«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚИЫНДЫҚҚА ҚЫҢБАЙДЫ

Петропавлдағы “Оригами” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – былтыр құрылған кәсіпорын. Оның басшысы – жас экономист Жанат Дүйсенбаев алғашқы бизнес-жоспарын жасаған кезде нарықтағы сұраныстың тамырын басып, қағаз-картон орамалар жасау кәсібімен шұғылдануды жөн көреді. Сондағы жасалған бизнес-жоспарды қаржыгерлер де мақұлдап, “БанкЦентрКредит” қаржы институты мемлекеттік бағдарлама шеңберінде несие беруге келісіп, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша демеуқаржы алудың да мүмкіндігі байқалған. Бірақ жоспар қағаз жүзінде сәтті болғанымен, кезек іске көшкен кезде өндіріске қажетті шикізат табылмай, кәсіпкер бизнесін уақытша тоқтатуға мәжбүр болады.

– Бизнесті жүргізу сырт көзге оңай. Ал оны қолыңмен сезініп, санаңды сан сұраулармен толғандырған кезде жолыңда талай соқпақтар кездеседі. Жігерлі, ойың жинақы, білегің сыбанулы, жүйкең орнықты болған кезде ғана іс өрге қарай басады. Өмірде көргенім аз шығар, бірақ осыған дейін әртүрлі еңбек ортасында жүріп, заман талабына сай іскерлік танытудың жолдарын үйрендім. Бастапқы қадамымнан қолға алған ісім кібіртіктей бастағанда сабыр сақтап, ойымды жинақтап, қолымның ұзаратын күні әлі алда екеніне сеніммен қарадым. Сөйтіп, кәсіпкерлікті тоқтатпау үшін құрылыс материалдарын шығаруды жөн көрдім, – деп ой тарқатқан Жанат Ерболсынұлының ерте ме, кеш пе көздеген мақсаты жүзеге асатынына күмән жоқ.

Сәтті бизнес тек қана саралы жоба мен еңбекқорлыққа ғана тірелсе, талайдың бақшасы көгерер еді. Бірақ олай емес. Іскерлік талай қасиет пен қабілетті талап етеді. Еңбек нарығында он жылдай жүрген Жанат Ерболсынұлы өз түсінігінде сапалы теориялық білім мен тәжірибенің барлық жағдайда сәйкес келе бермейтінін айтады. Ол оны өзінің қолға алған алғашқы жобасының қағаз жүзіндегі нұсқасы көпшіліктің көңілінен шықса да, істі жүзеге асырар кезде, жобаның пысықталмаған тұстары бірден аңғарылғандығымен түсіндірді. Кәсіпкер бүгінде сондағы бөгет болған екі мәселені жан-жақты пысықтау үстінде. Ондағы бірінші мәселе – шикізат, екіншісі – арзан газ. Мұндай өндіріске шикізат ретінде қағаз қалдығы қолданылады. Бірақ өңір аумағында оларды жинау мәселесі ойдағыдай болмағандықтан, тиісті шикізатпен қамтамасыз ету оңайға түспей отыр. Бүгінгі таңда өңірімізде осы бағытта бір-екі ғана қосын жұмыс істесе, олардың жинаған қағаз қалдықтары Алматының “Карина” кәсіпорнына жөнелтіледі. Сондай-ақ, жас кәсіпкер қағаз-картон орамаларын ағаштың емес, газдың жылуына кептіргеннен сапалы да арзан өнім шығатынын айтады. Әзірге кәсіпкер өңірге жеткізілетін газдың қымбат бағасы нарық бәсекелестігінде үлкен кедергі тудыратынын сезіп отыр.

Қағаз-картон орамалар біздің облыстағы азық-түлік тауарларын өндіруші кәсіпорындар тарапынан үлкен сұранысқа ие. Бүгінде олар Павлодар облысынан жеткізілген орамалардың сапасына көңілдері толмай, ресейліктердің қымбат тауарларын сатып алуға мәжбүр болуда. Осы жүйені бақылап жүрген Жанат Ерболсынұлы аталмыш тауарды өндіру ісін қолға алу үшін өнімді сапалы да қолжетімді етудің нық жоспарын жасауды көздейді.

Бизнестің жолында кезіккен қиындыққа мойынсұнбау іскерліктің талабы екенін білетін Жанат Ерболсынұлы қарамағындағы он шақты адаммен басқа бағыттардан табыс табуда. Кәсіпорын бүгінде көбік-бетон жасауды қолға алған. Олардың өндіретін дыбыс өткізбейтін материалдары – қабырғалар мен едендерге таптырмайтын жабдық. Өңірімізде мұндай құрылыс материалдарын шығарумен айналысатын кәсіпорындар саусақпен санарлықтай. Сондай-ақ, серіктестік сантехникалық қал-қалар мен душ кабиналарын жасап, құрылыстағы жөндеу жұмыстарын да орындай береді. Өткен жылы облыс орталығындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ғимаратының құрылысынан жақсы тапсырыс алған. Кәсіпкер алдағы жылдары мемлекеттік тапсырыс бойынша өтетін тендерлерге қатысып, жұмысын біраз оңтайландырып алмақ.

– Биыл мемлекеттің құрылысқа бөлген қаражаты қысқаруына байланысты біз сияқты шағын кәсіпкерлер үлкен қиындыққа тап болды. Алайда, қол қусырып отыруға болмайды. Кәсіпорын шығарып жүрген құрылыс материалдарымен “ЭКСПО – 2017” құрылысына атсалысуды мақсат етіп, оның жолдарын қарастырып жатырмыз. Жаңадан бой көтеріп келе жатқан кәсіпкерліктің іргелі бизнес ортасына қарай бағыт алуы оңайға соқпайтынын білеміз. Бірақ біз алдымызға осындай мақсат қойған кезде жігерленіп, жұмысымыз ширала түсетіндей, – дейді кәсіпкер.

Жігерлі жігіт бірқатар еңбек ортасында тәжірибе жинап, жұмыстың бағасын білетін деңгейге жеткен. Жанат Ерболсынұлы жоғары оқу орнын бітірген соң зейнетақы төлейтін мемлекеттік орталықта еңбек жолын бастапты.

– Маған қозғалыс, ортамен тығыз қарым-қатынас керек. Сонда ғана мен өзімді жақсы сезінемін. Осыған дейін бірқатар кәсіпорындарда қатардағы еңбеккер қызметінен бастап, басшылыққа дейін көтерілдім. Тәжірибе жинап, біраз тағылымдық кеңестер алдым, іскерлікті тану мектебінен өттім. 2006 жылы зейнетақы қорынан “Қазақтелеком” компаниясына ауысқан кезде бір танысым жаңа жерде еңбекақының аздығын алға тартқан болатын. Ал мен үшін қаржы басты мәселе емес, маған іскерліктің мүмкіндіктерін көрсететін ортада жұмыс істеу маңызды. “Казком” компаниясының “Грантум” деп аталған зейнетақы жинақтау қорына жұмысқа шақырылған кезде онда басшылық қызметте болып, жұмысты қалай ұйымдастырған тиімді екенін ұға түстім. Әрине, мені еңбекке баулығандардың бірі – әкем. Бұрын құрылыс саласында еңбек еткен ол – бүгінде ауыл шаруашылығының білікті маманы. Әкем маған ақыл-кеңес беруден жалықпайды. Адам үшін еңбектің табысты болғаны өз алдына, сүйіспеншілікпен атқарған жұмысыңнан ләззат алсаң, құба-құп. Сонда ғана арман мақсатқа жетелейді, – деп білетін ол, ендігі уақытта кәсіпкерлікті кеңейту, жаңаша жұмыс істеу мен тұлға ретінде дамуды көздейді. Сондықтан ол өзін әзірге үйрену, қалыптасу кезеңінде жүрген кәсіпкерге санайды. Бизнестің жолындағы қиындықтарды еңсере отырып, діттеген ойы жүзеге асатынына сенімді.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp