«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҒАМ БОЛЫП КҮРЕСЕМІЗ

Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру аясында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті халық арасында жоспарлы жұмыстар жүргізуде. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы тиімді қадамдардың бірі – тұрғындарды осы жұмысқа қатыстыру. Осы мақсатта “Қоғамдық бақылау картасы” жобасы іске қосылғанын айта кеткен жөн.

Бұл жоба 2018 жылдың наурызында өз жұмысын бастаған болатын. Тұрғындарды құқық бұзушылықты бірлесіп жоюға шақыру және оның кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілерге деген сенімді арттыру жобаның негізгі мақсаты саналады.

“Қоғамдық бақылау картасы” жобасы әлеуметтік желілер мен call-орталықтар арқылы жұмыс істейді. “Мысалы, ауылдық округте мемлекет бағдарламасы аясында жасалған жолдар сапасыз болса немесе газ құбыры бұзылса тікелей агенттікке хат жолдай алады. Агенттік өз кезегінде бұл шағымды жылдам қарастырады. Әлеуметтік желілерде азаматтар материалдарды қалаған формада жібере алулары үшін арнайы парақшалар ашылады”, – деп жобаға қатысты Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев өз ойын айтқан болатын. Жоба арқылы тұрғындар облыстық департаментке мемлекеттік органдардың және ұйымдардың, сонымен қатар квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметіне өтініштерін, шағымдарын, ұсыныстары мен ескертулерін, суреттерді, бейнежазбаларды жолдай алады. Аталған мәселелер бойынша департаментте тиісті түсіндірмелер беріледі, құзырлы органдарға шешім қабылдау үшін жолданып, олардың қаралуы бақылауда болады. Бұл үшін Солтүстік Қазақстан облысында 8-707-564-14-24 (8-707-987-98-33) бірегей нөмірі, сондай-ақ, әлеуметтік желілерде департаменттің аккаунттары бар.

Аталған жоба қызметін бастағаннан бері біздің департаментке сексенге жуық облыс тұрғыны жүгінді, оның 56-сы “WhatsApp” желісіне, 21-і call-орталыққа, 1 арыз “Facebook”-ке түсті. Бұл хабарламалардың басым бөлігі мемлекеттік қызметке орналасуға қатысты болды. Сондай-ақ, жолдардың жағдайы, жөндеу жұмыстарын жүргізудің сапасына қатысты арыздар да бар. Осы уақыт аралығында жоба өзінің нәтижелілігін көрсетті. Мәселен, жобаның арқасында Мағжан Жұмабаев ауданындағы Алуа ауылында қыс мезгілінде жол қатынасы мәселесі өз шешімін тапты.Тимирязев ауданында жалпы білім беретін мектеп директорының туыстарын жұмыстан шығару арқылы мүдделер қақтығысы шешілді.

Облыс орталығындағы К.Сүтішев көшесі бойындағы тротуардың жағдайы туралы тұрғындардан шағым келіп түскен болатын. Петропавл қаласы әкімдігінің берген жауабына сәйкес қыркүйек айында К.Сүтішев көшесінің бойында Мағжан Жұмабаев көшесінен Алтынсарин көшесіне дейінгі аралыққа бедерлі тас төселген. Сонымен қатар жылдың басында пайдалануға берілген Жуков көшесіндегі 26 және 42 пәтерлі үйлердің ауласындағы асфальт төсенішінің сапасына шағымдар келіп түскен болатын. Бүгіндері аталған аулаларға жаңадан асфальт төселді.

Қоғамдық бақылаудың күшеюі сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеудің бірден бір механизмі болып саналады. Жоба аясында үстіміздегі жылы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Бiлiм және ғылым министрлігі еліміздің жоғары оқу орындарына, колледждеріне білім беру гранттарын, мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу кезінде конкурстық комиссиялардың жұмысына жұртшылық өкілдерінің байқаушы ретінде қатысуына мүмкіндік жасады. Жобаны жүзеге асыру аясында атқарылып жатқан жұмыс еліміздегі сыбайлас жемқорлықпен күрес саясатын іске асыруда қоғам рөлінің зор екенін көрсетеді.

Біздің департамент облыс тұрғындарын аталған жобаның жүзеге асырылуына белсенді атсалысып, сыбайлас жемқорлық және өзге де заң бұзушылықтар туралы хабарлай отыра, азаматтық ұстанымдарын көрсетуді сұрайды. Жақын арада өңірімізде мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен халықтың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ететін “Интерактивті қоғамдық бақылау” жобасы іске қосылатын болады. Ол қоғаммен байланыстың тағы да бір тәсілі ретінде өзекті әлеуметтік мәселелерді шұғыл шешуге, азаматтарға облысымыздың мемлекеттік органдары қызметінің тиімділігін бағалауға мүмкіндік тудырады.

Нұрбану ЖҮКЕНОВА,

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp