«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛАМГЕР МҰРАСЫ — АСЫЛ ҚАЗЫНА

Заманымыздың заңғар жазушысы Сәбит Мұқановтың Қызылжардың атырабында дүниеге келіп, қасиетті жердің таза ауасымен тыныстап, топырағында аунап, суында шомылғанын мақтан етеміз. Қазақ әдебиетінің көрнекті қайраткерінің қаламынан туған шығармалар оқырман қауымға өмірлік азық болғаны ақиқат. Талай тамаша туындыларды дүниеге әкелген қарымды қаламгердің көркем шығармалары әлі күнге дейін өзінің мәнін, маңызын жойған жоқ.

Өз дәуірінің шежіресін шертіп, жаңа дәуірдің жарқын белесіне ұмтылған оның артында қалған өшпес мұра – ұрпаққа өнеге. Жамбыл ауданына қарасты Сәбит ауылында осындай тарихи тұлғаның әдеби мұрасын сақтап, насихаттауға арналған музей-үйдің жұмыс істейтіні баршаға аян. Бұған дейін айтылып, жазылса да музейдің қысқаша тарихымен таныстыра кету артық болмас деп ойлаймын.

Сәбит ауылындағы тарихи-мәдени кешен 1990 жылы ашылды. Бұл үйде бұрын жазушының ағайындарының бірі тұрған. Оның жалпы аумағы 180 шаршы метрді құрайды. Қарағайдан тұрғызылған бірқабатты ағаш үйде жатын, қонақжай, асүй мен тағы басқа бөлмелер бар. Қайта жөндеуден өткен кешенге оның жазбалары мен кітаптары қойылды. Сондай-ақ, жазушының кабинеті мен жеке заттары орналасқан. Мұражайда этнографияға қатысты экспозиция да бар. Қорда Сәбит Мұқановтың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертер құнды құжаттар сақталған. Жалпы 673 жәдiгер бар. Тарихи-мәдени кешеннің аумағында жазушыға арнап бюст орнатылған. Ал үйдің жанында шағын саябақ, жазғы сауығу орны мен шошала орналасқан.

Музейде жыл бойы көптеген іс-шаралар өтеді. Әдеби кешен танымдық орын ғана емес, ғылыми-зерттеу орталығы ретінде де біраз жұмыс атқаруда. Мұнда жұмыс істейтін қызметкерлер туған өлкенің тарихына қатысты этнографиялық материалдарды жинақтаумен айналысады.

Мұражай қазығы қағылған күннен бастап халқымыздың мәдени мұрасын зерттеу жұмыстары жалғасуда. Жазушының шығармашылығы, өмірі мен қызметін кеңінен зерттеу үшін Алматы қаласындағы Сәбит Мұқанов мұражайымен әріптестік байланыс орнаттық. Артында қалған ұрпағы Баян, Жанна Мұқановалармен де тығыз қарым-қатынастамыз.

Жерлесіміз жайлы ғылыми жоба жазу үшін материалдар жинақтау мақсатымен Қостанай облысының оқушылары қонақта болды. Сәбит ауылын көріп, мұражайдың ішін аралаған оқушылар қормен танысты. Киелі жерлерге саяхат жасап жүрген “Қасиетті Қазақстан” ғылыми-зерттеу орталығының өкілі Батырхан Жұмабаев мұражаймен танысты. Жалпы, бізге өзге өңірлерден келушілердің саны аз емес. Жерлес спортшымыз Данияр Кәленов пен “Серпін” бағдарламасы бойынша білім алып жатқан студенттер, Астана қаласының №35 мектеп-лицейінің оқушылары мұражайда болды. “Лесная поляна” жазғы сауықтыру лагерінің тәрбиеленушілері де экскурсияға келді. Қазақстанның түкпір-түкпірін айтпағанда, Ресей, Германия елдерінен келген саяхатшылар бар.

2018 жылы Астана қаласының – 20, Мағжан бабамыздың 125 жылдық мерейтойлары мен тағы басқа ауқымды шараларға байланысты “дөңгелек үстелдер”, мұражай және сынып сағаттары өткізілді. Жыл сайын Сәбит Мұқанұлының туған күнінде еске алу кешін ұйымдастырамыз.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласында: “Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс”, – деп айтқан болатын. Есімдері ел есінде сақталатын біртуар перзенттерді айтқанда, Жамбыл ауданынан шыққан жерлестеріміз Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Иван Шухов сияқты Ұлы даланың қырандарын қалайша мақтан етпеске?!

Алдағы уақытта жүзеге асыруды көздеп отырған ауқымды жоспарларымыз да жоқ емес. “Жастар жылы” аясында ғылым, спорт, мәдениет салаларында жетістікке жеткен жастарымыз туралы материалдарды жинақтау көзделуде. Сәбит ауылының тоқсан жылдығын мерекелеуге де белсене қатысып, туған жердің мәртебесін асқақтату міндеті жүктелді. Сонымен қатар отыздан астам мәдени-бұқаралық шара мен 2019 жылдың айтулы оқиғаларына орай көрме, дәрістер өткізу жоспарда бар.

Сәбит Мұқановтың 120 жылдығы да жақындап қалды. Осыған байланысты музейде мәні терең, маңызы зор ауқымды шаралар өтпек. Кешенді күрделі жөндеуден өткізу ойда бар. Сондықтан бабамыздың мерейтойына дайындық жұмыстарын бүгіннен қолға алып, торқалы тойды тиісті дәрежеде өткізу – абыройлы парыз.

 Әлия СӘРСЕКОВА,

Сәбит Мұқанов музей-үйінің меңгерушісі.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp