«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН НАУРЫЗНАМА

Көктемнің алғашқы лебі есіп, табиғат қайта оянғанда ел ішінде ерекше мейрам тойланады. Бұл – Амал мерекесі. Оны халқымыз ықылым заманнан бері жылдың басы санап, қастерлеп келеді. Себебі Амал – табиғат қана емес, адамның жаны да жаңарып, жүректер тоғысып, бауырмалдық бекемделетін күн.

Наурызнаманың алғашқы күні өңірдегі ақ жаулықты аналарымыз бен ақ сақалды аталарымыз, түрлі этнос өкілдері Қазақстан халқы облыстық ассамблеясына жиналды. Ассамблея өкілдерін Амал мерекесімен құттықтауға арнайы келген өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов ұлттық құндылықтарды насихаттауға, бірлік пен татулықты нығайтуға үлес қосып жүрген жандарға алғысын білдірді.

– Сіздер облысымызда этностардың мәдениеті мен дәстүрін сақтауға, келісім мен бірлікті нығайтуға зор үлес қосып келесіздер. Отбасындағы және қоғамдағы жылылық пен татулыққа негізделген мерекеде жасы кішілер үлкендердің үйіне арнайы барып, сәлем береді, ақсақалдардан бата сұрайды. Барлық ренішті ұмытып, айналамыздағы адамдарға шынайы мейірімділік көрсетуге шақырады, – деген облыс әкімі өңірдегі этномәдени бірлестіктер өкілдерінің былтырғы су тасқыны кезінде көрсеткен қолдауларын ризашылықпен атап өтті.

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры және Ақан сері атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары «Жарапазан» жырын айтып, қасиетті Рамазан айында ауыз бекіткен жамағатқа жақсылық тіледі.

Наурызнаманың екінші күні «Шаңырақ күнінде» отбасылық құндылықтар дәріптеліп, ұрпақтар сабақтастығы мен татулықтың маңызы айқындала түсті. Өңір басшысы Рамазановтар отбасына арнайы барып, Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

Бектұрған Құрмашұлы мен Жанболсын Бәйкенқызы – жарты ғасырдан астам уақыт бір шаңырақ астында өмір сүріп, өзара сүйіспеншілік пен құрметтің жарқын үлгісін көрсетіп келе жатқан ардақты жандар. Бектұрған ағамыз ширек ғасыр Жамбыл ауданындағы Үлгі ауылында мектеп басқарып, өңірдегі білім саласының дамуына өз үлесін қосты. Ал Жанболсын апамыз – көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері. Өңір басшысы Рамазановтар әулетінің ұлттық дәстүр мен құндылықтарды сақтаудағы үлесін ерекше атап өтті.

– Бірлігі жарасқан Рамазановтар отбасы – өзара қамқорлық пен сыйластықтың тамаша үлгісі. Жастар арасында отбасылық құндылықтарды дәріптеу, бірлікті насихаттау аса маңызды. Қазақ халқы әрқашан үлкенді сыйлап, ата-ананың ақ батасын алуды парыз санаған. Мұндай өнегелі отбасылар – қоғамымыздың алтын діңгегі, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Наурызнама аясында Петропавл қаласындағы №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде де Наурыз мерекесі кеңінен атап өтілді. Мектеп ұжымы киіз үй тігіп, ұлттық ойындар мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырды.

Өңір басшысы жиналған көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp