
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған “Biz birqemiz!” республикалық акциясы аясында “Nur Otan” партиясының Есіл аудандық филиалы да бірқатар жұмыстар атқарды.
Әлемді дүрліктірген пандемияға байланысты табысынан айырылып, қиын жағдайға тап болған 60-тан астам отбасыға азық-түлік, антисептикалық құралдар, медициналық бетперделер мен алғашқы қажеттілік тауарлары таратылды.
Қайырымдылық акциясына аудандағы бірқатар ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары мен жеке кәсіпкерлер де атсалысты. Мысалы, Чириковка ауылынан Жасұлан Искужанов, Явленка ауылынан Адай Сасықов пен Сергей Игнатенко “Nur Otan” партиясының аудандық филиалынан және жергілікті атқарушы органдардан көмекке мұқтаж отбасылардың тізімін алып, оларды азық-түлікпен, медициналық бетперде, антисептикалық құралдармен қамтамасыз етті.
– Жұдырықтай жұмылсақ, кез келген қиындықты жеңеміз. Сол себепті, қиын сәтте немқұрайдылық танытпай, мұқтаж жандарға қолдау көрсетуіміз қажет. Біз тығырыққа тірелген көпбалалы аналарға көмектесуді ұйғардық, – дейді кәсіпкер Адай Сасықов.
Қайрат ӘБІЛҒАЗИН,
“Nur Otan” партиясы Есіл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.