
Қызылжар өңіріне жұмыс сапарымен келген Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин облыстағы көктемгі су тасқынына қарсы атқарылып жатқан іс-шаралармен танысты. Вице-министр облыс әкімінің орынбасары Антон Федяевпен бірге су басу қаупі жоғары Айыртау, Шал ақын, Есіл, Қызылжар, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданды тікұшақпен әуеден бақылады.
Имантау, Кіші Тораңғұл және Үлкен Тораңғұл көлдеріндегі мұздың жағдайы бақыланды. Есіл өзені мен оған құятын Шарық, Ақанбұрлұқ, Бабықбұрлұқ, Иманбұрлұқ, Жембарақ, Қамысақты өзендеріне ерекше назар аударылды. Борттағы топ су тасқыны жағдайын мұқият зерттеп, жағдай шиеленіскен жағдайда халықты қорғау шараларын анықтады. Сондай-ақ, солтүстікқазақстандықтарды су тасқынынан қорғау бойынша жүзеге асырылатын және жоспарланған шараларға түзетулер енгізілді.
Бұдан кейін Сергеевка су гидроторабындағы судың деңгейімен танысты. Облыстың орталық, солтүстік және солтүстік-шығыс бөліктерінде қар жамылғысы түгелдей дерлік сөгілді. Сәйкесінше, Есіл өзеніндегі судың деңгейі біртіндеп көтерілуде. Бұған дейін облыстағы 92 ауылды су басуы мүмкін деген болжамдар жасалған болатын. Қазір қауіп сейіліп, бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін қысқарды.
Нысандағы су деңгейі 30 сантиметрге көтеріліп, қойманың арнасынан асты. Соның салдарынан аудандық маңызы бар онға жуық жол учаскесін су шайып кеткен. Бірақ көлік қатынасы тоқтаған жоқ, айналма жолдар бар. Мамандардың болжамынша, 10-12 күннен кейін су тасқыны Петропавлға жетуі мүмкін.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығы Рамиль Камалов су тасқыны болған жағдайда жедел әрекет ету үшін құрамында 484 адам бар арнайы топтар жасақталғанын жеткізді. Бұған дейін құтқарушыларды су басу қаупі жоғары елді мекендерге жіберу жөнінде шешім қабылданған болатын. Сөйтіп, Есіл, Шат, Шағалалы, Сілеті өзендері мен Үлкен Тораңғұл көлдерінің маңында орналасқан ауылдарға департаменттің өрт сөндіру және апаттық-құтқару жасағының мамандары жіберілген-ді. Ендігі кезекте Шал ақын ауданына да құтқару жасағын жібері туралы шешім қабылданды.
Министрдің орынбасары Юрий Ильин қазіргі таңда су басуы мүмкін аймақ тұрғындарының алаңдауына негіз болмаса да, сақтықта қорлық жоқ екенін ескертті. Әзірге облыста үйлерге қар суының кіруі тіркелген жоқ.