«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРАӨЗЕК ШАҚТАҒЫ БАЗАР БӘСІ

Қазақтың “қараөзек шақ” дейтіні осы кез. Былтырғы жылы жасалған қоры таусылып, таусылмаса да ортайып және осы жылғы ырыс негізі енді ғана қаланатын бұл маусымға аталарымыз қандай теңеу тапқан десеңші, шіркін! Шындығында да қарын ашып, өзек талатын көктемнің осы соңғы айы нағыз қараөзек шақтың өзі емес пе? Жаңа төлдеп жатқан малдың ағына әлі толық кенеле қоймаған, қыстан қалған соғымын сүрге шығарып, онысын қонағына сақтаған біздің халықтың жердің көгін талғажау етер әдеті болмаған. Қарында қалған сары майы мен құрт-ірімшігін және қоңыр бауырсағы мен қою шайын қанағат ететін халқымыз көлдей көңілінен жазбай, сол қараөзек шағында да қыңқ ете қоймайды.

Дегенмен де, күнделікті күйбің тірлікте онша елене қоймайтын осы кезеңнің базар нарығы мен баға бәсіне айтарлықтай ықпалы бары анық. Оны, әсіресе, кейбір азық-түлік өнімдеріне маусымдық баға өсімінен аңғаруға болады. Соның ішінде бірден баға өсімімен көзге түсетіндері – күнделікті қажетті картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат сияқты азық-түлік тауарлары. Айталық, мамыр тумай пияздың бағасы шарықтап шыға келді. Оған дейін ең қымбат дегенде 100 теңгеге сатылып келген оның бағасы соңғы он күннен бері екі есеге өсіп 200 теңгеден сатылуда. Ал оңтүстіктен жеткізілген биылғы жылдың пиязы 250 теңге тұрады.

Өзімізде молынан өсірілетін картоп, сәбіз және қырыққабаттың бағалары осы маусым аралығында 20-25 пайызға көтеріліп, картоп пен сәбіздің килограмы 110 теңгеге, ал қырыққабат 130 теңгеге жетті. Сырттан әкелінген қызыл түсті қырыққабаттың құны 150 теңгеден кем емес. Қаланың түкпір-түкпірінде сауда шатырлары бар “Наурыз – 2030” ЖШС-і тұрғындарды көкөністерімен жарытып тұр деу қиын. Оларда жергілікті өнімдерден сатылатыны Белоедағы жылы-жайда өсірілетін қияр ғана, оның килограмы 400 теңге тұрады. Шынашақтай ұсақ қиярларын 240 теңгеден саудалауда. Осы сауда шатырларында 520 теңге тұратын өзбек қызанақтары мен жылы жақтан жеткізілген 310 теңгенің қиярлары және 150 теңгенің қырыққабаттары да сатылады. Бір кездері қаланы көкөністерімен қарық қылмақшы болған олардың бар пәрмені осыған ғана жетіп отыр. Баға бәсін ұстап тұруға септігі тиеді делінген осы серіктестіктің дәрмені жетпегендіктен болар, бүгіндері зор сұраныс тудыратын асқа салатын көк өскіндердің бәрі қымбаттап кетті. Кәдімгі көк жуаның уысқа толмайтын орамының 100 теңге тұратыны соған дәлел.

Бағаның маусымаралық мұндай өсімі жылдағы үйреншікті жағдай, ол өзі кейбір тауарлардың арзандауына да әсер етеді. Мысалы, жыл басынан бері ондығы 200 теңгенің төңірегінде болған жұмыртқа бағасы күн жылынып, құстар жаппай жұмыртқалай бастағалы 110-130 теңгеге дейін төмен түсті. Сөз жоқ, бау-бақша иелері өздерінің көк өскіндерін базарға шығарысымен олардың да бағасы арзандайды.

Жалпы, бағаның білінбей, біртіндеп өсіп жатуына биылғы ақпан айының басындағы теңгенің девальвацияға ұшырауының да әсері бар сияқты. Соның салдарынан жыл-жымайтын мүлік нарығының белсенділігі төмендеп, сатып алу-сату ымыралары азайып барады. Айталық, облысымызда өткен бірінші тоқсанда тұрғын үй сатып алу-сату ымыралары 8,7 пайызға қысқарған. Бір қарағанда онда баға тұрақтылығы сақталып отырғандай көрінгенімен, ол доллар деңгейіндегі есепте болып табылады, ал оны қазіргі теңгеге айырбас бағамымен алсақ, нарықтағы тұрғын үй бағасының 15-20 пайызға қымбаттағаны анық. Автомобиль сауда-сындағы жағдай да дәл осындай, теңге иелерінің көлік сатып алуға қолжетімділігі қиындай түсті.

Сондай-ақ, девальвациядан кейінгі баға өсімін базардағы велосипедтер саудасынан да байқадық. Сауданың осы түрімен айналысатын бір кәсіпкердің айтуынша, қытайлық велосипедтерге 2-4 мың теңгеден баға қосылыпты. Мысалы, үлкендердің спорттық велосипедтері бұрын 24 мың теңге тұрған болса, қазір 27-28 мың теңгеге, ал балалардың 18 мың теңге тұрған көлігі енді 20 мың теңгеге сатылады. Тіпті, мектепке дейінгі балалар мінетін үш аяқты кішкене велосипедтің бағасы 10 мың теңгеден кем емес.

Енді күнделікті сұраныстағы азық-түлік нарқына оралсақ, салыстырмалы кезеңде көзге түсерліктей шарықтап кеткен бағалар байқалмайды. Көтерме сауда базарының сатушысы Раиса Войтенконың айтуынша, негізгі азық-түлік өнімдеріне ішінара ғана баға өсімі бар. Мысалы, құмшекердің бағасы 149 теңгеден 166 теңгеге, кеспе 179 теңгеден 193 теңгеге, түтікті кеспе 166 теңгеден 176 теңгеге, күріш 170 теңгеден 200 теңгеге өскен. Сол сияқты, қызанақ томаты 20 пайызға қымбаттапты. Ал көпшілік азық-түлік өнімдеріне аздаған баға өсімдері инфляциялық деңгейден аспайды. Көтерме сауда базарындағы кейбір бағаларды атап айтар болсақ, жоғары сұрыпты бидай ұны 95 теңге, бірінші сұрыптысы 72 теңге, бидайдың ұнтақ жармасы 149 теңге, қарақұмық 100 теңге, өсімдік майының 5 литрі 1100-1300 теңге, макарон өнімдері 160-170 теңге тұрады. Ал жайма базардағы сырттан жеткізілген түрлі жемістер мен кептірмелердің бағасы бұрынғы деңгейге шамалас.

“Океан” сауда үйінің маңындағы алаңда жаңа шыққан құс балапандары сатыла бастады. Онда қаз балапанының біреуі 1000 теңге, үйректің балапаны 250 теңге және тауық балапаны 100 теңгеден тұрады. Ал бройлерлік тауықтың тәуліктік балапаны – 270, апталығы 300 теңгеден сатылуда.

Базардағы ет бағасында өзгеріс жоқ деуге болады. Қара мал етінің килограмы 1000-1100 теңгеден, қой еті 1300 теңгеден аспайды. Туралған дайын қара мал етінің фаршын да сол бағаға алуға болады. Жылқы етінің орташа бағасы 1700 теңге, сүрленген еті 2800 теңге тұрады.

Бір сөзбен айтқанда, қазіргі қараөзек шақта өзек талатындай азық-түлік тапшылығы жоқ. Тұтынушылар қалтасына қарай көсіліп, еркін таңдау жасай алады. Оның үстіне апта сайын өтіп тұратын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері де қала тұрғындарын сапалы арзан бағалы өнімдерімен қуантып жүр.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp