
Өңір басшысы Құмар Ақсақалов облыс орталығындағы ірі кәсіпорындар мен құрылыс нысандарын аралады.
Алдымен облыс әкімі “Жас өркен” шағынауданында бой көтеріп жатқан 18 қабатты тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Мердігер ұйым – “Зерттеу СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қаламыздағы ең биік тұрғын үйді биыл пайдалануға бермек. 108 пәтерлі баспана “7-20-25” бағдарламасы бойынша сатылады. Пәтердің бір шаршы метрінің бағасы 140 мың теңге болмақ.
Құмар Ақсақаловтың айтуынша, өңірімізде құрылыс қарқыны жыл сайын артып келеді. Өткен жылы жалпы ауданы 250 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, биыл бұл көрсеткішті 300 мың шаршы метрге жеткізу жоспарланып отыр. Яғни, 2018 жылы – 2 мың, 2019 жылы – 2,2 мың, биыл 3 мың пәтер пайдалануға берілмек. Оның ішінде коммерциалық тұрғын үй құрылысына келер болсақ, өсім анық байқалады. 2016 жылы 198 пәтер сатылса, ал былтыр одан 3 есе көп, яғни 634 пәтер пайдалануға берілген. Бұл тұрғындардың төлем қабілетінің артуын әрі олардың баспаналы болуларына оңтайлы тетіктердің жасалып жатқандығын айғақтағандай.
– Петропавлда 1,2 мың көпқабатты тұрғын үй (71 мың пәтерге жуық) бар болса, оларда шамамен 175 мың адам тұрады. Ал 44 мың азамат жер үйде тұрады. Яғни, қала халқының 80 пайызы – жылы да жайлы баспаналардың тұрғындары. Біз жыл сайын ескі үйлерді сүріп, 400 мың шаршы метр тұрғын үй салуымыз керек. Бұл қолымыздан келеді. Сондықтан құрылысқа қарқын қосуымыз қажет, – деді Құмар Іргебайұлы.
Толығырақ газетіміздің келесі нөмірінен оқи аласыздар.