«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРАЛЫ ХАБАРДЫ ЕСТІРТУ ТӘРТІБІН ҰМЫТТЫҚ

«Тумақ бар жерде өлмек хақ», – дейді халық даналығы. Алла тағала жаратқан пендесінің көрер жарығының, татар дәмінің таусылып, бес күндік жалған дүниеден мәңгілік мекеніне озуы – еш талассыз ақиқат, табиғаттың бұлжымас заңы, оған қарсы шығуға тіршілік иесі дәрменсіз. Ешкім де пешенеге жазған тағдырынан қашып құтыла алмасы анық. Қайғыдан қан жұтқан шаңырақтың қазасын хакім Абай былай сипаттаған: «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол, Қаза көрген жүрегі жаралы – ол. Көзінің жасын тыймай жылап жүріп, Зарланып неге әнге салады ол?».

Қазақтың пайымында кез келген өлім ағайын-туыстың, ауыл-аймақтың орны толмас ор­тақ қасіреті саналған. Осы се­бепті «қайғыны бөліссең азаяды, қуанышты бөліссең көбейеді», демекші, көшпелі жұрттың тұр­мыс-тіршілігінде естірту, көңіл айту, жұбату, жоқтау, жаназа шығару, сүйекке түсу, ақыретке шығарып салу салттарына ерек­ше мән берілген. Мәселен, өлім жайлы суық сөзді естіртудің өзіндік қалыптасқан жөн-жоралғысы болған. Өткен тарихқа көз жүгіртсек, ауыз әдебиетінде «Аққу ұшып, көлге кетті, Сұңқар ұшып, шөлге кетті. Ол адасып кеткен жоқ, Әркім барар жерге кетті», «Тұлпардың тұяғы кеті­леді, Қыранның қанаты сетіледі, Бүтін тұратын дүние жоқ!» деген сияқты озық үлгілер көп ұшыра­сады. Үмбетей жырау Абылай ханға Бөгенбай батырдың қаза­сын жеткізгенде алдымен жауға жалғыз шапқан ерлігін термелей келіп: «Жыламай тыңда, Абы­лай, Жараға жақсы-қас қарар. Ойбайлап жаман бас салар, Көріспей айтты демеңіз, Осы еді біздің келген жай», – деп жұбату айтады. Әз Жәнібек сөзінің ая­ғын «Қатыны өлген қандай бола­ды?» – дегенде малдас құрып отырған Жиренше шешен қамшысын тіреп, орнынан тұра бер­генде сабы екіге бөлініп кеткен екен. «Қатын өлді, қамшының сабы сынды» деген мәтел содан қалған. Естіртудің айрықша түрі күй құдіреті арқылы да өріліп отырған. Оған «Ақсақ құлан», «Жошы хан» тәрізді атақты күй­лер дәлел. Естірту эпоста да аз кездеспейді. Келдібек бидің Шо­қанның қазасын Шыңғыс төреге «Құдай бізге гауhар тас беріп еді, оны өзі алды», – деп астарлап жеткізуі көп жайтты ұқтырып тұр. Қай-қайсысын алсақ та, ишаралау сарыны басым. Өйт­кені дәм-тұзы сарқылған марқұм жайлы қазаны отбасына тікелей естіртпеген. Жаманат жағдай одан сайын психологиялық ауыртпалық түсіретіні, соңы түрлі кесепатқа соқтыру мүмкіндігі ескеріліп, жауап­кершілігі де, салмағы да ауыр міндетті көрген-түйгені мол ауыл ақсақалдары өз міндетіне алған, арнайы хабаршыларға жүктеген. Қара жамылған шаңырақтың табалдырығын аттағанда аузы дуалы қария әңгімені алыс­тан орағыта бастап, өлді демеген, «арамыздан кетті», «мәңгілікке сапар шекті» деген жұбату сөз­дермен суыт хабарға алдын ала дайындап, сабырға, бекем болу­ға шақырған. Осылайша көпшілік болып қайғы салмағын бөлісіп, көтеріскен.

Халқымыздың салт-дәстүр­лерінің ішінде ежелден қалып­тасқан естірту мен көңіл айту үрдісін бала кезімізден білеміз. Қаралы үйге қарай жүгіру, асы­ғып-аптығып жету, атпен шауып бару секілді жаман ырымдарға тыйым салынатын. Естіртуге жалғыз-жарым адамды, әйелді болмаса баланы жібермейтін. Үйге жақындағанда «Ой, бауы­рымдап» дауыстап келетін, жы­лап көрісетін. Ауыр қазаны естіртудің аяғы көңіл айтып, жұ­батуға жалғасатын. Жоқтау іш­тегі қайғы мен шерді сыртқа шы­ғару, ардақты жанның игі істерін үлгі ету ғибраты ретінде қабыл­данып, шек қойылмайтын.

Өкінішке қарай, далалық да­налыққа толы дәстүрлеріміз бүгінде бастапқы мәнін жоғал­тып, ұмыт болып барады. Жақы­нынан айырылып, қасірет шегіп, жан-дүниесі бордай езіліп отыр­ған шаңырақтың қайғысына ор­тақтасу мәдениеттілікті былай қояйық, сыпайылықтың, ізеттіліктің ауылынан мүлдем алыстап кеткендейміз. Етіміздің үйреніп кеткені соншалық, кісі өлімін кәдуілгі үйреншікті істей қабылдайтын болдық. «Бір ауыз сөз қасіретті тыяды, Бір ауыз сөз айықпас дерт жияды» (К.Салықов) дегендей, хат-хабар алмасу­дың кең өрістеген техникалық заманында ащы өлімнің байы­бына бармастан «сүйіншілеген­дей» бірі-бірімізге тезірек жеткіз­генше асығамыз. Марқұммен ешқандай таныстығымыз, қа­рым-қатынасымыз болмаса да, фотосын әлеуметтік желілерге салып, жерден жеті қоян тапқан­дай дүйім елге жариялап, өрес­кел қылық танытып жатамыз. Әр нәрсенің шегі болатынын естен шығарғандаймыз. Бір дұға асын­да қайғырып отырған үй иесіне «Әкеңіз 90-нан асыпты, той ғой» деген көңіл айтуды да естігенбіз. Бәзбіреулердің көңіл айтуы той тілегіне ұқсас. «Иманды болсын» деп әбден жауырға айналған жаттанды тіркеспен шорт қайы­ратындар көп. Телефон арқылы түйеден түскендей лақ еткізіп қазаны тікелей естіртетіндер аз емес. Әлеуметтік желілерде жауыннан кейінгі саңырауқұ­лақтай қаптап, әбден белең алған жағымсыз әрекеттер ата салт- дәстүрімізден, мәселен қазаны арнайы естірту, көңіл айту дәс­түрінен ажырап бара жатқаны­мызды аңғартады.

Иә, өлімді естірту, көңіл айту – парыз, бірақ осы борышымыз­ды қаншалықты дәрежеде атқа­рып жүрміз дегенде күміл­житініміз рас. Сондықтан тірлікте жаныңдай жақсы кө­ретін, арқа тұтатын ардақты жан, қимас аға-бауыр, сырлас әпке-қарындас, замандас жора-жол­дас, қияметтік дос, сыйлас әріп­тестің өмірден өткенін есту қан­дай ауыр тисе, жауапкершілігін де бір кісідей сезіне білгенге не жетсін?! Бұл орайда «азалау жарысын» өткізгеннен гөрі қайғы­ны жеңілдетер естеліктермен бөліскен әлдеқайда дұрыс болар еді.

Тәли КАРИЕВ,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp