«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ — АДАМГЕРШІЛІК ҮЛГІСІ

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы негізінде балаларды есепке алу және оқумен толық қамтамасыз ету мақсатында облыста “Қамқорлық” қайырымдылық акциясы өткізілді.

Акция аясында мектеп жасындағы балаларды білім беру ұйымдарында оқытумен қамтып, әлеуметтік қорғалмағандарға қолдау көрсету іс-шаралары көзделді. Аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар оқуға қажетті құрал-жабдықтармен, киім-кешекпен қамтамасыз етілді. Айыртау ауданындағы аз қамтылған оқушылар медициналық тексерістен өткізіліп, қайырымдылық көмек алды. Облыстағы барлық мектептерде оқу мәселелері педагогикалық кеңестерде қарастырылып, аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан балалардың, сондай-ақ, үйде оқытылатын мүгедек оқушылардың тізімі нақтыланды.

Тәрбиелеу мақсатында “Балдырғанға кітап сыйла”, “Қайырымдылық – адамгершіліктің белгісі”, “Мен қамқоршымын”, “Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет”, “Мейірімділік жаса”, “Өзіңді жақсы әдептерге үйрет” тақырыптарында акциялар, рейдтер, сыныптан тыс іс-шаралар өткізілді. “Жақыныңды қорға!”, “Мейірімділік – әлемді қорғайды” суреттер конкурсы, “Жақсылық істеуге асығыңыз”, “Әлемді мейірімді етейік”, “Өзіңнің достарыңа көмектес” тақырыптарында шығармалар байқауы ұйымдастырылды.

Іс-шаралар жоспарына сәйкес ата-аналар және полиция қызметкерлері бірлесіп апта сайын оқумен қамтылмаған, күн тәртібін бұзатын балалар мен жасөспірімдерді анықтау рейдтерін өткізіп, аз қамтылған отбасылардың пәтерлерін, ойын-сауық орындарын аралады. Жалпы 33832 рейдтік шара өткізіліп, оған білім беру, үкіметтік емес ұйымдар, ішкі істер қызметкерлері мен ата-аналар қоғамының өкілдері қатысты. Акция кезеңінде еш себепсіз сабаққа бармаған үш жасөспірім анықталып, оларды оқу орындарына қайтаруға бағытталған жұмыстар жүргізілді.

Жалпы білім беретін мектептерде 69324 бала ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Тегін ыстық тамақпен 10851 (16 пайыз) оқушы қамтылды, оның ішінде 8903-і – аз қамтылған отбасыдан шыққан балалар. Бастауыш сыныптардағы 30889 оқушының 5448-і (18 пайыз) тегін ыстық тамақпен қамтылған. 1295 (4 пайыз) оқушы шаруашылық субъектілерінің қаржылық көмегі есебінен тамақтанады. 5-11-сыныптағы 38464 оқушының 5403-іне тегін ыстық тамақ беріледі. Бұл асханалардың ас мәзіріне мектеп жанындағы тәжірибелік учаскелерде өсірілген көкөністер пайдаланылады. Тамақтануды медициналық қызметкерлер бақылайды. “Қамқорлық” акциясы аясында аз қамтылған отбасыдан шыққан 5976 бала 17844,1 мың теңге материалдық көмек алды.

Айгүл ОСПАНОВА,

облыстық білім басқармасының бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp