Қожаберген жырау 1663 жылы Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Жамбыл ауданының Күлтөбе деген жерінде Толыбай сыншының отбасында дүниеге келген. Араб, парсы тілдерін жетік білгендігіне байланысты ол әз-Тәукенің сенімді елшілерінің бірі болған.
1688 жылдың маусым айында Түркістан шаһары маңында әз-Тәуке бастаған барша қазақ жақсылары 25 жастағы Қожабергенді Ордабасы, яғни хан ордасының бас қолбасшысы әрі бас ақын етіп сайлайды. Ол сол кездегі қоғамдық-әлеуметтік жағдайды, қазақ хандығының ішкі-сыртқы саяси хал-ахуалын жете біліп, әрдайым өз жырларына арқау етіп отырған. Қожаберген батырдың жан-жақты қабілеті бар дарабоз тұлға екендігіне қоса, оның елші әрі сынықшы болғаны жайлы да деректер бар. Оған ақынның “Елшілік” деген өлеңі дәлел.
Қожабергеннің әдеби мұрасын жинап, сақтаған Сегіз сері. Ол жыраудың “Елім-ай”, “Баба тіл”, “Жеті Жарғы”, “Қабанбай батыр”, “Ер Көкше”, “Асан ата”, “Ер Қосай”, “Ер Жәнібек”, “Қорқыт баба”, “Ер Едіге”, “Орақ батыр”, тағы басқа төлтума шығармаларын жинап, бізге жеткізген.
Қожабергеннің ақындық талантын танытқан, тарихта атын қалдырған туынды – “Елім-ай” дастаны. Ел басына түскен ауыр апатты “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” кезеңін жыр тіліне көшірген. Шығарма 7 бөлімнен тұратын 3683 шумақ, яғни 14732 жол өлең. Қазақ әдебиетінде 11 буынды, 4 тармақты, қара өлең ұйқасымен шығарма жазудың негізін салушы осы Қожаберген жырау десек, қателеспейміз. Оның көлемді дастандарының бәрі бұған дәлел бола алады. Жыраудың бұл дәстүрін кейін оның інісі Дәстем салдың немересі Жанкісі ақын, шәкірттері Көтеш, Жанақ ақындар одан әрі дамытқан.