
Апат айтып келмейтіні белгілі. Коронавирус пандемиясы да тосыннан тап берді. Бірақ тұрғындардың түсіністігі мен жауапкершілігінің арқасында бұл қиын сәттен де шығып келеміз. Ең бастысы, өңірімізде қауіпті індеттен көз жұмғандар жоқ. Бәрі өткінші, карантин де аяқталады. Сондықтан төтенше жағдайдан кейін экономиканы көтеру, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуді қазірден бастап қолға алуымыз қажет.
Қауіпті індетпен күрес жүргізу үшін Аққайың ауданында арнайы штаб құрылған болатын. Апта сайын штабтың отырысы өткізілді. Аудан аумағына бес блок-бекет қойылып, полиция бөлімшесінің 20 қызметкері мен 16 медицина маманы күні-түні кезекшілік атқарды. Қауіпті инфекциямен күреске аудан қазынасынан 6 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Адамдар көп шоғырланатын орындар залалсыздандырылып, санитайзерлер орнатылды. Құқық қорғау қызметкерлерімен бірге банк, пошта, дәріхана мен дүкендерде рейд жүргізілді. Онда жеке қорғаныш құралдарының, дезинфекциялық заттардың барлығы қадағаланды. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызды тауар бағасы да бақылауға алынды.
Сәуір айының екінші онкүндігінде Смирноводағы қарттар үйінің қызметкерлері зертханалық тексеруден өтті. Ешқайсысында коронавирус инфекциясы анықталған жоқ. Аққайың аудандық ауруханасында коронавирус инфекциясына күдікті науқастарға арналған оқшаулау палаталары жасақталды. Медициналық мамандар жеке қорғаныш құралдары, дезинфекциялық заттар мен қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Қатерлі вирусқа қарсы дәрі-дәрмек қоры жеткілікті.
Бүгінде еліміз бойынша төтенше жағдай режімі алынып, аққайыңдықтар да қалыпты тіршілікке оралуда. Әрбір істің бір қайыры бар. Карантин шаралары адамдарды сабырлы, төзімді болуға тәрбиелегендей. Бірлік пен түсіністік болса ғана берекеге кенелетімізді түсінгендейміз. Сондықтан алға қойған жоспарларымызды жүзеге асыруға ештеңе қолбайлау бола алмайды.
Аудан экономикасының бойына қайтадан қан жүгіре бастады. Бізде 248 ауыл шаруашылығы серіктестігі бар. Сондай-ақ, екі сүт өңдеу кәсіпорны, бір шұжық цехы, төрт наубайхана, ет өндейтін шағын цех, бірнеше мал бордақылау алаңы, элеватор жұмыс істейді. Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 1363,8 миллион теңгені құрады. Бізде өсімдік шаруашылығы жақсы дамыған. Егістік алқабының жалпы аумағы 203,6 мың гектарды құрайды. Биыл 158,7 мың гектарға дәнді дақыл себу жоспарлануда. Карантинге қарамастан шаруалардың көктемгі егіске дайындалуына еш кедергі болған жоқ. Қазір қырда диқандардың шаруасы қызған шақ.
Ауданымызда мал шаруашылығымен айналысатын “И.Зенченко”, “Черкасское-Агро”, “Полтавское” сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, “Шәймерденов Б.А”, “Гердт В.В”, “АФА” мен тағы басқа ірілі-ұсақты шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Ауданда барлығы 25 мыңнан астам ірі қара, 4 мыңға жуық жылқы, 18 мыңнан астам ұсақ мал өсіріледі. Жыл басынан 1152,75 тонна (тірідей салмақта) ет, 4493,7 тонна сүт, 728,2 мың дана жұмыртқа өндірілді.
Үстіміздегі жылдың наурыз айында негізгі капиталға салынған инвестицияның физикалық индекс көлемі екі есе өсті. Қазіргі таңда ауданда 800-ге жуық кіші және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Соның 389-ы – жеке кәсіпкер. Наурыз айында бөлшек сауда айналымы 575,3 миллион теңгені құрады. Алайда, төтенше жағдайға байланысты жүзге жуық жеке кәсіпкерлік субъектісі жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Жұмыссыз қалғандардың барлығы 42500 теңгеден әлеуметтік төлем алды.
Ауданда барлығы 18 мыңнан астам адам тұрады. Үкіметтен 42500 теңге жәрдемақы алуға мың жарым кісі өтініш бергенін айтып өткен жөн. Қазіргі таңда 1092-сі төлем алды. Қалған адамдардың өтініштері қаралуда. Ал қауіпті індет кезінде тұрғындарды азық-түлікпен, медициналық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуде ешқандай қиындық туындаған жоқ. Тұрғындардың зейнетақылары мен жәрдемақылары уақытында төленді. Бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақылары да кешіктірілген жоқ.
Әлеуметтік дамудың басты көрсеткіші – тұрғындарды жұмыспен қамту. Жыл басынан 161 адам еңбекке тартылды. Үстіміздегі жылы кәсіп ашып, ісін кеңейтуге ниетті жандарға жалпы сомасы 118 миллион теңгенің несиесін беру жоспарланған. Бірнеше адам тиісті қаржыны алып та үлгерді. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл 56 грант беру көзделген. Облыстық комиссияның шешімімен 6 өтініш қанағаттандырылды.
“Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында аудандық Мәдениет үйінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұнда алдағы уақытта “Nur Otan” партиясы аудандық филиалының ұсынысымен мүмкіндігі шектеулі жандардың бос уақытын өткізетін орталық ашу қарастырылған. Қиялы ауылдық клубында да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Республикалық және жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Жақында конкурс жарияланды. Сонымен қатар үстіміздегі жылы Смирново саябағы да қайта қалпына келтіріледі.
Аудан орталығындағы 9 мамыр, Амангелді, Жұмабаев, Пушкин, Гагарин сияқты бірнеше көшеге асфальт төселеді. Гагарин, Молодежная, Элеваторная көшелері мен аурухана аумағын жарықтандыру жұмыстары қолға алынбақ. Тюменка ауылына кіреберіс жолға орташа жөндеу жүргізіледі. Биыл Тоқшын және Қиялы ауылдарында су тарату желілері іске қосылады. Бұл жұмыстар былтыр басталған болатын. Камышлово ауылындағы сумен жабдықтау жүйесін жөндеу жоспарланып отыр.
Өткен жылдан бері аудандағы білім беру ұйымдарында жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Биыл да мектептерді жөндеуге қомақты қаржы бөлінді. Советское, Қиялы орта мектептері мен Смирнов мектеп-гимназиясының шеберхана ғимараты күрделі жөнделеді. Ал Власовка орта мектебінің шатыры ауыстырылып, акт залы қалпына келтіріледі. Тағы бірнеше білім беру ошағында да осындай жұмыстар қолға алынбақ.
Биыл Смирново, Астраханка, Власовка, Ленинское, Тоқшын және Шағалалы ауылдарында шағын футбол алаңдары ашылады. Смирново ауылындағы орталық стадиондағы футбол алаңында жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Міне, бұл – алда атқарылуы тиіс шаруалардың бір парасы. Карантиннен кейін бәріміз тынбай жұмыс істеуге тиіспіз. Бірақ тұрғындар әлі де сақтық шараларын қатаң ұстанулары керек. “Сақтықта қорлық жоқ” демекші, әр адам өзінің денсаулығына жауапкершілікпен қарағаны жөн.
Рүстем ЕЛУБАЕВ,
Аққайың ауданының әкімі.