«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАМҚОР ЕНЕНІҢ ДӘМДІ ҚАМЫРЫ

Ләззат Әшімованың ас үйі таң­нан кешке дейін бір босамайды. «Енемнің дәмді қамыры» брендімен танымал болған кәсіпкердің өнім­деріне тапсырыс қала мен аудандар­дан, Астанадан, тіпті Ресейден де түседі екен. Екінші топтағы мүге­дектігі бар қала тұрғыны келінімен бірге бала тәрбиесімен де, сүйікті ісімен де еш кедергісіз айналысуда.

Еңбекқор жандардың жұмысы таңертеңгі 09.00-ден кешкі 20:00-ге дейін жалғасады. Ал демалыс күн­дері қамыр илеу таңғы сағат 07:00-ден басталады. Олар тәулігіне 40 шақты қамыр жайып, тұтынушы­лардың тапсырысын сапалы әрі уа­қытында орындайды.

Қамыр илеуді оқушы кезінен жақсы көрген Ләззаттың аспаздық білімі болмаса да, тағам дайындауға деген сүйіспеншілігі мен тәжірибесі осы істі бастауға себеп болыпты. Кейіпкеріміз арманын жүзеге асыру­дың жолдарын талмай іздеген. «Із­денген жетер мұратқа» демей ме? Кәсібін дамытқысы келетіндерге берілетін мүмкіндіктер туралы есті­геннен кейін «Бастау Бизнес» жоба­сы бойынша білім алып, «Мансап» орталығы арқылы мемлекеттік грант­қа өтініш береді. Кейін жобасын сәтті қорғап, қол жеткізген 1 млн. 380 мың теңге қайтарымсыз грантқа кәсібін дамыту үшін қажетті барлық құрал-жабдықтарды сатып алады.

Кейіпкерімізге аспаздық хоббиді табыс көзіне айналдыру идеясын келіні Мақпал ұсыныпты. Енесінің қамқорлықпен дайындаған тағамы әрдайым жайлылық пен үйдің жы­луын сездіретінін мойындаған келіні қамырды дайын күйінде на­рыққа шығарып, қызметтегі әйел­дердің уақытын үнемдеуге болаты­нын айтқан.

— Адамға өзіне ұнайтын кәсібін бастау ешқашан кеш емес. Жақсы өмір сүруге адамның өзі де әрекет жасап, оқып ізденіп, мақсатқа же­туге талпынуы керек. Оның үстіне қазір кәсібін ашқысы келетіндерге мемлекет тарапынан үлкен қолдау бар. Шағын кәсібіміздің атауын «Енемнің дәмді қамыры» деп қою­ды да келінім ұсынды, — дейді іскер әйел.

Кәсіпкер бұл жетістікпен шек­телгісі жоқ. Өнімнің көлемін де түр­лерін де арттырғысы келеді, сон­дықтан келіні екеуі қазіргі таңда жайлы нысан қарастыруда.

— Кең жер болмағаннан кейін тапсырыс көп болған күндері да­йындау қиынға соғып жатады. Мә­селен, Жаңа жыл қарсаңында әдет­тегі тапсырыстан екі есе көп: 50-60 жайма және мантыға да осынша­лықты қамыр дайындадық. Жұмы­сымыз ас үйде атқарылып жатқан­дықтан қазір өндіріс көлемін шек­теп, тапсырысты тек қажетті мөл­шерде ғана қабылдаймыз. Сол үшін тез арада ыңғайлы, кең орын тауып алғымыз келеді. Мүмкін болған жағдайда тек қамыр ғана емес, на­рыққа жартылай дайын өнімдерді шығару жоспарымызда бар. Бұл біз­ге өндіріс көлемін арттыруға және қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, — дейді іскер әйел.

Енесі мен келіні тұтынушыла­рына тек мантының қамырын ғана емес, қолжетімді бағада еттің жай­масы мен бүйрек, тұшпара, чебурек қамырын да ұсынады. Қамыр тұты­нушының көңілінен шығу үшін са­палы әрі табиғи ингредиенттерден дайындауға аса мән береді.

Әрине кәсіп бастау оңай емес. Бастапқыда Ләззат Әшімова да бір­неше қиындықтарға тап болды. Жаңа кәсіп болғандықтан тапсырыс беретін тұтынушылар, ал танымал­дылыққа қол жеткізу үшін жақсы жарнама қажет. Әлеуметтік желіде контент жасап, сапалы суреттер мен видео түсіру — уақыт пен күшті та­лап етеді. Ал өнімнің сапасын үнемі жоғары деңгейде ұстау және тұтыну­шылардың көңілінен шығу кәсіпкер үшін маңызды.

— Қазір әлеуметтік желіде ақпа­рат алмасып, қарым-қатынас жа­сайтын заман болып кетті ғой. Бар­лық адам керегін интернет арқылы табады. Осыны білгендіктен, ең ал­дымен, «Instagram» әлеуметтік желісінен жұмыс парақшамызды аштық. Оқырмандарды қызықтыру мақсатында SMM маман, фототілші жалдаймыз. Парақшаның жұмысын келінім жүргізеді. Ісімізде қиын­дықтар туындаған кей кездері тұты­нушыларымыздың жақсы пікірлері бізге жігер сыйлайды, алға жете­лейді. Өнімдерімізді аудандар мен қалаларға және Мәскеу, Челябинск, Қорған қалаларына арнайы тапсы­рыспен алып кететін тұрақты тұты­нушыларымыз бар, — дейді кәсіп иесі.

Тәжірибе алмасу – табыс кілті екенін түсінген кәсіпкердің келіні Мақпал өткен жылы Астана қала­сындағы аспаз цехында шеберлігін шыңдаған. Ол жерде қамырды дұ­рыс әзірлеу, сақтау және әр өнімнің құрамын дұрыс анықтауды үйрен­ген.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp