«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРТТАРЫМ, АМАН- САУМЫСЫҢ?

Қарттар күні аясында аға буын өкілдері мен мүгедектерге әлеуметтік қолдау көрсету ауданымызда дәстүрлі іс-шаралардың біріне айналып отыр. Сарқылмас ақыл-парасат пен таусылмас мол өнеге-өсиеттің шырағы – ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымыздың әрқайсысы құрметке лайық.

Ауданда тұратын 2070 зейнеткер мен 647 мүгедек жанның ешқайсысы назардан тыс қалған жоқ. Барлық мемлекеттік және жекеменшік нысандағы мекемелер өздерінде жұмыс істеп, зейнетке шыққан ардагерлеріне арнап дастарқан жайып, қонақ қылып немесе денсаулық жағдайына байланысты келе алмағандарына арнайы барып, азық-түлік себеті мен сыйлықтарын берді.

Талшық және Ленинград ауылдарында аудан әкімі Серікбай Тұралинов аға буынды құттықтап, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында ардагерлердің жақсы өмір сүруіне бар жағдай жасалғанын және зейнетақымен жәрдемақылардың көлемінің жыл сайын өсіп жатқанын тілге тиек етті.

Барлық ауылдық округтерге мекеме басшылары барып, аудан әкімінің атынан құттықтады. Сонымен бірге, биылғы жылы отасқандарына 50, 55, 60 жыл толған отбасыларға және 90 жасқа келген қарттар мен ауданымыздағы екі соғыс ардагеріне аудан әкімінің арнайы Алғыс хаты мен сыйлықтарын аудандық мәслихат хатшысы Айбек Хоршатұлы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Серғазы Жұмабаев табыстады. Қарттар көрсетілген сый-құрметке ризашылығын білдіріп, шын ықылас-ниеттерімен алғыстарын айтты. Қарттарымызды сыйлау – ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан дәстүр. Қазақта “Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді”, – деген сөз бар, артымызда өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа үлгі көрсете білейік.

Сәуле МҰҚАЛЫҚОВА,

Ақжар аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және

әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp