«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚИМЫЛ- ҚОЗҒАЛЫС – САУЛЫҚТЫҢ ДӘРУМЕНІ

Бүгінгі таңда елімізде дене шынықтыру, спортпен шұғылдану кеңінен жолға қойылған. Мемлекет тарапынан бұл үшін айрықша жағдай жасалуда. Тек осындай мүмкіндікті мүлт жібермей пайдалана білу қажет.

Хайырбек ҚОЖАХМЕТОВ,

дәрігер-терапевт.

Десе де, қазіргі таңда түрлі сырқатпен ауыратын адамдардың саны көбейіп кетті. Әсіресе, 20 мен 40 жас аралығындағы адамдар жағы басым. Себебі, заман талабына сай техника көбейіп, дене қимылы мен қол еңбегінің азаюы, көп адамдардың бір орында отырып жұмыс істеуі, тамақты шамадан көп ішуі, міне, осының барлығы түрлі сырқаттарға әкеліп соқтыратын баспалдақтардың бірі болып табылады. Тағы бір себеп, отбасында немесе жұмыс орындарында кейбір кездерде орын алатын ұрыс-керіс. Адамның денсаулығына осындай келеңсіз жайттар да әсер етеді. Сондықтан да ренішті жағдайлардан бойды аулақ ұстаған жөн. Ашу үстінде айтылған сөздерді көңілге жақын алмай, өзіңді сергек ұстауға тырысқан дұрыс.

Саламатты өмір сүру, орынды тамақтану, шама келгенше жүріп-тұру, темекі мен ішімдіктен бас тарту, мұның барлығы – адам ауруының алдын алу үшін қажетті шаралар. Ағзасы әлсіз адамдардың дене шынықтырумен, спортпен айналысқаны жөн. Дене тәрбиесі бөбекжай, бала-бақшалардан бастап, колледждер және жоғары оқу орындарында жалғасады. Кәсіпорындарда денсаулық топтары құрылса, құба-құп. Спорт қалашықтары мен алаңдар қалалы жерде ғана емес, ауылда да бар. Міне, осының барлығы – адамдардың денсаулығын нығайтуға арналған іс-шаралар. Спорт және дене тәрбиесімен жас кезінен айналысқан адамның денсаулығы жақсы болады. Олар жасы ұлғайса да, өзін сергек, шымыр сезінеді. Жұмыс уақытында гимнастика жасаған өте пайдалы. Оның ұзақтығы 10-15 минут болғаны дұрыс. Жұмысқа жаяу барып келген де денсаулыққа көп септігін тигізеді.

Шынықпаған ағза тез әлсірейді. Ондай адам аурушаң болады. Мұның барлығы адамның тез қартаюына әсер етеді. Спортпен шұғылданумен қатар суға шомылып, таза ауада көп серуендеп, күннің шуағына жылыну да пайдалы. Сондай-ақ, саяжайда, бау-бақшада жұмыс істеген адам да ширақ қозғалып, денсаулығы нығая түседі. Бұл адам үшін пайдалы, ал ағза үшін қажетті дәрумен болып табылады. Мұндай дәрумендер денсаулықтың дәнекері іспеттес. Сондықтан да әрбір адам шамасы келгенше ағзасына зиян тигізетін нәрселерден бойды аулақ ұстап, саламатты өмір салтын ұстануға ұмтылуы керек.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp