«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОШ КЕЛДІҢ, МЕЙІРІМ АЙЫ!

Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймын.
Құдайға шүкір, қасиетті Рамазан айына да аман-сау жеттік. Жаратқан Ие баршамызға оразаны лайықты атқаруға медет бергей!

Ораза – исламның негізгі бес парызының үшіншісі. Ораза ұстаған адам таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден ғана емес, басқа да оразаны бұзатын нәрселерден аулақ болады. “Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам ораза ұстасын. Кімде-кім ауру болып, әйтпесе сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді”, – делінген Құранда (“Бақара” сүресі, 185-аят).

Ораза сабырлылық пен төзімділікке үйретеді. Ай бойы аш қалып, күндіз аузын ашпауға бекініп, әбден дағдыланған адамның бойында сабырлылық пен шыдамдылық сезімі күшейе түседі. Аштық пен құмарлық сезімге сабыр қылған өзгеге де сабыр ете алады. Бұл ғұмырда нағыз сабыр – өз нәпсісін жеңе біліп, Алла тағаланың ақ жолында жүруге бел байлау. Оразаға төзе білген өзге ғибадаттарға да шыдамдылық таныта алады. Сабырлылық күшіне ие болған жан ғана діттеген мақсатына жетеді.

Ораза – мұсылмандарға парыз. Бала мен ақыл-есі ауысқан, талған адамға немесе мас адамға парыз емес. Бұлардың санасы толық болмағандықтан, мұндай әмір оларға жүктелмейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: “Үш адамға қалам жазылмайды: балиғат жасына жетпейінше балаға, ақыл-есі түзу болғанға дейін ақылы нұқсанға, оянғанға дейін ұйқыда жатқан адамға”.

Науқас немесе жолаушыларға ораза парыз емес, бірақ ұстаса дұрыс. Ал ораза ұстамаса, басқа күндері қазасын өтеуге тиіс. Құранда олар жөнінде былай дейді: “Ораза санаулы күндерде. Кімде-кім науқастанса, яки жолаушы болса, басқа күндері өтесін” (“Бақара” сүресі, 184-аят). Кәрілік жасқа келіп, ораза ұстауға шамалары келмеген жандарға ораза парыз емес. Сонымен қатар хайыз, нифас кезіндегі әйелдер және өзі немесе баласына зиян тиюі ықтимал екіқабат әйелдер мен бала емізген әйелдерге де парыз емес. Кәрі адамдар ораза орнына садақа береді. Олар оразаның қазасын да өтемейді. Адам 90 шақырымнан астам жерге жолаушылап шықса, жолаушы саналып, ораза ұстамауына болады. Бірақ кейін ұстамаған күндерінің қазасын өтеуі қажет.

Барлық оразаға түнде немесе таң уақыты кірмей тұрып ниет еткен абзал. Рамазан оразасына ниет етерде әрбір күніне жеке-жеке ниет ету шарт. Себебі, әрқайсысы өз алдына жеке ғибадат.

Ораза ұстағандар істеуі тиіс игі амалдар: 1. Бір жұтым су болса да сәресіне тұрып, ішіп-жеу. Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқан: “Сәресіне тұрыңдар. Өйткені, сәресінің тамағында берекет бар”. Шапақ атқанға дейін сәресін кешіктіру де абзал іс. Пайғамбарымыз (с.а.у.) “Үмбетім ауыз ашарда асығып, сәресін кешіктірген уақытта әрқашан жақсылықта”, – деген. 2. Ауызды ақшам намазынан бұрын ашу. Намазда адамның көңілі ауыз ашуға ауып тұратындықтан, ауыз ашуға асығу керек. Бұған жоғарыда айтылған хадис куә. Сонымен қатар ауызды құрма немесе сумен ашу – сүннет. 3. Ауызашарда мына дұғаны оқу сүннет. Оқылуы: Аллаһуммә ләкә сумту уә бикә әәмәнту уә а’лайкә тәуәккәлту уә а’ала ризқикә әфтарту уә саумәлғади мин шәһри Рамалат нәуәйту, фәғфирлии мәә қаддамту уз мәә аххарту”. Мағынасы: “Аллаһым! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, саған тәуекел жасадым. Рамазан айының ертеңгі күніне де ауыз бекітуге ниет еттім. Сен менің еткен және келешек күнәларымды кешір”. 4. Аузы берік жандармен бірге ауыз ашу және жоқ-жітіктер мен кедейлерге қол ұшын беру де игі амалдардың бірі. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: “Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген – ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе келмейді. 5. Таң атпай жүніп, хайыз және нифастан тазалану: мұндағы мақсат – оразаны таза бастау. Бірақ аузы берік тұрып, жуынуға да болатынын ескерте кетейік. Мұндай кезде судың тамаққа кетіп қалмауын қатты қадағалау керек. 6. Аузы берік адам жақсы сөздер сөйлеп, бос сөз бен орынсыз іс-қимылдардан бойын аулақ ұстап байсалдылық танытуы қажет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: “Жалған сөйлеу мен жалған сөздермен әрекет етуді қоймаған адамның ішіп-жеуді ғана доғаруы Аллаға қажет емес”. 7. Аузы берік адам бос уақыттарын нәпіл ғибадаттармен, ғылыммен, Құран оқумен, зікір, салауат айтумен өткізуі керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Рамазанда Жебірейіл періште екеуі бір-біріне кезек-кезек Құран оқып, тыңдасатын”. 8. Рамазан айының ең соңғы он күнін түгел құлшылыққа арнауы, яғни иғтиқафқа кіру – сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Рамазанның ең соңғы он күнінде көп ғидабат жасаған.

Мына жағдайда бұзылған оразаның қазасын ғана өтейді: 1. Дәрет алып жатқанда немесе басқа себептермен тамаққа су кету. 2. Ұйқыдағы адамға су ішкізу. 3. Ауыр жұмыста жүрген кезде ауырып қалу немесе өзіне бір зиян тиюінен қорқып, оразасын бұзуы. 4. Ұмытып бір нәрсе ішіп-жеген кезде “оразам бұзылды” деген оймен ішіп-жеуді жалғастыру. 5. Түнде ниет ете алмай, күндіз ниет еткен адамның бұған көңілі толмай ішіп-жеуі. 6. “Күн батты” деп жаңылысып, аузын ашса, бірақ күннің одан кейін батқанын білсе, оразасын бұзғаны үшін тек қана қазасын өтейді. Тамақ ішіп отырған кезде таң уақыты кірсе, дереу аузындағысын шығарса, ораза бұзылмайды. 7. Түнде оразаға ниеттеніп, бірақ таңертең жолға шығып, жолда оразасын бұзатын болса. 8. Түнде ораза ұстауға ниеттенген жолаушының тұрғын болуға ниеттенгеннен кейін жеуі. Ал ешқандай себепсіз азық немесе азықтық ерекшелігі бар барлық заттарды әдейі біліп жеу, мысалы, әдейі жеу, ішу, темекі шегу кәффарат деп аталады. Оның өтеуі ретінде екі ай ораза ұстау қажет. Сонымен қатар біреуді ғайбаттағаны үшін, қан алдырғаннан кейін немесе сүйіскеннен кейін ораза бұзылды деп ойлап, әдейі жеу де кәффаратты қажет етеді. Сол секілді аузындағы жаңбыр тамшыларын әдейі жұту, аузы берік жанның зайыбымен жақындасуы соған жатады.

”Мың айдан да қайырлы” деп бағаланған Қадір түні биыл 21 маусымға тұспа-тұс келіп отыр. Мың ай – 83 жыл деген сөз. Демек, Қадір түніндегі құлшылығымыз 83 жылдық ғибадаттың сауабына тең. Періштелер жерге түсетін бұл түнгі құлшылығымыз қабыл болғай.

Құрметті мұсылман бауырлар! Алланың ризалығы үшін жасаған дұғаларыңыз, берген садақаларыңыз қабыл болсын және барлық игі істеріңізге Алла жар болсын!

Кенжетай қажы БАЙКЕМЕЛҰЛЫ,

ҚМДБ-ның өкіл имамы,

“Қызылжар” орталық мешітінің

бас имамы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp