«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛУЫ КЕРЕК

“Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыруды жалғастыруда. Елді мекендерде “Жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын анықтау және бекіту” композиттік қызметіне “Жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын анықтау” және “Нақты жер учаскелерінің кадастрлық (бағалау) құнын бекіту” қызметтері біріктірілді.

Оңтайландыру нәтижесінде қызмет көрсету мерзімдері қысқартылды және халыққа қызмет көрсету орталықтарына екі рет бару қажеттілігі жойылды. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдарда жер учаскелерінің жерге орналастыру жобаларын әзірлеу және бекіту композиттік қызметіне біріктіру жүзеге асырылды. Жуырда осы және басқа да мәселелерді қараған ведомствоаралық жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Алқалы жиында “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалы мен Петропавл қалалық жер қатынастары бөлімінің жер қатынастары саласында тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсету жұмысы талқыланды.

Петропавл қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Қайрат Елеусізов өздері көрсететін мемлекеттік қызмет туралы хабарлама жасады. Ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері бөлімнің бұл бағыттағы жұмысын сын тезіне алды. Комиссия мүшесі Владимир Комаров атап көрсеткеніндей, қызмет алушының жер теліміне берген өтінішіне жауаптың мерзімінен кешіктіріліп берілуі жиі кездеседі. Бөлім мамандары жауаптарын өтініш иесінің сотқа шағымдануына уақыт қалдырмайтындай кешіктіреді екен. Сонымен қатар Петропавл қалалық жер қатынастары бөлімінде мемлекеттік қызметті көрсету бойынша ақпараттардың қолжетімді болуы қажеттігі ескертілді.

Ведомствоаралық жұмыс тобының отырысына қатысқан Жұмысшы кентінің тұрғыны Еркеш Жақияұлы Караван мен Украин көшелерінің қиылысындағы жер телімінің заңсыз жекеменшікке өтіп кеткенін, сондықтан жаяу жүргіншілерге қиындық туғызып отырғанын алға тартты. Бұл мәселені ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері жедел тексеретін болды.

“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалы директорының орынбасары Серік Бейсенов тұрғындарға жуырда цифрлық қызмет көрсету орталығының ашылатынын айтып, цифрлық сауаттылықты арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Азат САУДАБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp