«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАНАТ ЖАЙҒАН ҚҰРЫЛЫС

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл қаласындағы құрылыс нысандарын аралап, олардың орындалу барысымен танысты. Облыс орталығында білім беру, тұрғын үй және өндірістік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жобалар іске асырылуда.

Қазіргі уақытта «Жас Өркен» шағынауданында 280 орындық жаңа балабақшаның құрылысы жүргізілуде. Бұл нысанды «Основание» серіктестігі салып жатыр. Балабақшаны жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Жоба осы аудандағы мектепке дейінгі мекемелерге деген жоғары сұранысты қанағаттандыруға бағытталған. Себебі бұл аумақта жаңа тұрғын үйлер салынып, оларға жас отбасылар көптеп қоныстануда.

«Орталық» шағынауданында да 280 орындық тағы бір балабақша бой көтермек. Уәлиханов көшесінде орналасатын бұл нысан болашақта қаланың орталық бөлігіндегі балалардың мектепке дейінгі тәрбиеге қолжетімділігін арттыруға сеп болмақ. Сонымен қатар қолданыстағы балабақшаларды кеңейту арқылы 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту деңгейі біршама жоғарылайды.

Қаланың «Қопай» шағынауданында да ауқымды құрылыс жұмыстары қолға алынған. Мұнда ескі үйлердің орнына жаңа баспаналар салынып жатыр. Қазіргі уақытта 605 пәтерден тұратын 7 ипотекалық көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жалпы, бұл ауданда 3 800 пәтерге арналған 27 көпқабатты үй салу жоспарланған.

Жаңа тұрғын ауданда мектеп, балабақша және емхана сынды әлеуметтік нысандар да бой көтеретін болады. Бұл жоба қала инфрақұрылымын жаңғыртып қана қоймай, бұрынғы үйлердің тұрғындарына тұрмыстық жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді.

Облыс әкімі құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарды аралап болғаннан кейін «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының (АЭА) 3-ші субаймағында жүргізіліп жатқан инженерлік инфрақұрылым құрылысына қатысты жедел кеңес өткізді. Қазіргі таңда бұл аймақта бірқатар маңызды өндірістік жобалар, атап айтқанда, «Бейкертон» компаниясының донаттар шығаратын зауыты, тракторлар мен ауыл шаруашылығы техникасы өндірісі, көтергіш- көлік жабдықтары мен көпір крандары зауыты, саңырауқұлақ фермасы, компост өндіру зауыты іске асырылуда.

Аталған жобалардың сәтті жүзеге асуы инженерлік желілердің уақытылы тартылуына тікелей байланысты. Осыған орай өңір басшысы мемлекеттік органдар мен мердігер ұйымдарға құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Облыс орталығында тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік инфрақұрылымның қарқынды дамуы – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, жастарды қалада тұрақтандыруға және жаңа инвестициялар тартуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын нығайтып, болашақтағы даму әлеуетін арттыра түсері анық.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp