«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАМҚОР ЖАН

Еліміздің қай түкпірінде жүрсе де, кіндік қаны тамған жерін, өскен ауылын ұмытпай, ахуалын жақсартуға үлес қосып жүрген жастар аз емес. Соның бірі – Уәлиханов ауданындағы Қулыкөл ауылының тумасы, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында тұратын, жас та болса, игі істерді қолға алып, үлкендердің алғысына бөленіп жүрген Саян Мүбәраков.

Саян Меңдешұлы туған ауылына пайдасын тигізу мақсатында өткен жылы 150 ірі қара және ауылдағы тұрғындардың малдарын асылдандыру үшін 10 асылтұқымды бұқа сатып алып, “Беркут” өндірістік кооперативін ашты. Саян тек кооперативтің жұмысымен айналысып қана қоймай, ауыл көшелерін жарықтандыру, зейнет жасындағы адамдарға газет-журналдарды тарату секілді көптеген іс-шараларды қолға алды.
Ол мектеп қабырғасында оқып жүргенде, ауылда спорт кешені болса ғой деп армандайтын. Сол арманын өзі жүзеге асырды. Бос қалған ғимаратты өз қаржысына күрделі жөндеуден өткізіп, ауыл жастарының саламатты өмір салтын ұстанып, қалаған спорт түрімен шұғылдануына мүмкіндік жасады.
Саянның игі істері жайлы әңгіме қозғағанда, “Әке көрген оқ жонар” деген мақал есіме түсіп отыр. Оның әкесі Меңдеш Мүбәраков кезінде еркін күрестен аудандық, облыстық жарыстардың жүлдегері болды. Кеңес заманында еркін күрестен ел чемпионы атанған Ахметжан Қазымбетовпен бірге күрес үйірмесін ұйымдастырып, бапкерлік жұмыспен айналысқаны әлі күнге көз алдымызда. Ахметжан Қазымбетов жұмыс бабымен басқа өңірге ауысып кеткенде, Меңдеш ағамыз қолға алған істі тастамай, бапкер Имаш Әліповпен бірге әрі қарай жалғастырды. Ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын арттырып, талайының жолын ашқаны шындық. Осылайша, ауылымыздан бірнеше ел және әлем чемпиондарын шығарды. Самбодан үш дүркін әлем чемпионы Алмас Сүлейменов, әлем чемпионы Рүстем Шарафиев, Қазақстанның үш дүркін чемпионы Ербол Нұрғожин және Мирас Әміржанов, Олжас Барлыбаев, Данияр Айтмағанбетов, Райымжан Мұқатаев, Серік Мүбәраков, Жанат Қажтаев осы сөзімізге дәлел бола алады.
Ағаларымыз салып берген жол бүгінге дейін жалғасын тауып, Қулыкөл ауылынан шыққан жастар спорттан түрлі сайыстарда еліміздің намысын абыроймен қорғап, мақтанышымызға айналды. Талапты жастарымыздың бірі – Еркежан Тұрлыбекқызы 2014 жылы Португалияда өткен каратэден әлем чемпионатында алтын және күміс медальдар, 2015 жылы Оңтүстік Африка Республикасының астанасы Йоханнесбург қаласында өткен XVІІ әлем чемпионатында спорттың каратэ шотокан түрінен төрт алтын, бір күміс, бір қола медаль еншілеген болатын.
Саян Меңдешұлы сияқты туған жеріне жанашыр азаматтарымыздың арқасында ауылымыз алдағы уақытта одан әрі дами түсіп, жас өрендер спортпен қатар, мәдениетте, өнерде, басқа да салаларда жоғары жетістіктерге жетеді деген сенімдеміз.

 

Қайриден МҮТӘЛІПҰЛЫ, зейнеткер.
Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp