«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙСАР ӘКЕ

Жеңіс күні – біздің отбасымыз үшін ерекше мейрам. Соғыста жау-мен жан аямай айқасып, бейбітшілік орнаған жылдары елдің ауыл шаруашылығын қалпына келтіруге еңбек сіңірген әкем Сарша Махметов жайлы сыр шертпекпін.

Есіл ауданындағы Бұлақ ауылында дүниеге келген әкемнің балалық шағы ел өміріндегі қиын кезеңге тұспа-тұс келді. 18 жасында Ленин аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен майдан даласына аттанды. Өкінішке қарай, әкеміз сұрапыл соғыста жанқиярлық танытып, қиян-кескі ұрыста ерлік көрсеткені жайлы көп айта бермейтін, ақпараттар толық сақталмағандықтан, көп жайттан бейхабар едік. Бірақ жақында Мәскеу қаласынан әкемнің марапатқа ұсынылғаны жайлы деректер таптық. Оның ерлігі туралы оқығанда, әлі күнге дейін көзімізге жас үйіріліп, кеудемізді мақтаныш сезімі кернейді. Әкеміз талай рет ажалмен бетпе-бет келсе де тайсалмаған екен.
Ол 1944 жылы Белоруссияның солтүстігінде орналасқан Витебск облысындағы ұрыста ерлік танытып, алғаш рет “Қызыл Жұлдыз” орденіне ұсынылған. Осы шайқастан кейін әкеме сержант атағы беріліп, командирдің орынбасары болып тағайындалады.
Осыдан кейін Прибалтиканы азат етуге де қатысып, батылдығымен, өжеттілігімен тағы да көзге түскен. 1945 жылдың наурыз айында Латвияның Либав уезінде өткен ұрыста ол жаудың үш қаруын жойған. Осыдан үш күн өткеннен кейін тап осы аумақта тағы да мылтық кезенген екі жауды өлтіріп, осы әрекетінің арқасында аталған шекараны сақтап қалуға септескен. Нәтижесінде екінші дәрежелі “Даңқ” орденіне ұсынылғанын да айта кеткен жөн. Және “Қызыл Жұлдыз” орденімен екінші мәрте марапатталады.
Майдан даласындағы ерлігі үшін бірнеше орден мен медальды тағынған әкеміз 1947 жылы аман-есен елге оралып, бірден ауылдағы еңбекке араласты. Ол соғыстан кейін экономиканы қалпына келтіруге барын салды. Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп, ауылда жылқышы да, қасапшы да болды. Анамыз Уәзипа Сейтқазықызымен шаңырақ көтеріп, екеуі он ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Оның өнегелі ғұмыры, бізге берген тәлім-тәрбиесі өсиетке толы болатын.
Көзі тірісінде осындай құрметке бөленген әкеміз ұрпақтарының арасында бақытты ғұмыр кешіп, бейбіт өмірдің қызығын көрді. Қазіргі таңда оның ерлігін еліміздің түрлі өңірлерінде тұрып жатқан отыздан астам немере-жиені, ұрпақтары мақтанышпен еске алады. Жастай жетімдіктің қиындығын көріп, одан соғысқа аттанып, жерімізге қол сұққан фашистерді жер жастандырған әкеміздің өмірі – біз үшін өнеге.


Социал МАХМЕТОВ,
Бұлақ ауылының тұрғыны.
Есіл ауданы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp