Республикалық “Құс жолы” қайырымдылық қоры мен “Казкоммерц-банк” АҚ бірлесіп “Менің қалам үшін” атты әлеуметтік жобаның аясында Қазақстан Республикасының қалаларында, мәдени-әлеуметтік нысандарда мүсіндік композициялар жасаумен, балаларға арналған ойын алаңдарын салумен, ескілерінде жөндеу жұмыстарын жүргізумен айналысып келеді.
“Менің қалам үшін” жобасы адамдарды сауықтыру, әсіресе, жастар мен жеткіншектердің бос уақытын денсаулыққа пайдалы өткізу мақсатын көздеген қоғамдық маңызды бастамаларды жүзеге асырады.
Атап айтқанда, банк пен қор Қарағанды, Теміртау, Балқаш қалаларында балалардың ойын кешендерін тұрғызды, Өскемендегі мұражай-қорықта, Жезқазғанның Тұңғыш құрылысшылар алаңы мен Сәтпаев қаласының Кеншілер алаңында мүсіндік композициялар орнатты.
Биыл банк жобаның жалпы бюджетін 18 миллион теңгеге дейін ұлғайтып, қалалардың инфрақұрылымдарына елеулі үлес қосуды ұйғарды.
Ал 18 қазанда аталған жобаның аясында Петропавлдағы Жамбыл көшесінде балалардың осындай ойын алаңын пайдалануға беру рәсімі болып өтті. Соның арқасында көшенің 290-шы үйінің ауласында футбол алаңы, әткеншектер және сырғанақ балалардың ризығына айналды. Оған 1 миллион 200 мың теңге қаржы жұмсалды.
Осыдан он жыл бұрын құрылған “Құс жолы” қайырымдылық қоры “Казкоммерцбанк” АҚ-мен бірлесіп, осындай игілікті істі жүзеге асырып келеді.
Жыл аяғына дейін еліміздің басқа да қалаларында балалардың осындай ойын және спорт алаңдарын, сондай-ақ, демалыс орындарын ашу көзделуде.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.