Ұлттық кәсіби білім беру жүйесі ішкі және халықаралық еңбек нарығы талаптарының деңгейлеріне сай бәсекеге қабілетті кадрлар даярлауы тиіс. Қазіргі өзгермелі заманда бүгінгі алған білім ертеңге жарамайтын кездер болады. Сондықтан XXI ғасырда білім беру үздіксіз үдеріс сипатында жүзеге асады.
Осы мақсатта облыстағы кәсіптік-техникалық білім беру салалары заман талабына сай оқытуды қолға алды. Халықаралық ынтымақтастық аясында 2011 жылы Жәлел Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылығы колледжі негізінде Түмен мемлекеттік аграрлық университетінің өкілеттігі ашылды. Ол дамыған инфрақұрылымы бар ғылыми-оқу кешенінен, атап айтсақ, сегіз оқу корпусы, студент қалашығы, ат спорты мектебі, оқу-тәжірибелік шаруашылығынан тұрады. Мамандар даярлауды төрт жүзден астам профессор мен педагог жүзеге асыруда. Олардың арасында 4 ғылым докторы мен 197 ғылым кандидаты бар.
Жоғары білімді мамандарды даярлау орта арнаулы білім беру базасының негізінде қашықтықтан оқыту арқылы жүргізіледі. Оқығысы келгендер Ресей Федерациясына бармай-ақ қашықтықтан білім алады. Ол үшін колледжде 30 адамға шақталған қашықтықтан оқыту орталығы қажетті оқу құралдарымен жабдықталған. Он төрт компьютер кең жолақты Интернетке қосылған.
Барлық тапсырмаларды студенттер электрондық пошта арқылы алады, ал тестілеу мен емтихандар тапсыру қашықтықтан оқытудың онлайн-сыныбында өтеді. Емтихан тапсыратын пәндер бойынша дәрістер өткізіліп, туындаған сұрақтарын студенттер университет порталы арқылы қояды.
Зертханалық-тәжірибелік сабақтар колледждің осы заманға сай жабдықталған кабинеттері мен зертханаларында өтеді. Колледж оқытушыларына университеттегі әріптестерімен өзара қарым-қатынас жасауға мүмкіндік жасалған. Олар өзара тәжірибе алмасып, оқытылатын пәндер бойынша қажетті оқу-әдістемелік кешен құру үшін ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа жетістіктерімен бөліседі.
Қашықтықтан оқыту арқылы екінші жоғары білім алуға, магистратурада немесе аспирантурада оқуын жалғастыруға болады. Онда 2011 жылдан бері ветеринар, агроном, агроинженер мамандықтары бойынша кадрлар даярланады. Үстіміздегі жылдың маусым айында аталмыш мамандықтар бойынша алғашқы 58 адам бітіріп шықты. Олардың 48-і – ветеринар дәрігер, 6-уы – агроном және 4-еуі инженер-механик мамандықтарын меңгерді.
Сонымен қатар, орман шаруашылығы және бухгалтерлік есеп, талдау және аудит мамандықтары бойынша отыз адам білім алуда. Оқу ақысы мамандыққа сұранысқа қарай Ресей рублімен есептеледі.
Кадр даярлау кезінде колледж түлектеріне, мемлекеттік қызметтің құрылымдық бөлімшелері, мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдары, ауыл шаруашылығы коммерциялық кәсіпорындары мен қайта өңдеу өнеркәсібі жұмысшыларына басымдық беріледі.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытуды және ауыл шаруашылығы саласының білім базасын құруды қамтамасыз етуге қабілетті кадрлар даярлау мақсатында алдағы уақытта жаңа екі мамандық ашу жоспарлануда.
Халықаралық ынтымақтастық негізінде білім кеңістігін одан әрі дамыту үшін колледж оқытушыларын Ресей Федерациясында тағылымдамадан өткізу, ондағы университеттер ресурстары бойынша қашықтықтан оқытуды жалғастыру қажет. Ресейлік серіктестермен бірлескен зерттеулер өткізуді, студенттердің шетелдік оқу ресурстарына қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін оқуын жалғастырғысы келетін колледж түлектеріне гранттар алу бағытында жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Халықаралық ынтымақтастықты дамыту аграрлық сектор мамандарын даярлауды ғылыммен, біліммен және өнеркәсіппен үздіксіз байланыста жүзеге асырып, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін нығайтудың негізгі бағытын қамтиды.
Алма ХҰСАЙЫНОВА,
облыстық білім басқармасы кәсіптік-техникалық білім беру және кадрлар даярлау бөлімінің жетекшісі.