«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛЫҢ ҚАЛАЙ, ҚАЗАҚ КИНОСЫ?

Басқа да өнер түрлері секілді кино саласы да – ұлттық идеология­ның басты құралы. 1938 жылы түсірілген алғашқы толықмет­ражды «Амангелді» фильмінен бастау алған ұлттық киномотография содан бері қазақ қоғамы жүріп өткен өнегелі жолды жас буынға насихаттап келеді. Көбіміз әлі күнге дейін сүйсіне тамаша­лайтын «Қыз Жібек», «Менің атым – Қожа», «Тақиялы періште» сынды туындылар тек отандық кино индустрияның жетістігі мен жемісі ғана емес, олар – тұтас ұлттың әдебиеті мен мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тілін, тарихын тынбай насихаттап келе жатқан баға жетпес құнды жәдігерлер. Экран арқылы ұрпақ тәрбиелеу ісіне үлес қосуды ойла­ған қазақ киносының бүгінгі қалы қалай? Бұл мақаламызда осы сауалға жауап іздеп көрдік.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегінше, тәуелсіздік жылдары мыңға жуық кино түсіріліпті. 2023 жылдың өзінде прокатқа – 60, ал 2024 жылы 90 фильм шық­қан екен. Бұл сандар қазақ ки­носының қарыштап дамып келе жатқанын айғақтайды. Әйтсе де, көрерменге ұсыны­лып жатқан отандық фильм­дердің барлығы бірдей көр­кемдік сапасы жағынан әбден шыңдалған, айтар ойы бар, ұлттық идеологияны насихат­тап отыр деп айта алмаймыз. Қазір қаражаты бар өнер ие­лерінің көбі кино түсіруге әуес. Өйткені кино өндірісі аз ғана уақыт ішінде адамды мол табысқа жеткізетін бизнеске айналып бара жатыр.

Жуырда Парламент мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан Премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жол­дап, соңғы жылдары түсіріліп жатқан фильмдердің сапалық деңгейі төмен екендігін жеткіз­ген болатын. «Ең қиыны – қа­таң сүзгінің жоқтығынан қа­зақтың көркем де шұрайлы тілі күйреп жатыр. Экран мен эфирде көшенің тілі үстемдік ала бастады. Сонымен қатар дәстүріңді дәлдүріш қып, теріс діни ағымдардың насихатын күйттеп жүрген таспалар да жоқ емес. Германия кино сала­сына маман даярлау үшін жыл сайын 76 миллион еуро бөледі. Ал Оңтүстік Корея отандық киноны қолдау үшін кино­театрларда көрсетілетін ше­телдік фильмдердің сағатын шектейді. Әлеуметтік сауална­ма бойынша ұлттық киноны көргісі келетіндердің қатары артқан. Алайда, ұлттың есін екеу, түсін төртеу етіп, бала-шағасымен театрға түнететін өнім болмай тұр», – деді халық қалаулысы.

Депутаттың айтуынша, ки­нотуынды көрермендерге жол тартпас бұрын мынадай төрт талапқа сай болуы тиіс. Біріншіден, бүкіл мемлекет бо­йынша (мейлі мемлекет бол­сын, мейлі жеке тұлғалар бол­сын) түсірілетін фильмдердің идеологиялық, тілдік, ұлттық ұстанымын реттеу тетігін қа­растыратын арнайы көр­кемдік-сараптамалық кеңес құру, екіншіден, мемлекеттік тілдегі ұлттық фильмдердің үлес салмағына басымдық беру, үшіншіден, фильмдерде мемлекеттік тілдің нормалары бұзылуын қатаң қадағалау, соңғысы – халықты арнайы ұлттық киноларды көрсететін кинотеатрлармен қамтамасыз ету. Осы қарапайым ғана төрт талап орындалса, кино саласы­ның төрт құбыласы түгелденер еді.

Прокатқа шыққан күннен-ақ көрерменін кинотеатрға ағылтқан фильмдердің көр­кемдік деңгейі көңіл көншіт­пейді. Кейіпкерлердің «сөз арасын бөтен тілмен былғауы», бейәдеп сөздері құлақ тұнды­ратын фильмдерді соңына дейін тамашалап отырудың өзі ыңғайсыз. Кинотеатрларға жиі ат басын бұратын қала тұрғы­ны Алтынбек Ескеновтің де пікірі осыған саяды. «Прокат­қа апта сайын бір жаңа кино шығып жатады. Мен оларды қалдырмай көруге тырысамын. Кейде отбасыммен барамын. «КТА-ның (КВН) деңгейіндегі қарабайыр қалжыңды да, бей­берекет сюжетті де еш талғам, қиындықсыз қылғытып отыр­ған көрермен көп. Соған жаным ауырады. «Нұрлан Қоян­баевтың Америка, Африка, Корея, Үндістан, Бразилия ел­дерінде түсірілген «Қазақша бизнесі» көрермендердің көңілін жаулады. Тамыз айын­да бір аптада 432 млн. теңге жинаған «Қолыңнан келсе алып қаш» комедиясы да ре­корд орнатты. Әзілкеш Қанат Әлжаппаровтың «Бизнесмен Қанаты» да көрермен көзайы­мына айналды. Қазіргі көрер­меннің көбі кинотеатрға фильмнің қалай түсірілгеніне емес, жарнамасына, қанша қаражат жинағанына қарап бара­тын сияқты», – дейді ол.

Қараша айының бірінші жартысында продюсер, актри­са Дариға Бадықованың «Ыс­тық ұя» көркем фильмі отан­дық кино тарихында ең көп табыс тапқан жобалардың тізімінде екінші орынға табан тіреді. Фильмнің жалпы табы­сы 1754600300 теңгеге жетіп, тарихи көрсеткішке қол жеткізсе, «Таптым-ау сені 1» фильмі 1834702810 теңге жи­нап, отандық кино индустрия­сында бұрын-соңды болмаған рекорд орнатқан. Осылайша бір автордың екі фильмі қата­рынан Қазақстан тарихындағы ең кассалы картиналар көшін бастады.

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртісі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Асылхан Разиев кино түсіріп жүргендердің басым бөлігі киномотография сала­сынан мүлдем алшақ деген пікірде. Соның салдарынан болса керек, қазақ телеэкра­нында бүгін жылт етіп көрініп, ертең ұмытылатын, айтар ойы тұрмыстық ұрыс-жанжалдан ары аспайтын фильмдер кө­бейген. «Мені қазақ кинола­рындағы қостілділік мәселесі алаңдатады. Актерлер орысша қосып сөйлеуге әуес. Бұл – ұлтты менсінбеу, қорлаумен пара-пар. Қазіргі жастар қазақ пен орыс тілін араластыра сөй­леуді әдетке айналдырып алды. Қазақ киносы мұндай күнге «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа» болмағандықтан жетіп отыр. Сөзді орнымен қолдану, әр сөздің дұрыс айтылуы, емле ережелері ұмытылғалы қашан?», – дейді актер.

Оның айтуынша, халық назарына ұсынылатын фильм­дер мемлекеттік деңгейде құ­рылған комиссияның іріктеуі­нен өтуі тиіс. Сонда ғана «асы­лы қалып, жасығы жойылады». Маркетингтік стратегия жүргі­зуді шебер меңгеріп алған про­дюсерлер киноның жақсы түсірілуіне назар да аудармайтын көрінеді.

13 қарашада отандық про­катқа шыққан «Ауру» фильмін тамашалау үшін қаладағы ки­нотеатрлардың біріне бардым. Зал лық толы. Фильмді көрген­дердің дені: «Маған қатты ұна­ды. Қазіргі қоғамның ащы шындығы суреттелген. Кейіп­керлермен бірге жылап, бірге күлдік» деген мәтіндегі пікір­лерін айтты. Келесі бір топтың ойы былайша өрілді: «Зорлық, боқтық сөздер өріп жүрген фильмді қалай ғана кинотеатр­дан көрсетуге рұқсат еткен? Министрлік араласып, көр­сетілімін шектеу керек».

Бір байқағаным, қазір жұртшылық театр спектаклі­нен гөрі кино тамашалағанды құп көреді. Отбасылық дема­лыстарды да кинотеатрларда өткізуді қалайтындар көп. Ен­деше, мемлекеттік тілді ерекше насихаттағымыз келсе, бала тәрбиесімен толыққанды ай­налысу керек болса, шын өнер­ге толық қамқорлық таныта­мыз десек, отандық кино көк­жиегін кеңейту ісін кенжелет­пеген жөн. Тарихи санамызды оятатын салмақты да сапалы өнімдер – ұлт келешегінің жарқын кепілі.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp