Облыстық “Soltústіk Qazaqstan” газетінің №123 (13. 10. 2018) санында “Бұл қалай?” айдарымен “Ескерусіз қалған ескерткіш” атты мақала жарық көрген болатын. Онда облыс орталығындағы №20 орта мектеп ауласында орналасқан қазақтың біртуар ұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенев ескерткішінің қараусыз, күтімсіз қалғаны, айналасының қоқысқа толғаны жазылған.
Мүсін маңайының аянышты жағдайын айтып, редакциямызға хабарласқан азаматтар да аз болмады. Бір нәтиже болар деген үмітпен мақаланы Петропавл қалалық әкімдігіне жолдаған едік. Көп ұзамай редакциямызға қалалық тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ержан Ақановтың қолы қойылған хат келді. Хатта былай делінген: “Жұмабек Тәшеневтің ескерткіші коммуналдық бөлімнің балансына алынбаған. Дегенмен, мекемелер арасындағы “Шағын сәулеттік мүсіндерге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу” келісім-шартына сәйкес ескерткіш пен оның айналасын қысқа мерзім ішінде қалпына келтіруді қолға алу туралы “Апаттық қызмет” мердігер ұйымына тапсырма берілді”. Осыған қарағанда елдіктің, азаттықтың белгісіне баланған Жұмабек Тәшенев ескерткішінің маңы абаттандырылатын, сынған жері қайта қалпына келтірілетін күн алыс емес сияқты.
Нұргүл ОҚАШЕВА, “Soltústіk Qazaqstan”.