«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРТТАРДЫ ҚУАНТЫП ТАСТАДЫ

Аққайың ауданында орналасқан қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі Смирнов интернат-үйі 1971 жылы құрылған. Содан бері мекеме үздіксіз жұмыс істеп келеді. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов аталмыш нысанның бүгінгі жай-күйімен танысты. Әлеуметтік мекемеде жалғызбасты егде жандарға қажетті жағдайдың бәрі жасалған.

– Бізде қазіргі күні 345 адам тұрып жатыр. Олардың арасында 158 мүгедек бар. 5 рет тамақ беріледі. Әртүрлі үйірмелер жұмыс істейді. Оған қарттардың барлығы қатысады, – деді интернат-үй директорының орынбасары Күлшира Кәлімбетова.  

Қарттар үйінде тұратын қолөнер шеберлерінің туындысы келген жұртшылықты таңғалдырмай қоймайды. Бірі тоқыма өнерімен айналысса, енді бірі сурет салуға әуес. Арнайы көрмені тамашалаған соң өңір жетекшісі әлеуметтік нысанның кітапханасында болды. Ондағы әдебиет қоры 6 мың данадан асады. Екі жүзден астам тұрақты оқырманы бар кітапханаға Ерік Сұлтанов 100 дана түрлі әдеби кітапты сыйға тартты. Бұдан соң аймақ басшысы қариялармен әңгімелесіп, өңірде атқарылып жатқан шаруалар жайында баяндады.

Артынша қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында мекемеге “ГАЗель” автокөлігінің сертификатын табыстады.

Облыс әкімі аудан орталығында тұрғызылып жатқан емхананың құрылысымен де танысты. Бір ауысымда 250 адамды қабылдау мүмкіндігі бар нысанның құрылысы 2012 жылдың желтоқсан айында басталыпты.

– Уақыт аз қалды. 1 желтоқсанда емхананы халық игілігіне тапсыруымыз қажет. Оның үстіне мұнда сатып алынған жаңа қондырғыларды орнатып үлгеру керек. Сондықтан шаруаны созып жүрудің қажеті жоқ, – деді құрылысшылармен әңгімелескен Ерік Сұлтанов.

Осы күні өңір басшысы Тайынша ауданындағы қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі “Надежда” интернат-үйінде де болды.

– Елбасымыз қарттарға ерекше көңіл бөледі. Оның жүргізіп отырған саясатының арқасында қазір бұл бағытта тың жұмыстар атқарылып жатыр. Еш нәрсеге алаңдамаңыздар! Сіздердің жағдайларыңыз әрдайым мемлекеттің бақылауында, – деді интернат тұрғындарымен әңгімелескен Ерік Сұлтанов.

Қарттар үйіне биыл жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Мұнымен қоса 2 миллион 800 мың теңгеге қажетті дәрі-дәрмек сатылып алынған. Мекеменің жаңа заманға сай медициналық блогы, жаттығу залы, моншасы да бар. Облыс әкімі нысанның тыныс-тіршілігімен танысқан соң Қарттар үйіне теледидар сыйлады.

Самат ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp