Ауыр салмақтағы бұрынғы абсолютты әлем чемпионы Майк Тайсон мен жартылай ауыр салмақтағы әлемнің экс-чемпионы кіші Рой Джонс арасындағы кездесу кейінге шегерілді.
Аты аңызға айналған әйгілі боксшылар арасындағы тарихи жекпе-жек 12 қыркүйек күні АҚШ-тың Калифорния штатында төрешілерсіз өтетін болып шешілген-ді. Шоудың негізгі ережелеріне сәйкес, қос боксшы 8 раунд бас киімсіз, 12 унциялық қолғаппен жұдырықтасуға уағдаласқан. Алайда, қан шыққан жағдайда бокс тоқтатылуы тиіс еді.
Жуырда Майк Тайсон әлеуметтік желідегі жеке парақшасында кездесудің кейінге шегерілгенін хабарлады. Енді кездесу 28 қарашаға жоспарланып отыр. БАҚ-тың хабарлауынша, ұсынысты Майк Тайсонның командасы жасаған екен. Алдын ала болжам бойынша, бұл қадам спортшыларға қосымша табыс әкелуі мүмкін. Бұл болжаммен кіші Рой Джонстың командасы да келісіп отыр.