Санаулы күндерден кейін Петропавл қаласында Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарының өңіраралық ынтымақтастық форумы өтеді. Айтулы шараға бір мыңнан астам қонақ келеді деп күтілуде.
Демек, бұл – меймандарды құшақ жая қарсы алып, қонақжайлығымызды көрсетер сәт. Келушілерді күту міндеті қонақүй мен мейрамхана саласында кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерге жүктеліп отыр. Петропавл қалалық әкімдігі ұйымдастырған баспасөз туры барысында бұл нысандардың форумға дайындығы пысықталды.
Алдымен журналистер “Есіл” мейрамханасында болып, жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Мейрамхана директорының орынбасары Сағындық Әлімбаевтың айтуынша, іргесі 1984 жылы қаланған нысанда күрделі жөндеу жұмыстары былтыр басталған. Құрылысшылар ғимараттың сыртын ғана қалыпқа келтіріп қоймай, ішіне де жаңғырту жұмыстарын жүргізген.
– Мейрамхананы заманауи үлгіде безендіру үшін дизайнердің көмегіне жүгіндік. Оның қасбеті иран травертинімен қапталып, шатыры жаңартылып, витраждар қойылуда. Сондай-ақ, екіқабатты ғимараттың 4 залы да түрленіп, қонақтарға жайлы болуы үшін жаңашылдықтар енгізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстарымен жергілікті үш компания айналысуда, – деді Сағындық Әлімбаев.
Жақында Мир көшесінің бойында “Royal Palace” қонақүй-мейрамхана кешені ашылмақ. Үш мың шаршы метр аумақты алып жатқан кешеннің бірінші қабатында 200 адамға шақталған мейрамхана,10 бөлме және караоке орналасса, екінші қабаты толықтай 600 орындық банкет залына арналған. Кешеннің директоры Бекежан Жоланов мұнда кез келген форматтағы шараны өткізуге жағдай жасалғанын атап айтты. Мәселен, залдың төрт бұрышына ілінетін 4 LED-экран арқылы маңызды шараларды тікелей эфирде тамашалауға болады. Қазір кешенде ішкі сылақ жұмыстары жүргізіліп, ауласы абаттандырылуда. Сондай-ақ, кәсіпкер Қытайдың Гуанчжоу қаласынан ас үй жабдығы мен жиһаз сатып алмақ. Алдағы уақытта көлік қоятын алаңға асфальт төселіп, келесі жылы кешен алдына екі су бұрқақ орнату жоспарлануда. Осындай сәні келіскен ғимаратты салуға 600 миллион теңге жұмсалмақ. Кәсіпкер құрылыс жұмыстары қазан айының соңына дейін аяқталатынын атап айтты.
Мейрамханалардың жағдайына қаныққан соң баспасөз турының өкілдері қала сыртындағы “Green Park” демалыс аймағына ат басын бұрды. Бізді қарсы алған нысанның директоры Максим Калинин форум қонақтарын күтуге дайындық жұмыстары жайлы баяндады. Меймандар жылы да жайлы тоғыз үйге орналастырылатын болады. Алдағы уақытта бассейн пайдалануға берілмек. Оның жанына бірнеше монша орналастырылады.
Демалыс аймағында көңіл көтеру шараларын ұйымдастыру мәселесіне де көңіл бөлінген. Мысалы, биыл ашылған арқан саябағына келген меймандар 58 кедергіден өтіп, рыцарьлар турниріне қатысуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, жануарлар саябағына қабан және марал секілді аңдар әкелінеді.
– Біз 200-ге жуық қонақты қабылдай аламыз. Мәселен, оларға жайлы жағдай жасау үшін интернет тарттық. Меймандарды тамақтандыру үшін тағы бір үй бөлуді көздеп отырмыз. Саябақта жұмыс істейтін 45 білікті қызметкер қонақтарды кеңпейілділікпен күтіп алуға сақадай сай – деді Максим Калинин.
Кәсіпкер алдағы уақытта демалыс аймағында екі қабатты мейрамхана ашуды көздеп отырғанын да жеткізді.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.