Биыл адамзат тарихындағы ең сұрапыл қанды қырғын – Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына 80 жыл толады. Осы Жеңіске қазақстандықтардың да қосқан үлесі олқы емес. Сарбаздарымыз ел басына қара бұлт үйірілгенде қолына қару алып, жауына арыстандай қарсы атылса, майданға жөнелтілген 10 оқтың 9-ының қазақстандық қорғасыннан жасалғанын айту да зор ғанибет! Біздің жерлестеріміз де алғашқы күннен кескілескен ұрыстар жүріп жатқан алғы шепке ұмтылды. Олардың қатарында қаламын қаруға айырбастаған солтүстікқазақстандық әріптестеріміз де болды. Бүгінгі әңгімеміз солар жайында өрбімек.
Өмірдерек: Мұхаметқали НҰРҒОЖИН (1917 ж. Солтүстік Қазақстан обл., Совет ауд. (қазіргі Аққайың) – журналист, ұзақ жылдар «Ленин туы» (қазіргі «Soltüstık Qazaqstan») газетінде қызмет істеген. Ұлы Отан соғысының ардагері.
Отан алдындағы борышымды өтеп оралған бетім. Өзім танитын жігіттерге амандасып шығайын деген оймен, жолдаған мақалаларымды, хабарларымды жариялап тұратын облыстық газет редакциясының табалдырығынан аттауым сол екен, қызметкерлердің бірі: «Жақында редактор әскер қатарынан қашан босайды екен деп сен туралы сұраған еді, кіріп шықсайшы», – деді. Кірдім. Редактор амандық-саулықтан кейін бірден: «Біздің ұжымда қызмет істеуге қалай қарайсың?» – деді. Бұл мен үшін күтпеген ұсыныс еді. «Қолымнан келе қояр ма екен?!» – деп күмілжи жауап бердім. «Келеді, көмектесеміз», – деді ол нық сеніммен. Осылай ойламаған жерден, 1971 жылдың желтоқсан айының 20-шы жұлдызында Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» газетіне кіші әдеби қызметкер болып қабылданып, тілшілер қатарына қосылдым.
Басшылар өздері келіскен болуы керек, жауапты хатшы Сабыр Сауытбаев совет құрылысы (ол кезде «кеңес» деген сөз қолданысқа әлі ене қоймаған) бөліміне ертіп келді. «Редакция алқасы осы бөлімге бекітті, бастығың мына кісі болады, – деп төрде отырған қараторы өңді, жұқалтай келген, жасы елулер шамасындағы кісіні – Мұхаметқали Нұрғожин деген ағаң», деп таныстырды да, көп бөгелмей шығып кетті.
Бөлмеде үш үстел тұрғанына қарағанда, үш қызметкер отыратын болуы керек. Бастыққа қарсы қойылған үстелдің иесі өзіммен бір мектепте оқыған Шашубай Малдыбаев болып шықты. Кешікпей ол да келді. Мені көріп, редакцияға жұмысқа орналасқанымды естіп, құттықтап жатыр. Бастығымда үн жоқ, көзілдірік тағады екен, ара-тұра соның үстінен қарап қояды. Түсі суықтау көрінді. Қатты адам ба деп қалдым. Келесі күні амандық-саулықтан кейін бас қа сөз жоқ, бірден жұмыстың жайымен таныстыра бастады. Алдымен бөлімнің қандай мәселелермен айналысатынын тәптіштеп айтып шықты, жұмыс жоспарымен таныстырды. «Депутат, атқару комитеті, тұрақты комиссия…» Бір сөзін түсінсем, бір сөзін түсінбеймін. Сауда, тұрмыстық қызмет көрсету мәселелері де осы бөлімге қарайды екен. «Жұмыс бастан асып жатыр, өзіміз ғана жазбаймыз, автор материалдарын да ұйымдастырамыз», – деп бір тоқтады.
Байқаймын, расында да бас көтермей жұмыс істейді екен. Түсте бір сағат үзіліске барып келеді, қалған уақытта жазудан қолы босамайды. Шашубай осы бөлмеде отырғаны болмаса, басқа бөлімге қарайды. Мұхаңның онда жұмысы жоқ, келгені кеше ғана ғой, бойы үйренсін демейді, маған үйіп-төгіп тапсырма береді. Жазған материалдарымды жаратқан күннің өзінде, сызып-сызып шұнтитып тастайды. Ішімнен «Қайда келдім?» деп ойлап қоямын. Бірақ ләм деуге шама жоқ, Мұхаңның айтқандарын екі етпеуге тырыстым. Осылай күн артынан күн, ай артынан ай өтіп жатты. Жұмысқа біршама төселген сияқтымын. Байқаймын, кей материалдарыма Мұхаңның «тісі батпайтын» болды. Бірақ ол бір ауыз жылы сөз айтпайды. «Жоспарды қарап жүрсің бе, жазылмаған мәселелер көп» деп үнемі қамшылап отырады.
Жоғарыда «қатты адам ба деп қалдым» деп жазып едім, қателеспеппін. Бір күні қызық оқиға болды. Қазір қызық деп отырмын, ол кезде жаным мұрнымның ұшына келген. Мұхаң жұмысқа үнемі менен ерте келетін. Газеттің жаңа шыққан нөмірін қарап отыр екен, сәлем бердім де қағаздарымды ыңғайлай бастадым. Ол менің кіргенімді аңғармағандай, төмен қараған күйі үнсіз отыра берді. Қабағының түксиіп кеткеніне қарағанда ашулы. Ойымда ештеңе жоқ, «Мұха, бір нәрсеге ренжіп отырған сияқтысыз ғой, тиыштық па?» – дедім. Сол-ақ екен, өзіме дүрсе қоя берді: «Осы бөлімде істейсің бе, істемейсің бе?!» Не дерімді білмей сасып қалдым. Түкке түсінсем бұйырмасын?! Әлі маңдайым тасқа тимеген жас кезім ғой, жай отырмай «Не болып қалды?» – дедім. Осы сөздеріммен «отқа май құятынымды» қайдан білейін, Мұхаң тіпті бұрқырап кетті: «Сайлау кезі, бәріміз күйіп-пісіп жатырмыз, сағат жеті кезінде сайлау комиссиясынан нөмірге баратын шұғыл хабар келді, сен жоқсың…» Одан әрі сөз жарыстырған жоқпын. Бәрі түсінікті болды. Ол кезде ресми материалдарды редактордың орынбасарлары, жауапты хатшы, бөлім меңгерушілері – өздері аударады. Жастарға сене бермейді. Кеше тапсырма болмағаннан кейін алты жарым кезінде көппен бірге мен де кетіп қалғам, Мұхаң бұлқан- талқан болып, соған ренжіп отыр екен.
«Жақсының ашуы шай орамал кепкенше» деген емес пе, тура сөйлейтін, ақты ақ, қараны қара деуден танбайтын Мұхаң қызбалау болғанмен, бәрін тез ұмытып кететін. Екеуміз он жылдай бір бөлімде істедік. Бертін жігіттер: «Мұхаңа он жыл шыдаған саған медаль беру керек», – деп күлетін. Шынында да Мұхаңды түсіну қиын еді, томаға-тұйық, ашылып әңгімеге де илікпейтін, білгені тек жұмыс. Бірде оңаша отырғанда Қызылжардағы мұғалімдер даярлайтын техникумда оқығанда қуғын-сүргін құрбаны болған қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтан сабақ алғанын айтып қалғаны бар. Ол кезде Мағжан Жұмабаевтың аты атала бермейтін. Содан ба екен, одан әріге бармады, қойған сұрақтарымның бәрі жауапсыз қалды.
Тілшілердің көбі газеттің жаңа саны шыққан сайын өтетін лездемелерде оның сынына ұшырап қалмасақ екен деп қылпылдап отыратын. Өйткені ол бір кемшілікті байқаса, үндемей отыра алмайтын, үлкен-кіші, бет-жүзің демей өлтіре сынайтын. Мінезі қатал болса да әділ еді. Жоғары жақтағылардан да онша қаймыға қоймайтын, соларға телефонмен ұрсып жатқанын талай рет естідім. Іштей «От пен оқтың ортасынан оралған адам ғой, кімнен қорқады?!» деп ойлап қоямын.
Иә, ол майдангер еді. Майдангердің де майдангері бар ғой, Мұхаң талай рет жан алып, жан беріскен алғы шептегі ұрыстарға қатысқан нағыз хас жауынгердің өзі болатын. Ол соғыста гвардия лейтенанты шені бар рота командирінің орынбасары болыпты, Брянск майданының 133 жеке дивизиясының 487-атқыштар полкінің құрамында шайқасыпты, бірнеше рет ауыр жарақат алған. 1943 жылы Брянск түбінде болған қанды қырғында бораған оқтың астында жауынгерлерді шабуылға көтерген Мұқаң жараланып, ес-түссіз дала госпиталіне жеткізіледі. Емделіп, сәл айыққаннан кейін 25-гвардиялық атқыштар полкіне қосылып, қайтадан жойқын ұрыстарға қатысады. Бірақ сол 1943 жылдың тамызында жамбастан қатты жараланып, тағы да госпитальдан шығады. Бұл жолғы жарасы тым ауыр болса керек, қанша емделсе де толық айығып кете алмайды. Осыдан кейін Мұқаң 1944 жылдың қаңтарынан жеке резерв полкінің насихатшысы қызметіне кіріседі. Осы қызметте жүргенде майданның «Отан намысы үшін» газеті редакторының назарына ілігіп, тілшілер қатарына қосылады. Сөйтіп, елге 1946 жылдың орта шенінде бір-ақ оралады.
Бірақ ол соғысқа қатыстым, өйттім, бүйттім деген әңгімеге аса бара қоймайтын. Тіпті ол кісі мақтануды білмей өтті десем, артық айтқаным емес.
Майданнан оралған Мұхаң 1950 жылы – отыз үш жасында облыстық «Ленин туы» газетіне тілші болып орналасады. 1963 жылы солақай саясаттың салдарынан өңірдегі жалғыз қазақ газетінің жабылып қалғанын білеміз. Осы басылымның қабырғасында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары қызметтерін абыроймен атқара жүріп журналистік шеберлігін шың дай түскен абзал азамат жұмыссыз қалған жоқ, Сергеевкадағы 22-жылжымалы механикалық колонна бастығының орынбасары қызметіне шақырту алды. Арада үш жыл өткеннен кейін «Ленин туы» қайта ашылды. Нақ осы кезде редактор Құрмантай Меңдіғожин құрылыс бөлімін ашып, оны басқаруды Мұхаметқали Нұрғожинге тапсырады. Ол осы қызметті 1977 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін атқарды.
Өмірдерек: Рашит БӘДІРЛЕНОВ (1920 ж. Солтүстік Қазақстан обл., Совет ауд. (қазіргі Аққайың) – журналист, аудандық газеттің редакторы, 1966 жылдан облыстық «Ленин туы» (қазіргі «Soltüstık Qazaqstan») газетінде редактордың орынбасары болған. Ұлы Отан соғысының ардагері.
Мен газетке қызметке қабылданғанда редакцияда бес соғыс ардагері жұмыс істейді екен. Олар: Мұхаметқали Нұрғожин, Уәра Нұрсейітов, Рәшит Бәдірленов, Иван Лукин және Қаби Махметов. Осылардың ішінде Рекеңмен ертерек танысып, араласа бастадым. Өйткені біздің бөлімнің материалдарын сол кісі қарады. Бойы ортадан төмен, жұқалтаң адам еді. Өте ұқыпты, еңбекқор болды. Материалдарды өте мұқият қарайтын. Ол кісі зейнет жасына толып, қызметін басқа адамға тапсырғаннан кейін бір бөлмеде отырдық. Мұхаң Мұхаң ба, бұл кісінің тәртібі тіпті күшті екен, жұмысқа бір минөт кешігуді, бір минөт ерте кетуді білмейді. Рекең түсте бір болмай, кешке болса да болмасын, алтыда қайту жоқ, газет кеш бітеді, орнынан тұрмайды. Ол кісіге қарап мен де байланып отырамын.
Мұхаңа қарағанда Рекеңнің мінезі жұмсақтау болды. Ол кезде түрлі сенбіліктер жиі ұйымдастырылатын, күзде бәріміз қартоп жинауға барамыз. Рекең «мен редактордың орынбасарымын, майдангермін» деп жұмыстан шет қалмайтын, үнемі жастармен бірге жүреді.
Зейнет демалысына шықаннан кейін ол кісі редакцияда қалып, қатардағы тілші болды. Газет аптасына бес рет шығады, толтыру оңай емес. Сол кезде запас санау деген болды. Секретариаттағылар бір айда кім қанша материал берді, соның қорытындысын шығарып, қабырғаға іліп қояды. Рекеңнің фамилиясы үнемі үздіктер қатарында тұратын.
Бір кабинетте отырамыз. Бірде Рекең үйінен қалың папкені ала келіп, жазу үстеліне қойды. Бұл не екен деп, әлсін- әлсін қарап қоямын. Содан жұмыстан үйге қайтарда ғана маған: «Бір повесть жазып жүр едім, соны саған оқытқалы отырмын, алдағы демалыс күндері қолың тисе, қарап шықсаң», – деді. Бұл кезде мен редакциядағы ең ірі партия тұрмысы бөлімін басқарамын, материалдарым өз газетімізде ғана емес, республикалық басылымдарда да жариялана бастаған. Арасында көркем дүниелер жазамын. Баспа бетін көрмеген жаңа шығармасын ұсынғанда осылардың бәрін ескерген болуы керек, қолыма ұстатып жатып, «тек жоғалтып ала көрме», – деді.
Көлемі әжептәуір болғанмен жеңіл оқылады екен, оқиғалары да тартымды, бірден баурап алды. Шығармасына өзінің жастық шағын, соғыс жылдары көрген қиыншылықтарын арқау етіпті. Кейін үзінділері газетімізде жарияланды.
Ол міндетті әскери қызметке 1939 жылы шақырылыпты. Ұлы Отан соғысы жылдарында екінші Беларусь майданының жеке саперлік батальонына түседі. «Кескілескен ұрыстарда қай төбенің басында қалатыныңды білмейсің ғой, ал сапер болу өлімге басыңды байлағанмен бірдей, қателесуге хақың жоқ. Осыны ескермегендер опат болып жатты», – дейтін мұңайып.
Еңбек жолын Совет (қазіргі Аққайың) ауданындағы Үлгіде қарапайым колхозшы болып бастаған Рекең Петропавл педагогика училищесін тамамдағаннан кейін туған ауылына оралып, мұғалімдік қызметке орналасады. Арада біраз уақыт өткеннен кейін аудандық партия комитетіне нұсқаушы ретінде шақырылғанына қарағанда, бұл қызметін жаман атқармаған сияқты. 1966 жылы аудандық газеттің редакторы қызметін атқарып жүрген ол қайта ашылған облыстық басылым редакторының орынбасары болып тағайындалады. «II дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.
Ол сырт көзге момын болып көрінгенмен, намысты қолдан бермейтін, өзінің ұстанымына берік, адал адам еді. Ешкімнен жасқанбай өз ойын бүкпесіз білдіретін. Жек көретін адамдарын ашық айтып отыратын. Айтқаны сол, бірде сол кездегі Кеңестер одағының бас басылымы «Правда» газетіне облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы А.Н.Пенчуктің жұмыс стилін сынап мақала жазып жіберіпті. Газет тілшісі мақаланы жеке жарияламай шолуға пайдаланса да облысты аяғынан тік тұрғызды.
Қанша кіжінгенмен, басшылар Рекеңе түк те істей алмады. Олардың жұмыстан шығармақ болған әрекеттерінен де ештеңе шыққан жоқ. Өйткені ол жоғарыда айтқанымдай, тәртіп бұзу дегенді білмейтін, өз ісіне адал азамат болатын. Менің есімде ол осындай бейнесімен қалды.
Өмірдерек: Уәра НҰРСЕЙІТОВ (1916 ж. Солтүстік Қазақстан обл., Совет ауд. (қазіргі Аққайың) журналистік еңбек жолын 1938 жылы «Ленин туы» (қазіргі «Soltüstık Qazaqstan») газетінде жауапты хатшы болып бастаған. Ұлы Отан соғысының ардагері.
Жастардың бәрі де сол жолдан өткен шығар, кілең ығай мен сығай, мүйізі қарағайдай қызметкерлер істейтін редакцияға сіңісіп кету маған да оңай болған жоқ. Менің алдымда үш буын: өзім сөз етіп отырған соғыс ардагерлері, олардың өкшесін басып келе жатқан Сұлтан Темірханов, Сабыр Сауытбаев, Бақыт Мұстафин, Серік Қасенов, Тұрысбек Қадіров, Абай Қазиев сынды «сен тұр, мен атайын» дейтін ағаларымыз, отыздан асып, қырыққа әлі тола қоймаған Мұрат Нұрмұханов, Әмір Қожахметов, Амандық Жантеміров, Амандық Әбжанов, Болат Қожахметов тұрды. Дегенмен «Сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» дегендей, мен үшін сол кезде ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып істейтін Уәра Нұрсейітовтің орны бөлек еді.
Ол кісі материалды көп жатқызбайды. Бірақ үтір-нүктесіне дейін қарайды. Әрине, кезінде «Отан үшін» деген әскери газетті басқарған, Калинин, 1-ші Прибалтика майдандарында тікелей шайқастарға қатысқан, бригаданың саяси бөлімінің комиссары болған өте тәжірибелі қаламгердің көңілінен шығу оңай емес-ті. Ол өте мәдениетті адам еді. Үлкенмен де, кішімен де бірқалыпты сөйлесетін, дауыс көтеру дегенді білмейтін, материалды оқып болғаннан кейін үн-түнсіз секретариатқа сырғыта салмай, міндетті түрде өзіңді шақырып алып, ой ортақтасатын, ақыл-кеңесін айтатын. «Мына жерге үтір қойдым, келісесің бе?» деп жымиды бірде. Сосын өзінің Алматыдағы журналистика институтында оқыған кезде (1935- 1938 ж.) қазақ тіл білімінің негізін қалаған Мәулен Балақаев, Ісмет Кеңесбаев сынды ғұламалардың алдын көргенін айтып, сол кісілердің туған тілімізге деген жанашырлығын ерекше бір ризашылықпен еске алушы еді.
Уәкеңнің алдына барған материалдар бірден шауып өте шықпайтын. Бірде менің де бір мақаламды кемшіліктерін айтып, «толықтырып, түзетіп әкел» деп қайтарып берді. Өзіме бәрі дұрыс сияқты, көп ойланбастан «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне салып жібердім. Күндердің күнінде әлгі мақалам республикалық газетте жарқ ете қалды. Уәкең де көріпті, шақырып алып: «Әнеугі мақалаңды «Лениншіл жасқа» жіберген екенсің, сыртқа да танылғаның дұрыс, бірақ жақсы материалдарыңды алдымен өзің еңбек етіп жүрген басылымға бер, өз ұжымыңның патриоты бол», – деді. Жамандай қысылдым. Ренжитін шығар деп қобалжып барған едім, бір ауыз ауыр сөз айтқан жоқ, «Сен жұмысы ауыр, жастар аса қызыға қоймайтын бөлімге түстің, сонымен отырып қалма, басқа тақырыптарға да жаз», – деп ақылын айтып шығарып салды.
Мен шамам келгенше, кезінде қаламгер ретінде қалыптасуыма көмектескен ұстаздарым жайлы жазып келемін. Солардың қатарында Уәра Нұрсейітов те бар. Ол кісі туралы қалам тербеудің сәті бүгін түсіп отыр. Уәкең ашық айтпаса да мені қолдап жүретін. Оған бір мысал, орақтың қауырт кезінде іссапарға бірге ала шықты. Ол кездегі редакцияның жайы белгілі ғой, көлік дегеннен бір-ақ машина. Оның да жүргенінен сынып тұруы көп. Сонымен Сергеевканы бетке алып шығып кеттік. Жолай Есіл бойындағы бірнеше ауылға соқтық, жұмыстың нағыз қызып жатқан шағы, қойын кітапшамыз толатын түрі бар. Бұрын да басшылармен талай рет іссапарға шыққан едім, бұл кісінің олардан жұмыс істеу әдісі бөлектеу көрінді. Аудан, шаруашылық басшыларын іздемейді екен, танаптан-танапқа, шаруашылықтан шаруашылыққа ауысып жүріп, уақыттың қалай тез өткенін аңғармай қалыппыз. Қас қарая Есіл ауданының шетіндегі бір ауылға ат басын тіреп едік, онда басшыларды таппай қалдық. Қазіргідей телефон жоқ. Осылай дағдарып біраз тұрдық. Сосын «Аға, шаршамасаңыз, біздің ауылға барайық», – дедім. Ойланып қалды, әжеп- тәуір жер. «Әке-шешеңді сағынып жүрсің бе?» «Ол да бар». «Онда ерте күнді кеш қылмай, жетіп алайық».
Ескі «Уазикпен» «тепеңдеп» келеміз. Күзде ауылдықтар ерте жата қоймайды ғой, біздің үйдің де шамы әлі сөнбепті. Ертеңіне асықпай күннің көзі құрық бойы көтерілгенде бір-ақ шықтық. Жолда тағы екі шаруашылыққа соқтық.
Осы сапарда Уәкең ашылып, біраз әңгіме шертті. Өткен-кеткен оқиғаларды еске ала отырып, бірде жадыраса, әлгіндей болмай мұңая қалады. Әңгіме тақырыбын соғысқа бұрғанымда тіпті үнсіз қалды. Біраздан кейін ғана «Біздің замандастарымыз не көрмеді?!» – деп күрсінді. Ол кісінің әскери шені майор екен. Талай рет кескілескен шайқастарға қатысып, от пен оқтың ортасына түсіпті. 1943 жылдың 27-29 қыркүйегі күндері Витебск облысының Суражин ауданының Верховье және Сенково елді мекендері үшін сұрапыл шайқас болады. Бекініп алған жау да бет қаратпай қарсыласып бағады. Осындай қиын сәтте майор Уәра Нұрсейітов коммунистер мен комсомол мүшелерін шабуылға бастап жүріп, қатты жараланады, оң қолынан айырылады. Осы ерлігі үшін ол І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталады.
Жас жігіт үшін қолынан айырылу үлкен қайғы еді. Бірақ ол тағдырдың басқа салған тауқыметіне мойыған жоқ. Қанша қиын болса да өзінің сүйікті ісін жалғастыра берді: көптеген проблемалық мақалалар, очерктер жазды, көркем аудармамен де айналысып, В.Линьковтың «Капитан старой черепахи» деген кітабын қазақ оқырманына ұсынды. Мәскеудегі КОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін тамамдағаннан кейін ірі-ірі ұжымдарды, атап айтқанда, Ақмола облыстық «Есіл правдасы», жаңадан ашылған «Тың өлкесі», Батыс Қазақстан өлкелік «Батыс Қазақстан» (қазақ тілінде), «Западный Казахстан» (орыс тілінде) газеттерінің біріккен редакциясын басқарды.
Зейнет демалысына әне-міне шығамын деп отырған аяулы азамат 1976 жылы 60 жасқа толуына екі күн қалғанда өмірден озды. Содан бері де жарты ғасыр өте шығыпты. Бірақ Уәкеңнің есімі ұмытылған жоқ. Ұмытылмақ та емес.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі, «Парасат», ІІ дәрежелі «Достық» және «Құрмет» ордендерінің иегері.