Өңірге жасаған жұмыс сапары аясында экология министрі Ерлан Нысанбаев тұрғындармен кездесіп, облыстағы экологиялық ахуалға тоқталды. Кездесу барысында экология, орман шаруашылығын дамыту, елді мекендерді көгалдандыру, атмосфералық ауаның сапасын бақылау және қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды.
Кездесуде «Қызылжар» орман шаруашылығы басшысының міндетін атқарушы Константин Мурзаев ағаш ресурстарын пайдалануға беру кезіндегі белгіленген бағаның тым қымбат екенін, орман пайдаланудың нақты әдістемесі бекітілмегенін сөз етті. Министрлік өкілі бұл сұрақтың күн тәртібінде тұрғанын жеткізді.
Тұрғындарды алаңдатқан тағы бір мәселе – қоқыс полигондары. Биыл облыс орталығы маңындағы полигонның қызмет мерзімі аяқталады. Аталған орын жүз пайыз толған. Оның орнына жаңа қоқыс алаңы пайда болады.
«Жаңа полигонның орны Мамлютка қаласына баратын жол жақта белгіленген. Жобалық-сметалық құжаттар сараптамадан өтті. Жобаның болжамды құны – 6,1 млрд. теңге. Оны жүзеге асыруда Экологиялық кодекс басшылыққа алынады. Қоқыстың сыртқа жайылып кетпеуін болдырмауға тырысамыз», – деді кездесуге қатысқан облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов.
Кездесуде өңірді газдандыру мәселесі де көтерілді. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, өңірге ең жақын газ көзі көршілес Түмен облысында орналасқан. Шекарадан газ тартылса желіні Көкшетау, Павлодарға дейін созу мүмкіндігі бар екен.
Кездесуді қорытындылаған Ерлан Нысанбаев облыстағы экоахуал тұрақты екенін айтты.
– Қоқыс мәселесіне келсек, бүгінде қалдықты қайта өңдеу маңызды. Ел бойынша тұрмыстық қатты қалдықтардың 25 пайызы өңделеді. Бұл экономикаға да серпін береді, – деді министр.
Кейін Ерлан Нысанбаев Мағжан Жұмабаев ауданына барып, жаңа өрт сөндіру стансасының құрылысымен танысып, орман тәлімбағында болды. Булаево қаласындағы жаңа станса табиғи өртті сөндіріп, апаттың алдын алудағы заманауи нысанға айналмақ. Министрлік жоспарына сай 2027 жылға дейін өңірдегі маңызды орман қорлары маңында өртті ерте анықтайтын стансалар салынуы тиіс.
Сапар аясында министр облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен бірге қаладағы кәсіпорындарды аралады. Ол «Радуга» серіктестігінде болып, қалдықтарды өңдеу барысымен танысты. Серіктестікте өңделген қалдықтан тұрмысқа қажетті бұйымдар жасалады. Бұдан бөлек, компания сабын шығарып, көкөніс өсірумен айналысады.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».