Бүгінгі қоғам індеттерінің бірі – есірткі. Ол туыс-туғаннан, дос-жараннан, денсаулықтан, жұмысыңнан айырып, тіршілігіңді тұралатады. Ең бастысы, өміріңе қауіп төндіреді. Біздің арамызда осы зұлымдыққа қарсы күресетін жандар бар. Сонымен қатар күрескердің бейнесінде жүрген, қой терісін жамылған қасқырлар да жоқ емес.
Осындай “күрескерлердің” бірі – Нұр-Сұлтан қалалық есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Марат Мәдиұлы Кантурин. Оны әріптестері жақсы жағынан сипаттайтын. Алайда, оның елорда аумағында есірткі құралдарын заңсыз өткізу мен таратуға мамандандырылған қылмыстық топ құрғаны белгілі болды.
Мақтаулы подполковник Ұлттық қауіпсіздік комитетінің назарына ілікті. Арнайы және жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде ақпарат растала бастады. Зерттеудің алғашқы күндерінде-ақ жедел уәкілдер Кантуриннің есірткі бизнесімен айналысатындарға қамқоршылық жасайтынын дәлелдейтін мәліметтер жинады. “Есірткі бизнесіне қарсы күресуші” 2014-2018 жылдар аралығында қызметтік уәкілеттілігін пайдалана отырып, лас іспен айналысқан. Осы қызметі үшін ай сайын 500 мың теңге алып отырған.
Жеңіл ақша тойымсыз қызметкердің аранын аша түсті, ол есірткіні одан әрі тарату үшін Кирилл Самойловқа берудің құйтырқы жолын ойлап табады. Арам жолмен табылған ақшаны сыбайластар тең бөліп отырған. Сөйтіп, ол енді тек заң сақшысы емес, сондай-ақ, қылмыстық топ жетекшісі болады. Қымбат қол сағаты, брендке айналған киімдер, автокөлік пен қымбат кештер Кантуриннің өмірінің сәніне айналды. Мұндай өмір салты оның көңілінен шығып, подполковниктің жанама заңсыз бизнесі дами түседі. Бұл кезде құлағы түрік жүретін Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің де жұмысы қарқын алған еді.
Кезекті кездесуде подполковник Самойловқа сату үшін 2 килограмм героин береді. Бірақ кейін Самойлов Кантуринге сапасы төмен “тауарды” сатып алудан бас тартатынын хабарлайды, оны қайтадан алып кету үшін нақты орнын айтады. Ал Кантуринге героин емес, ақша керек еді. Осы арада оның басына түрлі жымысқы ойлар келе бастайды. Осылайша Кирилл Самойловқа қатысты қолда бар ақпаратты Нұр-Сұлтан қаласы ІІД ҰҚКБ-ға тапсырады.
Сонымен, 2018 жылғы 9 қаңтарда Кирилл Самойловпен оның ағасы Олег Самойлов 1 килограмм 734 грамм есірткімен қолға түседі. Операцияның қысқа мерзімде жүргізіліп, жерге көмілген героиннің Самойловтар үйіне көршілес учаскеден табылуы Голливудтың шытырман оқиғалы фильмдеріндегідей әсер береді.
Жалпы алғанда, оқиға өзінің логикалық шегіне жеткен сияқты. Алайда, Кантуринге бұл да аз көрінді. Самойловтардың ісі бойынша тергеуші, аға лейтенант Мақсат Әліханұлы Әзімханмен сыбайласып, тағы да пайда таппақшы болады. Самойловтар әулетімен таныс Кантурин оларға істерін Қылмыстық кодекстің анағұрлым жеңіл баптарына ауыстыру түрінде көмек ұсынады. Бұл қызметі үшін Кирилдан 25 мың, ал Олегтен 20 мың АҚШ долларын сұрайды, қаржыны Кирилл Самойловтың зайыбы тергеушіге апарып береді. Алайда, Олегтің ғана жазасы жеңілдейді. Ал Кирилл үшін өзгеріссіз қалып, 10 жылға бас бостандығынан айырылады. Бұдан кейін Кирилдің зайыбы Кантуриннен 25 мың АҚШ долларын қайтаруды талап етеді. Ол “күнде ертеңмен” әйелді әуре-сарсаңға салады. Ақыры Самойловтың әйелі тергеушіні тиісті органдарға арыз жазамын деп қорқыта бастайды. Әзімхан бұл туралы дереу Кантуринге хабарлайды, ол болса Кирилдің зайыбын ІІД ғимаратына шақырады. 2018 жылғы 15 маусымда оған 100000 теңгесін қайтарады, келесі аптада тағы да 500000 теңге беретінін айтып, қарызды біртіндеп жабуға уәде береді. Және Кирилдің зайыбына есірткі сатумен айналысуды ұсынып, оны көндіруге тырысады. Алайда, ол Самойлова бұл уақытта Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жедел уәкілдері мен тергеушілеріне жәрдемдесіп жүргенін білмеген еді. Барлық әңгімелер жазылып алынады.
2018 жылғы 10 тамызда Кантурин уәде бойынша Самойловаға 700 грамм героин әкеліп береді. Бұл Кантуриннің бостандықтағы соңғы күндерінің бірі болатын. 2018 жылғы 28 тамызда ҰҚК қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласы ІІД Жеке қауіпсіздік басқармасымен бірлесіп, подполковник Марат Кантуринді ұстайды. Көп ұзамай, яғни 10 қыркүйекте сыбайлас тергеуші де қолға түсті.
Марат Кантурин ірі мөлшерде есірткі құралдарын өткізгені, лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны және пара алғаны үшін мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылып, 10 жылға сотталды. Мақсат Әзімхан пара алғаны үшін мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылып, 8 жылға қамалды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.
Сурет https://www.caravan.kz/ сайтынан алынды.