Қазақстанның аумағы кең, табиғи жайылымдары мол болғанымен, көптеген түз тағылары толықтай жойылу қаупі төнуі себепті “Қызыл кітапқа” кіргізілген. Солардың бірі – қарақұйрық.
Қуысмүйізділер тұқымдас жануар сексеуіл, жыңғыл, теріскен, жүзгін өсетін шөлді аймақтарды мекендейтіндіктен, көбіне Үстірт, Маңғыстау, Қызылқұм, Мойынқұм, Бетпақдала, Оңтүстік Балқаш жақтарында кездеседі. Қыс және күз мезгілдерінде қар аз түсетін жерлерге қоныс аударады.
Байтақ даламыздың Каспий теңізі мен Зайсан қазаншұңқырына дейінгі алқаптарында қарақұйрықтың саны кезінде 200 мыңға, оның ішінде Үстірт пен Маңғышлақ өңірінде 100 мың басқа дейін жеткен. Сапалы еті мен бағалы терісіне қызығып, көптеп аулаудың салдарынан күрт азайып кетіп, 1951 жылдан бастап заң жүзінде атуға тыйым салынды. Саны өте сиреп кеткендіктен, 2010 жылы “Қазақстанның қызыл кітабына” енгізілді.
Бүгінде түз тағысы Үстірт, Барсакелмес табиғи қорықтарында, “Алтынемел”, “Шарын” ұлттық табиғи саябақтарында, Ақтау-Бозащы, Балқаш маңы, Қарой, Қарақия-Қаракөл, Андасай табиғи қорықшаларында, Кендірлі-Қаясан, Жусандала қорықтық белдеулерінде қорғауға алынған. Қазір саны 20-25 мың төңірегінде.
Дәулет ДӘУІРҰЛЫ.