Ел басына төнген қиын-қыстау кезеңде Жеңіс жалауын желбіретіп, ел еңсесін көтеріп, Отан-анаға аман оралғандардың қатарында атамыз – Қажығали Алдабергенов пен нағашы атамыз Қозкен Әлжанов та бар еді.
Қажығали Алдабергенов әкесінің соңынан ерген жалғыз ұлы екен. Атам 1939 жылдың оныншы қыркүйегінде Қызыл Армияға шақырылады. Міндетті әскерін ойдағыдай аяқтап, еліне келем деп жүргенде соғыс басталып, сол жағынан майданға аттанады. Атам Сталинград майданына қатысады. 900 күн Ленинград қоршауында болған. Ол – 1941 жылдың 22 маусымынан 1945 жылдың 9 мамырына дейін бөлімше командирі.
1943 жылдың 1 сәуірінде кеудесінен жеңіл жарақат алады. Жеңіске жеткенімен, елге қайтпастан Жапонияға қарсы соғысуға кетеді. Атамның көрер жарығы бар екен, 1946 жылы аман-есен елге оралады. Ұлы Отан соғысында қиян-кескі ұрыстың бел ортасында болған, шешуші шайқастарда гитлершілердің озбыр да опасыз әрекеттеріне батыл да ерлікке толы қимылдарымен қарсы тұра білген атамыз Қызыл Жұлдыз орденімен, “Германияны жеңгені үшін” және басқа да медальдармен марапатталған.
Елге аман-есен оралған ол әжеміз Дәрима екеуі шаңырақ құрып, бір ұл – әкеміз Мақсат және төрт қыз өсіріп, тату-тәтті өмір сүреді. Атамыз техникумға оқуға түсіп, зоотехникалық білім алып шығады. Ауылда зоотехник болып, 33 жыл еңбек етеді. Атамыздың сол еңбегі бағаланып, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталады. 1978 жылы зейнетке шыққан ол 1979 жылы 25 наурызда алпыс екі жасында ауыр науқастан қайтыс болады. Атамыз қайтыс болғанда әкеміз Мақсат бар болғаны 13 жаста ғана екен.
Нағашы атамыз Қозкен Әлжанов соғысқа дейін ауылдағы 7 жылдық мектепті бітіріп, қаладағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. 1941 жылдың маусымында бір жылын бітіріп, анасына көмектесемін деп, жазғы демалысқа келгенінде нағашы атамыз соғысқа аттанады. 1941 жылдан 1943 жылға дейін Сталинград қаласын жаудан қорғаған ол қолынан жараланып, 1943 жылдың қаңтарында елге оралады. Қиян-кескі ұрыстарға алғашқылардың бірі болып қатысып, халқына қорған бола алатындығын көрсетеді. Елге келген соң нағашы әжеміз Көкен екеуі шаңырақ құрып, 3 ұл, 6 қыз дүниеге келеді. Анамыз Сандуғаш сол кісілердің ең көпей қыздары болып табылады. Нағашы атамыз 1997 жылдың бірінші қаңтарында дүние салды. Біз өз атамыз бен нағашы атамызды көрген жоқпыз. Көз- көргендер олардың жақсы жандар екенін әрдайым естеріне алып отыратындығы бізді қуантады. Енді біздер өткен өмірге, тарихқа тағзым ету арқылы келешекке үмітпен қадам бассақ дейміз.
Мағжан ҚАЖҒАЛИЕВ,
Жалтыр негізгі мектебінің 8-сынып оқушысы,
Әкежан ҚАЖҒАЛИЕВ,
М. Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің
2-курс студенті.