғой», – деді. Бас хатшы сол кезде ептеп сынықсып, райынан қайта бастап, орнынан тұрып, менің қасыма келіп, арқамнан құшақтағандай болып: «Не де болса осыларға сенейікші, екі жылдан кейін өсірмесе, «ВЧ» деген телефоның болады, соны ал да өзіме хабарла, келісім осы», – деп тоқтады. Әрине, Капитонов өзіне түртіп алып жатты. Осы жағдайдың да маған себі болды-ау деймін.

Мәскеуге аттанардың алдында бір облыста іссапарда жүрген Д. А. Қонаев мені тауып алып сөйлесті. «Сізді Орталық комитет шақырып жатыр, М. А. Суслов маған айтты, түбі жаман болмас, беттерін қайтарма!» – деді. Мен рахмет айттым. Солай Орталық комитеттің инспекторы қызметіне алындым. Сөйтіп, мәскеулік болып кете бардым.

– Мәскеуде ұзақ отырып қалдыңыз. Оған әлдеқандай жағдайлар себеп болды ма?

– Тоғыз жылдан астам отырып қалғаным рас. Бірақ, мен төрт жылдан кейін Алматыға тойға келгенімде, ол кезде Қазақстан Жоғары Кеңесінің депутаты болатынмын, Димекеңе сәлем беріп, тойдан кейін кездесуге сұрандым. Ол кісі өте сыпайы қарсы алып, ақыры той өткен күннің ертеңіне қабылдады. «Елден кеткелі төрт жылдан асып кетті, қырық үш жасымда барып едім, міне, елу де таяп қалды, елге оралайын, Димеке», – деп өтініш айттым. Димекең төмен қарап: «Иә, төрт жыл, төрт жыл…», – деп отырды да: «Сізді Жезқазғанның найманы деп жүрсем, Көкшетаудың қарауылы екенсіз ғой…» – деп, жай ғана сұраған сыңай білдірді. Мен: «Димеке, өзіңіз бітірген институтты тамамдағаннан кейін Жезқазғанға келдім, табаны күректей жиырма жыл қызмет еттім. «Ақ ауыл», «Қара ауыл» дедіңіз, содан бері мен туған жерімнің бір жиын-тойына қатыса алмаппын, тек асырап баққан ата-анамның қазасына ғана бардым…», – деп толқыдым. Себебі, үлкен ағамыздан тап осындай сауалды күтпеп едім. Сонда ол: «Жоқ, жай айтамын, атығай, қарауыл деген елдер барымташыл, қарымташыл келеді екен», – деп бір қойды. Сол кезде менің: «Димеке, тап осы сөз Сіздің көкейіңізден шыққан жоқ, не біреу айтты, не кітаптан оқыдыңыз ғой», – демесім бар ма?! Ағамыз кеңкілдеп бір күлді де, орнынан тұрып: «Дәл тауып айттыңыз. Сәкен Жүнісовтің «Ақан серісін» журналдан оқып едім…», – деді. Бірақ, Димекең тез ширақталды да: «Жарайды, елге қайтаруды қолға аламын», – деген сөзін берді. Екі жылдан кейін тағы сондай бір тойдан кейін жолықтым. «Өте дұрыс, енді созбаймын», – деді. Бірақ, ол сөздер орындалмады. Тоғыз жылдың ішінде Мәскеудегі бастықтарым да еліңе оралатын болдың деп, бір-екі облысты атаған болатын. Үшінші рет сөйлескенде И. В. Капитоновқа: «Қашан Саяси бюроға апарғанша маған айтпаңызшы, мен қызмет сұрап жүрген жоқпын ғой, егер керексіз болсам Жезқазғанға барып, баяғы шахтамды басқарайын», – деп реніш білдірдім. Ол кісі: «Оныңыз рас, ұсыныстар да болды, білесіз, Димаш Ахмедович осы арада келісім береді де, артынан еліне барғанда «ойбай, бюродан өткізе алмадым» деп хабарлайды, тап осы жолы өтесіз», – деді. Ол жолы да «бюродан өткізе алмапты». Содан кейін көңілім суыды да, Е. К. Лигачев Қарақалпақстанды ұсынғанда келісім бердім. Соның алдында бір тапсырмамен Өзбекстандағы Қарақалпақстанға жіберіп алған болатын. Үштің бірі – қазақ, бірі – өзбек, бірі қарақалпақ болған соң мен қарсы бола қойған жоқпын.

– Орталық комитет аппаратындағы көпжылғы қызметтен қандай тағылым-сабақ алдым деп ойлайсыз?

– Орталық комитеттің инспекторларының саны төрт-бестен аспайтын, оларды тек Орталық комитеттің хатшысы басқаратын. Маған өндіріс және көлік мәселелері мен үлкен басшы кадрлардың үстерінен түсетін арыздарды тексеру және елдегі тәртіп мәселелері жүктелді. Сондықтан мен елдің жағдайы, ішкі іркілістер мен дағдарыстар туралы мұқият біліп отырдым. Ресей Федерациясының қаратопырақсыз аймағын игеру деген мәселе көтерілгенде, бұл текке кететін шығын, одан да Қазақстанның және басқа жерлердің қойшыларының ортағасырлық деңгейдегі күйлерін жақсарту керектігін И. В. Капитоновқа барынша түсіндірдім. Экономикалық реформалардың жөнсіз екенін айтып, нақтылы ұсыныс та енгіздім. Ол ұсынысымды сол кездегі Министрлер Кеңесінің төрағасы А. Н. Косыгин мақұлдап, үлкен жұмыс жүргізіп, Л. И. Брежневтің қабылдауында болсақ та, оның қолдауын таппадық. Одан кейін көп зерттеп, елдің қиналған кезінде партконференция өткізілуші еді, оны да ұсындым. Тікелей бастығым И. В. Капитонов бұл ойымды да жөн деп қолдағанымен, ол тағы да Л. И. Брежневтің алдынан қайтты.

М. С. Горбачевтің кезінде Бүкілодақтық ХІХ конференцияның алдында Е. К. Лигачев Қарақалпақстанға телефон соғып: «Ертеректе осы мәселе жөнінде ұсыныс енгізіпсіз ғой, рас па?» – деді. Капитонов айтса керек, мен шындықты жасырмадым. Ол кісі сол кезде дайындаған қағаздарды сұрады. Мен Мәскеуде бір қағаз да қалдырмай алып кеткен едім. Лигачев: «Усманходжаевпен өзім сөйлесемін, бар қағаздарды алып, Мәскеуге тез жет», – деді. Аздан соң Өзбекстан Орталық комитетінің бірінші хатшысы Иномжан Бұзрықұлы Усманходжаев телефон соғып: «Сізді шақырып жатыр, неге екенін білмейін, егер басқа қызмет ұсынса ақылдасатын болыңыз, сәт тілеймін!» – деді. ХІХ партконференция кезінде басқа қызметте жүрген И. В. Капитонов кездесіп: «Кәкімбек Салықұлы, еңбегіміз зая кеткен жоқ, ақыры конференция өтіп жатыр ғой», – деп қуанышын білдірді.

Орталық комитетте істеп жүргенде қай жағынан болса да, жеке басымның дайындығы ешкімнен кем болған жоқ. Күрделі істердің кейде арасында, кейде басында жүрдім. Инспекторлық жұмыс адалдыққа, тазалыққа, туралыққа үйретті. Жалпы қызметтес болған жігіттердің бәрімен де достасып кеттім, әлі де байланысып тұрамыз. Ізеттілік пен сыйластықты үйренген шығармын. Бірақ, елді қатты сағынып жүргенде, әйтеуір, өлең жарықтық серік болды, өлеңнен қол үзген жоқпын, жинақтарым да жарық көріп тұрды. Газет-журналдарда өлеңдерім жиі басылып жүрді.

Тағдырдың өлең үшін берген ол да бір бұйрығы шығар. Мәскеудің маған берген үлкен сабағы – елге деген сағыныш болса керек. Қазақтың ақиық ақыны Сырбай Мәуленов ағамыз: «Кәкімбек-ау, осы сағыныштарың жақсы дүние, «Жезкиігің» ел ішінде жортып жүр, оны айтпайтын қазақ кемде-кем, өмірге өкінбе, елге де жетерсің, өлеңді бұрқыратып жаза бер!» – дейтін де:

Құрбылардың буындары балқысын,

Ән салайық, қазақ жыры шалқысын.

Мәриям-ау, қазы, қарта асып қой,

Мәскеуіңде елдің исі аңқысын,­ –

деген өлеңімді жатқа айтатын.

Мәскеуде қазақтар көп болды, қазақ диаспорасының хал-жағдайын да білуге себеп туды. Аспиранттар, студенттер кездесуге жиі шақыратын. Олардың алдында өлең оқу да, ел жайлы әңгіме қозғау да қызық өтетін. Мәскеудің тағы бір бергені – ол кезде қазақ газет-журналдарының бәрін алдырып тұрдым. Жас ақын-жазушылардың, суретші, сәулетшілердің Мәскеуге келгендері, аға буын алыптар да кездесуге құмар болатын. Соның бәрі елге деген сағынышыма шипа болды.

Евней Букетов, Тұманбай Молдағалиев, Әбділдә Тәжібаев, Ілияс Есенберлин, Хакімжан Наурызбаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Шота Уәлиханов, Сәкен Жүнісов, Төлеген Досмағамбетов келген сайын дәмдес болмай, сырласпай кетпейтін. Бұл да зор сабақ емес пе?! Өмірі жүздеспей өтсек те, Ахмет Жұбанов ағамыз түсіме кіріп, «Күй атасы арымсың» деген үлкен өлеңім туған, ол да бір сағыныштың бергені шығар. Нұрғиса Тілендиев «Отырар сазын» Мәскеуге әкелгенде аттас поэмам туды. Қадыр Мырзалиев ізденімпаз, интеллектуал, зерделі ақын. Кезінде сирек кездесетін кітаптардың артығын сыйласып жүретінбіз. Мәскеуге келген бір сапарында «Алдаспанның» цензурадан өтпеген нұсқасын сыйлады. Сол кітап біздің үйде ең сыйлы жерде сақтаулы және оны жиі оқып, қайталап жүремін. Үкілі Ыбырай, Ақан Сері, Балуан Шолақ, Біржан сал бабаларымның өлеңдерін жасымда көп үйренгенім бар еді. Оларды да Қайрат Байбосынов сияқты інілерімізге үйретуге құштар болдым. Алыста жүрсем де жүрегімнің ең ыстық лүпілі туған ел деп соғып жүрді. Сабақтың ең үлкені де осы шығар.

Мәскеу – тоқсан өнердің тоғысқан жері еді ғой, қолдың тиюіне қарай барын базарлауға тырыстым. Жалпы, мәскеуліктердің қазақстандықтарға деген ықыласы сүйсінерліктей еді. Менің институтта бірге оқыған, бір жылғы төлдер болған достарымның елуден артығы Мәскеуде тұрды, олардың да қайғысы мен қызығына ортақтас болдым.

Мәскеуде тұрған кезде ұлым Ерлан институт бітірді, үйленді. Жезқазғанға кенші болып келіп, кандидаттық диссертациясын қорғады. Қызым Майра да институтты Мәскеуде бітіріп, тұрмысқа шығып, мәскеулік Марат Бекеновпен көңіл қосты. Үлкен немерелерім Мәскеуде туды. Баяғыда институтты бітіріп, дипломды қорғағаннан кейін бір жұмадан аспай өзім де Мәскеуде үйленген болатынмын. Ол кездегі той да ресторанда емес, үйде өтетін. Бәйбішем Мәриямның бірге оқыған досжар қызының кең үйіне жиналып, достарымыз бен елден келген туыстар сол тойға куә болғаны бар. Сол үйдің қасынан жылына бір өтіп, балаларыма, немерелеріме көрсетіп қоятынмын. Оқуды, қызметті қоса есептегенде, Мәскеуде он сегіз жыл өмірім өтіпті. Сондықтан бұл ғажайып қаланың берген рухани да, азаматтық та, ақындық та сабақтарын әрқашан сыйлап өтемін.

Туған елім – Қазақстанның тәуелсіздігін шын тілесем, Мәскеумен әрқашан көршілік тату-тәтті қарым-қатынаста болуымызды қалаймын. Ата-бабамыз сан жылдар аңсаған егемендікке жеттік, ал шын тәуелсіздікке жету үшін орыс сияқты ұлы халықпен достықты үзбеспіз деп сенемін. Мәскеу тек қана үлкен қала емес, ол – тарихи тамырымыз жалғасып жатқан ұлы елдің астанасы, оның өсіп, өнуіне, өркендеуіне Қазақстан да өз үлесін қосқан. Бүкіл әлемді фашизмнен қорғауда да қазақстандықтардың, әсіресе, Мәскеу түбіндегі ерлігін бүкіл адамзат қалай ұмытпақ?! Сондықтан Мәскеу бізге жақын, тағдырлас қала, оған айтар алғысым да аз емес. Өркендей берсін! Мәскеу сапарымда ақындық шабытым да ашыла түсті, ал өлеңім мен жүрегім елде жүрді…

– Орталық комитеттің инспекторы болып жүрген кезіңізде партияның жергілікті республика, облыс көлеміндегі басшылары тарапынан жасалған заңсыздықтарды, қылмысты істерді тексеруге қатыстыңыз ба?

– Әрине, инспектордың жұмысының бір үлкен тармағы да осы мәселе. Қазақстандағы осындай істерді тексеруден мүлдем бас тарттым. Бір жақсылығы, біздің ел бұл жөнінде өзгелерден тазалау болды, ал Колбиннің кезіндегі кейбір асыра сілтеулер әділ бағасын алды ғой. Басқа аймақтарда, көбінесе Ресей жерінде өлкелер мен облыстардағы заңсыздықтарды тексеруге қатысқаным рас. Нақтылы фактілер болмаса, бүркеншік атпен жазылған сырттай ғайбаттауларды тексере бермейтінбіз.

Ал ашық, ашына жазылған арыз-шағымдардың жөні бөлек. Әлі күнге дейін есімде: Мәскеудегі біраз қиянатты қатты шеккен арыз иелерінің шындыққа жеткенде айтқан алғыстарын да алдым. Аппаратта істейтін Алаев деген қызметкердің арызы бойынша Орталық комитеттің бұрынғы іс басқармасының басшысы, Социалистік Еңбек Ері атанған Павловтың сұрқия әрекеттерін ашу бізге де оңайға түскен жоқ. Әйгілі «Краснодар ісі» – Медунов мәселесі ел-жұртқа белгілі оқиға. Ол жер парақорлықтың жүйелі түрдегі астанасы болып кеткен екен, соған көзім жетті. Әділ де таза жүргенім мені қиянаттап, жазықсыз қаралаудан аулақ етті. Қандай тексеріске қатыссам да әділ болуға, адал болуға тырыстым.

– Колбиннен бұрын Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшылығына Сіздің де кандидатураңыз ұсынылған екен деген сөз бар.

– Бұл сөз кейбіреулердің ойдан шығарған долбары шығар. Тап осындай мәселені маған айтқан ешкім жоқ. Тек лауазымды бір жолдасым: «Сен туралы бір үлкен сөз болған екен, «ол үлкен ақын, ел басқаруға қолы тимей кетер», – депті», – деді. Әлі есімде, М. С. Горбачевті Ташкентке бір келгенінде қарсы алдық. Өзбекстан Компартиясы Орталық комитетінің мүшесі едім. Жұрттың көзінше құлағыма сыбырлап: «Өлең қалай?» – деді. «Михаил Сергеевич, өлеңге қолым тимей жүр, зейнет демалысына шыққанда жазбасам…» – дедім. Ол кісі: «Жоқ, жаза беріңіз! Мәскеуден шыққан жинағыңызды оқыдым, жақсы екен», – деді. Әлгі жолдасымның айтқаны сонда есіме түсті. Бір білгенім осы. Сол күні елден телефон соғушылар көп болды. Олар да теледидардан көргендерін айтып: «Горбачев құлағыңа не деп сыбырлады?» – деп сұрап жатты.

(Соңы газетіміздің келесі санында).

Әңгімелескен

Әшірбек АМАНГЕЛДІ.

1999 жыл, қаңтар.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp