«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚАРА ШЕКПЕН”–тағылымы мол қойылым

С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында “Қара шекпен” атты жаңа қойылымның тұсаукесері өтті. Пьесаның авторы – Георгий Хугаев, қоюшы-режиссері – Баатырбек Шамбетов. Қойылымды көрермендермен бірге облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова тамашалады.

Оқиға таулы өңір – Кавказда өрбиді. Төрт түлікті өсірумен айналысатын Шопан және оның Тұзар есімді төбет итінің айналасында суреттелетін қойылымның кейіпкерлері – жан-жануарлар. Қосалқы кейіпкерлер – бала кездегі ертегілерден таныс озбыр қасқыр, қорқақ қоян, қу түлкі және басқалар.

…Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде Тұзар есімді ит өмір сүріпті. Ол өз иесіне адал еді. Қысы-жазы, қақаған суық пен соққан дауылға, аптап ыстыққа қарамастан, ит иесінің айтқанын екі етпейді. Ол иесіне қызмет ету үшін жаралған. Оның мал-мүлкін күзетуі тиіс. Шопанның отар-отар қойы және бүкіл жүкті таситын жалғыз есегі бар еді. Күндердің бір күнінде оның төрт түлігіне бір ұя қасқыр шабады. Олар қойлардың ішіндегі өжет те қайсар Бебе есімді қойды жемек болады. Бірақ қырағы көзді Тұзар оған бөрілердің тісін де баттыртпайды. Сол үшін иесінің алғысына бөленеді.

Қасқырлар төбет ит тұрғанда жылы-жұмсаққа ауыздары тимейтінін сезіп, Тұзарды өздерінің тобына қосып алудың амалын қарастырады. Осылайша олар Шопанды адал досынан айырып, аштықтан аман қалғылары келеді. Бірақ амалы құрыған көкжалдар Тұзар төбетті иесіне деген адал сезімінен айныта алмайды.

…Бұл қойылымның ертегіден бір-ақ айырмашылығы бар. Ол – соңы. Ертегі атаулы “Содан кейін олар тату-тәтті өмір сүрді” деп аяқталатын болса, бұл ертегінің нүктесі адалдықты қадірлей алмаған Шопанның қолынан қаза тапқан Тұзардың қазасымен қойылды.

Сондықтан да қойылымның шымылдығы жабылған сәтте “Адам баласы адалдықтың тамырына неге балта шапты?” деген сұрақ туындайды…

Баатырбек Шамбетов қойылым арқылы көрермендерге қазіргі таңдағы адамдардың бетпердесін ашып көрсеткісі келгендігін айтты. Режиссердің көздегені – қазіргі қоғамдағы түйткілді мәселелерді суреттеу ғана емес, көрермендерге рухани азық беру.

Пьесадағы адам бейнесінде – тек Шопанның өзі. Қойылымды көріп отырып, адам мен жануардың айырмасын ақ пен қарадай көрсетіп тұратын шекара сызығының бірте-бірте жойылатынын байқайсың. Спектакльдегі ит, қасқыр, түлкі, қоян, қой, қарға – бәрі де бетперде киген адамдар секілді. Сол бетпердені шешкенде әр адам өз бейнесін танитындай күй кешеді…

Қойылымдағы әр кейіпкердің өзіндік тағдыры бар. Мәселен, Көкжал. Кезінде оның ұя толы бөлтіріктері болған. Солардың бәрі адам қолынан қаза тапқан соң, өмірінің мәні жоғалған. Қоян ше? Ол да өз өмірін көжектерінсіз елестете алмайды. Балалары үшін барлық іске дайын. Ал ит – иесі үшін өмірлік махаббатынан да бас тартқан бейбақ.

Басты рөл – Тұзарды сомдаған Асылхан Разиев өзіне жүктелген міндетті шеберлікпен орындап шықты. Театр сахнасында жүргеніне көп уақыт өтпесе де, Петропавлдағы өнер колледжінде “Актерлік өнер” мамандығын меңгерген жерлесіміздің өнер иесі ретінде толысқаны байқалады. Аталмыш колледжді тамамдаған Жанар Бегалина (Қос-үрей) да, Гүлнәз Гайнулина (Сылаң) да, оқуын жалғастырып жүрген Дулат Ташкен (Көкжал) де көрермендерді баурай алды. Ал Кико есімді есектің образын жасаған Қажыбай Айтибаев жылдар бойы жинаған тәжірибесімен жас буынға демеу бергені байқалып тұрды.

Қойылым соңында сахнагерлерге облыс әкімінің ықылас гүлі табысталды.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp