Айыртау ауданы – қазақтың әншілік, ақындық өнерін құстың қос қанатындай тең ұстап, үлкен атақ пен абыройға ие болған Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Орынбай сынды қырандар, ғылым мен білімнің шамшырағы – Шоқан Уәлиханов сияқты дүлдүл дүниеге келген қасиетті аймақ. Жуырда тарихи-мәдени ескерткіштерге бай киелі жерді аралап қайтудың сәті түсті.
Шынында да, Айыртау – атақты Шалқар және Имантау көлдері маңындағы қарағай-қайыңы жайқалған, жұпар ауасымен танымал аудан. Сырымбет тауының етегіндегі Шоқан Уәлиханов мұражайы, Айғаным қонысы, сәл әріректегі халқымыздың бірлігінің өшпес өнегесіндей болған Қарасай мен Ағынтай батырларға арналған мемориалдық ескерткіш өткен тарихымыздың куәсіне айналған.
Саумалкөлде бізді қарсы алған аудандық мәдениет бөлімінің қызметкерлері “Қарасай-Ағынтай” мемориалдық кешеніне бастап барды. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі жанынан құрылған “Қасиетті Қазақстан” ғылыми-зерттеу орталығы “Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары” жобасына еліміздің ерекше табиғат нысандары, археологиялық және сәулеттік ескерткіштер, діни нысандар мен киелі орындары енгізілгені белгілі. Бұл тізімге аудан аумағында орналасқан “Қарасай-Ағынтай” мемориалдық кешенінің енгенін айыртаулықтар мақтан тұтады. Ішкі туризмнің тартымдылығын арттыруда және жас буынды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуде қасиетті орынның маңызы ерекше.
Мақсатты жерімізге жеткенде мемориалдық кешеннің директоры әрі шырақшысы Самиддин Омаров қарсы алды.
– Тарихта есімдері алтын әріптермен жазылып қалған жаужүрек бабаларымызды ұлықтап, танып-білу, жаугершілік уақыттағы олардың ерлік істері арқылы жас буынның бойында отаншылдық қасиеттерді қалыптастыруды өзіме парыз санаймын. Біздің аталарымыз ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр жерді ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағы үшін ат үстінен түспеді. Бұл байлыққа сұқтанған жауға ұлтарақтай жерді де бермей, ұрпағына мирас етті. Солардың арасында жауды атақоныстан әрі түре қуған Қарасай мен Ағынтай білекті батырлықтың, қайтпас қайсарлықтың, баянды бірліктің, жан аяспас достықтың үлгісі болып табылады. Мемориалдық кешендi көруге, мінәжат етуге жыл сайын елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен саяхатшылар, шетелдiк қонақтар келедi. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та осында екi рет болып, батырлардың аруағына Құран бағыштады, – дейді Самиддин Омаров.
Шырақшы қос тұлғаның ғибратты өмір жолы мен ерлік жорықтарына, араларынан қыл өтпейтін адал достығына қысқаша тоқталып өтті. Жұбы жазылмаған батырлар екі жүзден астам шайқасқа қатысады. Соның бәрінен дін аман шығу – адам нанғысыз құбылыс. Оның негізі шынайы достықта жатыр. Қос батыр сан мәрте майдан даласында атой салса да, жау қолынан емес, өз ажалынан көз жұмған екен. Бұл орайда Қазақстан тарихын зерттеген белгілі орыс тарихшысы Петр Румянцев “Материалы Семиреченской области” деген кітабында Қарасайдың мәйіті Көкшетау уезінің Айыртау бөктерінде жатқанын жазған. Егде тартқан шағында бабамыз қазақ жеріне бейбіт өмір орнағанын көңіліне медеу тұтып, жарты ғасырға жуық жұбы ажырамаған жан досы Ағынтайдың мекені – Көкшеге қоныс аударады. Айыртау сілеміндегі Құлшынбай жотасына бірге жерленген қос тұлға жайлы нақты деректерге негізделген әңгімелер жергілікті тұрғындар арасында кең тараған.
– 1954 жылы Кәзен деген ауыл тұрғыны жер жыртып жүріп төбенің етегіне жеткенде түреннің тісі қатты затқа тірелгенін байқайды. “Сүйектің үстінен түстім бе, әлде әулие адам жатыр ма екен” деп қобалжиды, анықтап қарағанда, найзаның ұшын көреді. Ол кісінің жары Гүлжанат апайымыз шапырашты руының үшбұрышты таңбасы бейнеленген бұл жәдігерді 1999 жылы қос тұлғаға арналған мемориалдық кешеннің ашылу салтанатына қатысқан Мемлекет басшысына табыс етті, – дейді Самиддин Ниятоллаұлы.
Шырақшының айтуынша, сол жылы Мәдениет ауылы Қарасай, ал Златогорка Ағынтай есімін иеленеді. Жалпыұлттық қасиетті жерлер тізіміне енгізілгелі мемориалдық кешенге туристердің қызығушылығы арта түскен. Тек былтырғы жылдың өзінде кешенді 30 мыңға жуық адам тамашалапты. Композициялық нысан әскери дулыға түріндегі 16 метрлік қос мұнарадан тұрады. Айналасы кірпіш дуалмен қоршалып, мавзолей алдындағы алаңда дұға бағыштауға және құрбан шалуға арналған жер бар екен. Граниттен салынған іргетас үстіндегі алаң бұрыштарында батырлардың жауынгерлік айбынының нышандары ретінде қола қаптамасы бар металдан жасалған найзалары орнатылыпты. Мавзолейдің ішкі төбесі керамикамен қапталған. Шеңбер ортасында екі ұлы батырдың кесенелері орналасқан. Олардың алдында конус тәрізді шағын мешіт орын тепкен, ол символды және сәулеті жағынан кесенелерді біріктіреді. Оның қабырғасында қос батырдың ерліктерінен мағлұмат беретін қысқаша деректер үш тілде жазылған. Интерьерді безендіруге керамикалық кірпіш пен гранит қолданылған.
Самиддин Ниятоллаұлының айтуынша, Қарасай батырдың егiз екi ұлы – Еркін мен Төркін де осы жерде жерленген. Күмбездің айналасында тағы бiрнеше жауынгердің зираты бар. Бұл зираттарға жиек жасалып, гранит сынықтарымен толтырылған. Әлі күнге дейін қазба жұмыстары жүргізілуде. Былтыр кезектi қазба жұмыстары кезінде бойы екі метрдей болатын ауыр семсерімен бірге жерленген тағы бір батырдың сүйегі табылыпты. Археологтар сараптама жасау үшін оны облыс орталығына алып кетіпті.
Туристер ең көп ат ізін салатын қастерлі орын болғандықтан, қосымша құрылыс жұмыстары жүргізіліп, аумағы кеңейтілген. Архитектуралық жағынан қайталанбас шеберлікпен салынған бұл мемориалдық кешеннің маңайына туристерге арналған мейманхана салынған. Тақтайдай асфальт жол төселген.
Бүгінде бірегей кешен ішкі туризмді одан әрі дамыта түсуге үлгі боларлық нысан саналады. Мәңгілік тыныстап жатса да, достық құшақтары айқасқан бабаларымыздың ерлігі мен батырлығын айдай әлемге паш етудің басқа да шаралары ойластырылған. Киелі орынға мектеп оқушылары, жас отау иелері жиі ат ізін салады. Спорттық ойындар, турнирлер, бәйгелер өткізіледі. Ауданның диқан-механизаторлары арасында “Қарасай” мен “Ағынтай” атындағы жүлделер тағайындалған.
Былтыр Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешеніне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде “Қазқайтажаңарту” компаниясы қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, нысанның шатырын толық ауыстырған. Маңайына гранит тас төсеп, екі мазардың қаптамасын жаңартқан.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.