«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЯН ДА – ҚҰТ

Мамлют ауданындағы Белое ауылының тұрғыны Дмитрий Бирюков үй қоянын өсіруді қолға алып, содан пайда көруді мақсат етіп отыр. Бүгінгі беталысы кәсіпкерліктің тетігін тапсам дегендерге үлгі боларлықтай.Ағайынды Игорь мен Дмитрий Бирюковтар 1997 жылы Торғай облысы тараған кезде Жаңадала ауданынан осында қоныс аударыпты. Ағасының қосалқы шаруашылығына көмектесіп, ауылдағы әртүрлі жұмыстарға араласқан Дмитрий жас кезіндегі машығын ұмыта қоймаған көрінеді.

– Осыдан 20 жыл бұрын, дәлірек айтсам, 10 жасар кезімде ағам Игорь үй қоянының ұрғашысын сыйға тартты. Соны торда өсіріп, оны қалай көбейтуге болатындығы, оларды өсірудің өзіндік ерекшеліктері жайында біраз тәжірибе жинақтадым. Есейе келе де сол машығым қалған жоқ. Үй қоянын өсірушілермен тығыз байланыс орнату, осы салаға байланысты кітаптарды ақтару менің ой-өрісімді кеңейте түсті. Облыс орталығында сылап, уқалап емдеуді аз-мұз кәсіп етуім де көмегін тигізді. “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ның облыстық филиалында болып, бизнесті қалай бастау керектігі жайында біраз мағлұмат алдым, – дейді Дмитрий Бирюков.

Ол ақысыз және қайтарымсыз мемлекеттік грант алудың мүмкіндігін қалай пайдалануға болатындығын да “Даму” қоры қызметкерлерінен естіп, ақыл-кеңес алған екен. Соған орай грант ұсынудың міндетті талабы бойынша “Бизнес-кеңесші” бағдарламасы бойынша курстан өтіп, бизнес-жоба жасаған, оны іске асыру шығынының 10 пайыздан кем емес мөлшерін өзі қаржыландырған.

– Мемлекеттік грант алуға 72 жоба ұсынылған екен. Солардың ішінде түйеқұс өсіру, киім тігу, су ұңғымасын бұрғылау және менің үй қояны шаруашылығы жөніндегі жобам жеңімпаз деп танылды. Сөйтіп, мен 3 млн. теңгенің қайтарымсыз мемлекеттік грантына ие болдым. Оны негізгі құралдар мен материалдар сатып алуға жұмсауға бел будым. Өйткені, гранттың мақсаты сондай, – дей келіп: – Жаңа сіздер келген бетте жол сілтеген – менің қарындасым. Германияда тұрады. Қонаққа келіп жатыр. Мемлекеттің қайтарымсыз берген грантына осындай ферма ұйымдастырғаныма алғашында таңғалды. Алманияда кәсіпкерлерге көрсетілетін ондай қолдау жоқ екен. Менің бүгінгі ісіме қуанып жүр, – дейді Дмитрий Дмитриевич.

Ең бірінші болып үйінің жанына қоян фермасын салуды қолға алған. Жергілікті материалдардан аумағы 160 шаршы метрлік ғимарат тұрғызған. Ферманың ішіндегі үш деңгейлі үйшіктерді де өзі жасапты. Өз ісін жаңада бастап жатқан кәсіпкердің қолдарының епсептігі, ой-өрісінің кеңдігі ғимарат ішін тиімді пайдаланғандығынан, үйшіктерді асқан шеберлікпен жасағандығынан-ақ көрініп тұр.

Ферма ғимараты дайын болғаннан кейін Ақмола облысындағы “Макро-Крол” шаруашылығынан 50 бас үй қоянының 4 түрлі тұқымын әкеліпті. Бүгінгі күні үш деңгейлі 34 үйшікте 300-ден астам үй қояны өсірілуде.

Ағайынды Бирюковтардың жекеменшік “Т-16” тракторы бар. Соның көмегімен үйдің жанына бүкіл қысқа жетерліктей ағаш қойнауынан шабылған құнарлы пішен маяларын үйіп қойыпты.

– Әлі үй қоянынан пайда таба қойған жоқпын. Алдағы уақытта олардың санын екі есе көбейтіп, кемінде 600-ге жеткізуді мақсат етіп отырмын. Қысқа қарай аудан және облыс орталығында өтетін жәрмеңкелерге қоян етімен қатыссам деймін. Қазірдің өзінде менің бір қояным кемінде 3-тен 5 килограмға дейін ет береді. Оларды сою мен терісін илеуді де үйреніп алғанмын. Иленген қоян терілерін Қытайға өткізу мәселесін де алдағы уақытта шешпекпін. Ағам Игорь қара мал өсірумен айналысады. Оған да қолғабыс етемін, – дейді өз ісіне шын берілген жігіт.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

 Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp